8.07.2019, 21:23
Қараулар: 76
Саябақтағы мерекелік шара

Саябақтағы мерекелік шара

Шаһардағы  орталық  мәдени-демалыс саябақта   «Иван  Купала»  мәдени
іс-шарасы  өтті.

 

 Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Грамада» беларусь этномә-дени бірлестігі ұйымдастырған кеш көңілді ән-бимен өріліп отырды. Алдымен Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов пен аталмыш бірлестіктің төрағасы Михаил Беляев жиналған көрерменге игі лебіздерін білдірді. Олар «Иван Купала» мейрамы елдегі тұтастық пен халықтар достығын айшықтайтын мейрам деп атап өтті. Шарада өнер көрсеткен Бәйтерек ауданының Дариян ауылының «Сябры» беларусь фольклорының шығармашылық ұжымы этномәдени бірлестікпен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді.

Шамамен XV ғасырда басталған аталмыш мейрам Шығыс және Батыс славяндарының  мерекесі саналады. Бұл күнгі түн сиқырлы  қасиеттерге толы, ең қуатты түн саналған. От,
су және шөпті басты күштер деп білген. Оттан секіріп  ойнаған  адамдар осылайша  тың
күш-қуат аламыз деген сенімде болған. Қыздар дала гүлдерінен жасаған тәжді суға ағызып, тағдырына болжам жасаған және өсімдік-тердің сиқырлы күші болады деп сенген. Әсіресе, дәл осы күні қырыққұлақ (папоротник) гүлін алғаш тауып, үзіп алған адам бай және ерекше күшке ие болады деп ойлаған.

Саябақтағы мерекелік шара барысында да «Иван Купаланың» дәстүріне сай ойындар ұйымдастырылып, әннен шашу шашылды. Қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылып, шебер жандардың туындылары көрермендерді тәнті етті.

Ясипа  Рабаева,

«Орал  өңірі»