5.07.2019, 0:45
Қараулар: 223
Ордалық келін Олеся

Ордалық келін Олеся

Біз  Олесяны  танымас  бұрын  ол  туралы жақсы  сөзді  көп  естідік.  Бақытқаным  Сатанова есімді  анамыз  «Бір садақада  көрдім.  Қолды-аяққа  тұрмай,  құрақ  ұшып  қызмет көрсетіп  жүр.  Орыстың ішіндегі  имандысы  екен, жүзінен  нұр  төгіліп тұр»  десе,  әріптесім  де «Артық  сөзі  жоқ. Басынан  орамалы  түспейтін  әдепті  келін»  деп мақтауды  еселеп  қойды.  «Жақсыны  көрмек үшін»  деген,  Олеся  Хижняковамен  жақын танысып,  сөзге  тартып  бақтық.

 

… Әкем  Дмитрий Семейдің,  анам  Елена Ресейдің  орысы  еді.
Әкем  қазақ  тілін­де сөйледі.  Ортақ  тіл білген­нің  арқасын­да әкелі-қыздар  одағы анам  естіме­уі  тиіс талай  құпияны «қазақша­лап» айтатынбыз.

 

Айтса айтқандай, түрі бас­қа болса да, жүрегі де, ниеті де «қазағым» деп еміренетін Олесяның пейілінің шы­найылығына, көңілінің адалды­ғына, адами болмысының кемелдігіне қарап, «Барша келін осы Олесядай-ақ болсыншы» деп, еріксіз сүйсінесің. Сайқындық келін атанғанына көп болмаса да, Олесямыз ауылдың тірлігіне сіңісіп үлгерді. Бисенғалиевтер әулетінің берекесін еселеп, ырыздығын арттырсам деген орыс қызының шын пейіліне енесі һәм анасы Айтқа­ным әжеміз де дән риза екен.

Олеся шырайлы Шығыстың Ая­гөзінен, яғни Шығыс Қазақстан облысының Семей өңірінен. Тұ­лымшағы желбіреген бала кезінен қазақы ортада бой жетіпті.

– Достарымның көбі қазақ ұл­тынан болғасын, мен тілді тез үй­реніп кеттім. «Қазақ тілін меңгер, біл» деп ешкім қыстаған емес. Өзім­нің туған тілім ғой бұл да. Қай жер­-
де жүрсем де, қазақша сөйлесіп, пікір алмасқанды жақсы көремін. Алғаш мектеп табалдырығын ат­тағанымда мен екі тілді еркін мең­герген оқушы атанып, мектепіші­-
лік олимпиадалар мен конкурс­тарға жиі қатысатынмын, – деп ағынан жарыла сөйлеген оның ана тілімізге деген риясыз құрметін аңғару қиын емес.

«Жазмыштан озмыш жоқ» де­ген. Олесяға жарық өмір сыйла­ған әкесі мен анасы, қарт әжелері де бүгінде бұл фәниде жоқ. Қар­шадайынан Хижняковтар шаңы­ра­ғы­ның тізгінін ұстап қалып, бірлігін ыдыратпай, соңынан ерген қос сіңлісі – Кристина мен Анаста­-
сия­ға берік қамалдай қамқор бол­ған Олесяның бауырларына де­ген қамқорлығын ерлікке пара-пар десем, артық айтқандығым емес шығар. Айтуынша, сіңлілері де қазақ тілінде еркін сөйлейді екен.

– Әкем Дмитрий Семейдің, анам Елена Ресейдің орысы еді.
Әкем қазақ тілін­де сөйледі. Ор­тақ тіл білген­нің арқасын­да әке­лі-қыздар одағы анам естіме­уі тиіс талай құпияны «қазақша­лап» айтатынбыз. Біз қазақ­ша сөй­лей
бастасақ, «Не бүлдірдің­дер, қане, айтыңдар?!» дейтін ана­мыз, – деп кейіпкеріміз алыс қал­ған күндер­ді  сағынышпен еске алды.

Құдай қосқан көршілерінің де  орыс қыздарының қазақша сауа­тының одан әрі дамуына сеп­тігі  мол тиіпті. «Көршіле­ріміз­бен үнемі қазақша сөйле­сетінбіз. Қазақтың ұлттық мере­ке­лерін бірге той­­лап, думандататын едік. Марқұм әжем қазақ халқының қо­нақжай­-
­лығы мен қайырым­ды­лығын әр  кез өне­ге ететін. Ай­нала­да­­ғы ең егдесі менің әжем болғасын, көр­ші апайларым шелпек, бауырсақ­ты алдымен біздің үйге дәм тат­-
қы­зу­ға әкелетін. Әжем батасын бе­ретін. Қазақ көршілеріміз өзі­міздің туысқанымыз­дай болып кет­ті. Ту­ған жерімнен жырақта жүргесін, оларды ерекше сағына­-
ды екенсің, – дейді ол өткен шақтың шуақты шақтарына ойша саяхат жасап.

Олеся қазақ жігітіне ғана жар болатындығын жастайынан сезіп-білген. Бұлай мүмкін бе дерсіз? Сөзін тыңдап көріңіз: «Тағдыр бұ­йырымы дегенге сенемін. Үлкен кісілер менен «Бойжеткен соң орыс жігітіне ме, әлде қазақ жігі­тіне тұрмысқа шығасың ба?» деп қызықтап сұрайтын көрінеді. Мен сенімді түрде «Әрине, қазаққа» деп жауап береді екенмін. Мүм­кін, санама қазақы тұрмыстың кө­ріні­сі тереңірек әсер еткені ме,
әлде бұлардың қарапайымды­лы­ғы, қай­сарлығы, тазалығы баура­ды ма, әйтеуір, қазақ жігіті бақы­тым еке­нін ұғындым».

Иә, өзі ойлағандай, оның өмір­лік жолы қазақтың азаматымен тоғысты. Сайқын ауылының тумасы Еркебұланмен екеуі Павлодар қаласында кездейсоқ танысыпты.
Бірін-бірі құдды бұрыннан танып білетіндей, әңгімелері жараса ке­­тіпті. Сөйтіп, екі жастың некесі қи­ылды. Марқұм Рахметолла Бисен­ғалиев пен Айтқаным Тасқалие­ва­-
ның әулеті көптен күткен келін тү­сіріп, дүбірлі той өткізді. Қимас­-
тықпен аяулы сіңлілерін туысқан­дарына аманат етіп, Бөкей ордасына келіп жеткен орыс қызы бұл жаққа тез үйреністі. Айтқаным апамыз да келінін құшақ жая қарсы алып, «Енді менің қызымсың» деп бауырына тартыпты.

– Енем – өте жақсы адам. Ал­ғашында қысылдым, білетінім­нен білмейтінім көп еді. Әйтсе де, мамам бәрін түсінеді, үйретуден жа­лыққан емес, – дейді кішіпейіл ке­лін.

Өзге салт-дәстүр мен отбасы­лық қағидаларын ұстанған Олеся қазақы жанұяның тірлігін жатсынбай, үй шаруасын үйіріп әкетті. Таңмен таласа оянып, дастарқанын жайнатып қою ол үшін түк те емес. Енесінің үйретуімен қазақша ет пен бауырсақты пісіре бастапты. Алдағы уақытта ұлттық тағамдар­ды шебер дайындаудың жолда­рына қанықсам деген ниеті бар. Сондай-ақ «Нағыз қазақтың ке­лін­дері бастарынан орамалын тас­тамаған» деген ене тәмсілін де қолдайтынын және бұған біртіндеп төселетінін жеткізді. Әр елдің салты басқа болатынына Олеся біздің жаққа келгелі көз жеткізгендей. Мәселен, батыс аймағы­на тән Көрісу айттың кереметтігіне таң қалады әлі де. «Көрісу күні ме­рекелік дастарқан әзірленіп, адамдар бір-бірімен көрісіп, тілекте­рін айтатыны, ренжіскен жандар татуласатындығы маған өте ұнады. Сондай-ақ жаңа түскен келіндерді
туысқандары, көршілері «есік көр­сетуге» шақырады екен. Біз секілді алыс өлкеге тұрмысқа шығып, бө­тен ауылға келін боп түскен қыз­дар үшін бұл салт өте қажет. Қан­-
ша жақсы адамдармен танысып үлгердім». Осылай деп сайқындық­тардың ақжарма пейіліне разы болған орыс қызы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған осы ауылға келін болып түскеніне мақтанамын дейді. Өз тілі мен салт-дәстүрін өгейсіп жүргендер Олесядан үлгі алса, шіркін!

 

Арайлым   ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей   ордасы   ауданы