5.07.2019, 0:48
Қараулар: 566
Қалада бие байлап, саумал сауған

Қалада бие байлап, саумал сауған

Орал қаласының «Құс фабрикасы» деп аталатын саяжай серіктестігіне жолыңыз түсер болса, «Карьер» аялдамасынан аса беріп, тасжолдың жиегінде тігулі тұрған киіз үйді көресіз. Киіз үйдің алдынан таң қылаңдап атқаннан қас қарайған мезетке дейін көлік те, адам да үзілмейді.

Бұл күніне бес мәрте саумал ұсынып, оралдықтардың алғысын арқалап жүрген Ақылбек Ишановтың «Ишанов» жеке кәсіпкерлігі. Атакәсіппен ай-
налысып жүргеніне үш жылдан асқан, жары Ақмоншақ Жұмаева басты қолдаушысы болса, 6 жасар ұлы Айсұлтан әкесінің қолқанаты. Қазір қалалық саналғанымен, Ақыл-
бектің туып-өскен жері қасиетті Жаңақала өңірі. Кішкентайынан ат-құмар болып өскен Ақылбек жылқы десе, жанын беруге даяр.

– Тұңғышым Айсұлтан төрт жасқа толған жылы қаладағы үйіміздің ауласына бір тай әкеліп қойдым. Ұлыма атқа мінуді, тұлпар баптауды  үйретем деп жүріп, өзім де қы-зығып кетіп, ауылдан мініске тағы бір ат әкелдім. Ол кезде М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да оқытушымын, оған қоса облыстық ат спорты мектебінде жаттықтырушы болып жұмыс жасаймын. Қалада жылқы ұс-таудың өзіндік қиындықтары бар. Сол себепті барлық бос уақытымды жылқылардың жем-суын беруге, бойын жазып сергітуге арнайтынмын. Жылқымінез қазақпыз ғой, қаланың у-шуынан өзім де біраз сергіп қалатынмын.

Бір жылы жазда жұмыс бабымен  Тараз қаласына жолым түсті. Қа-ланың қақ ортасында үлкен киіз ті-гулі тұр. Кірсем, қымызхана екен, оған қоса саттықта сүрленген құй-рық май мен тандыр нан да бар. Осы жерге күнде келіп, қымыз іше-
тін болдым, күні бойы тоқ жүремін. Оңтүстік өңірде әр үйдің бие байлайтынын, ал саумал мен қымыз-дың күнделікті дастарқаннан үзілмейтінін көргенде қатты қызықтым. Шыны керек, біздің ауылдарда бие тұрмақ, сиырдың өзін екі мезгіл сауа бермейді ғой.

Қазақпыз деп кеудемізді соғып мақтанамыз, алайда, ата-бабамыз-
дан қалған ұлттық сусындарымызды күнде-лікті ас мәзірімізге енгізе алмай келеміз. Өзге ұлт саумал мен қымыздың дәруменге бай қасиетін әлдеқашан мойындаған, – дейді бүгінде өзі де ата дәстүрді жалғап жүрген жас кәсіпкер.

Ғалымдар жаңа сауылған бие сүтінің физикалық және химиялық құрамы жағынан ана
сүтіне өте жақын болатынын айтады. Саумалдың құрамында белок, амин қышқылы, тез еритін май, оттегі және ағзаға қажетті кальций, натрий, фосфор, калий, темір, магний, бром сияқты минералдар, С, А, В1, В2, В6, В12, Е, РР дәрумендері бар. Жалпы саумалдың құрамында 80-ге жуық биологиялық белсенді қоспа бар екендігі анық-
талған. Саумал адам ағзасына тез сіңіп, бойға қуат дарытады. Сусын, әсіресе, бауырдың беріштенуі, туберкулез, сары ауру, қатерлі ісік дертіне таптырмас ем. Түрлі асқазан жараларын, қан құрамын реттеп, қантты теңгереді. Сонымен бірге белсіздікті жойып, генді қалпына келтіруге жәрдемдеседі. Бірқатар дамыған елдерде фармацевтика мен косметологияда кеңінен қолданылады.

Бір өзі жүз ауруға ем саумалдың бір ерекшелігі сауылғанына екі сағат өткен соң сусын өзінің ерек-ше емдік қасиетін жоғалтады. Сондықтан дертіне дем іздеген жан-
дар дәмі тәтті, көпіршіп тұратын жаңа сауылған саумалды балғын әрі жылы күйінде ішеді.

– Орал қаласын айтпағанда, аудан-ауылдарда бие байлайтындар  саусақпен санарлық. Алғашында өзіміз үшін деп ауылдан бір-екі құлынды бие әкеліп, сауа баста-дық. Кейін тума-туыс пен көрші-көлемнен сұраныстар түсе бастады. Бірінен бірі естіп, саумал сұрап келушілер көбейді. Сұраныстың күн санап артып келе жатқанын көрген соң, биебау басында саумал ұсынатын кәсіп ашу туралы шешім қабылдадым, – дейді Ақылбек
Ишанов.

Жұбайының қос дипломы бола тұра, университеттегі оқытушылық қызметін тастап, кәсіпкерлікке бет бұру туралы шешімін зайыбы Ақмоншақ та қолдаған екен. Алға-шында қолда бар қаражаттың басын құрап, 20 сотық жер алады. Шағын баспана тұрғызып, жылқы қамайтын шағын аула салады. Біртіндеп бие санын көбейтеді.

Ақылбекті танитындардың бар-лығы да оның өте еңбекқор азамат екенін айтады. Нағыз жылқы мінез-ді қазақ. Көп сөзге жоқ, құр сөзден гөрі ісімен дәлелдегенді ұнатады. Биелерді өзі жүріп күнделікті таңғы алтыдан бастап, араға екі сағат салып сауады. Әр биеден шамамен 1-1,5 литр сүт алады. Саумалды ем үшін жылы күйінде ішетіндер сол уақытқа келеді.

– Ақылбек жылқыны адамды баққандай, баптап күтеді. Кеш жатып, таңғы сауынға дейін бірнеше сағат қана ұйықтайды. Жылқы ауырып  қалса, кейде тіпті бірнеше күн ұйықтамай жүруге бар. Биелер еркін жайылсын, даладан өзі қалаған шө-
бін таңдап жесін, суын құмары қан-ғанша тойып ішсін деп жайылымға шығарып бағады. Еркін жайылған биенің саумалы да ерекше дәмді әрі құнарлы болады. Бізге келген
адамдар оны бірден байқап, саумалдың тәтті екенін айтып жатады.

Дертіне шипа іздегендердің қатарында жасы да, кәрісі де бар. Алыс ауылдардан арнайы іздеп келеді. Отбасымен келіп саумал ішетіндер көп. Бізге келушілердің көбі –
онкологиялық, туберкулез, асқазан, ішек жолдарындағы ауруларына шипа іздегендер. Әсіресе, онкологиялық дертке шалдыққан-дар химия терапиядан соң әлдену үшін саумал таптырмас ем дейді. Ұзақ аурудан соң салмақ жоғалтқан, тәбеті тартпай қалған адамдар сау-мал ішкен соң ұйқысы тынышталып, тәбеті артқандығын айтады. Кей жандар саумалды иммунитетті нығайту үшін ішіп жүр.

Төрт жасар қызымыз Аяулым күніне бес рет саумал ішеді. Қыс-та етікті бір шұлықпен, куртканы жеңіл жейдемен киеді. Саумал ішпегенге дейін жылдың төрт мез-
гілінде «үп» еткен желге ауырып қалатын. Саумалдың иммунитетті көтеріп, түрлі аурулардан қорғайтынын осыдан-ақ байқауға болады, – дейді Ақмоншақ.

Аз уақыттың ішінде жаңа кәсіпке төселіп алған Ақмоншақ сатудан артылған бие сүтін арнайы күбіге жинап қымыз ашытады. Қазақтың ұлттық сусыны электр қуа-
тына қосылған киік отымен, тобылғымен ысталған күбіде баппен дайындалатындықтан, қымызды арнайы іздеп келіп ішетіндер көп.

– Бағытымыз айқын, сұраныстың бар екеніне аз уақытта көз жеткіздік. Саумал ем болып, аурудың небір асқынған түрлерінен беті бері қарап, бізге алғысын айтып
жатқан жандар көп. Дегенмен ен даланың төсінде емін-еркін шауып өскен жануарды қалада бағудың қиындығы жетіп артылады. Бұл кәсіпті дөңгелетудің түрлі жол-
дарын көріп тұрсақ та, оның бәрі ең алдымен қомақты қаражатты талап етеді. Былтыр «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жылқы сүтін өндіру және иппоте-
рапия қызметін көрсету үшін 1,9 млн. теңге инновациялық грант ұтып алдық. Алайда оған тек кә-сіпке арналған құрал-жабдықтар мен ат әбзелдерін алуға рұқсат етілді. Кәсіпті жүргізуіме қолдау танытып жүрген «Хайруллин» ШҚ иесі Нұрлыбек Хайруллин құдама ризамын.

Жылқы – өте кірпияз, бап таңдайтын киелі жануар. Күн қатты ысып кетсе де, аяқ астынан сар-шұнақ аяз қысса да, сүт бермей қалады. Әсіресе, қыс мезгілінде жыл-
қыға кең, жайлы әрі жылы қора қажет. Қазір жайылымға қатысты қиындықтар да бар. Ендігі мақса-тымыз – жылқы басын көбейтіп, кәсіпті кеңейту, тірек-қимылы бұзылған науқас балаларға иппотерапия қызметін көрсету, – деген Ақылбек Ишановтың басты арманы – сау-мал терапиясы арқылы емдейтін заманауи сауықтыру кешенін салу.

– Бабы келіссе, биелерді жыл он
екі саууға болады. Көктем және күз маусымында қатынас қиындайды. Қатқыл табанды жол салынса, жай-
ланып отырып саумал ішетін ғи-марат тұрғызылса, қызмет сапасы арта түсер еді. Дімкәс балаларға арналған иппотерапия қызметін жетілдіре түскім келеді. Балалар
ата-аналарымен бірге келіп атпен  серуендейтін, асық ойнап, қол-өнермен айналысатын отбасылық демалыс орнын салу – арманым, – дейді ұлтжанды азамат.

 

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

Аққойсын  ТҰРАЛИЕВА,

Қазталов  ауданындағы  Болашақ  ауылының  тұрғыны:

– Бауырым сыр беріп, қалаға дәрігерге қаралуға келгем. Дәрі қабылдаумен қатар, саумал ішуге кеңес берді. Ауылға барып, сұрастырсам, бие сауатындар жоқ екен.
Қалаға арнайы саумалмен емделу үшін келдім. Саумал ішкеніме бірнеше күн болды. Шүкір, жағдайым ептеп түзеліп келеді. Ұйқым тынышталып, тәбетім ашылды.

 

Ару  ҚАЙЫРЛИЕВА,

Орал   қаласының   тұрғыны:

– Бірнеше жылдан бері ұлтабар ойық жарасы, асқазан жарасы, панкреатит аурулары мазалайтын. Саумалды осында келіп, былтырдан бері үзбей ішіп жүрмін. Қазір денсаулығым еш мазаламайды, өзімді жақсы сезінемін. Сондықтан дәрігерге де қаралып жатқаным жоқ. Қаланың дәл іргесінде бие-баудың басынан саумал ұсынып отырған Ақылбек пен Ақмоншаққа алғысым шексіз. Жақында «Қымызмұрындық» байқауында қымыздары да бас жүлдеге ие болғанын естіп, қуанып жатырмыз. Істері алға баса берсін!