5.07.2019, 0:38
Қараулар: 1190
Айтолқынның жағдайына алаңдаулымыз

Айтолқынның жағдайына алаңдаулымыз

Қолыма қалам алар алдында Айтолқынның қайын атасына телефон шалып, жағдайын сұрадым. «Бұрынғысынша жатыр ғой, аға. Енді не боларын кім білсін?» деген Есполдың дауысынан лажсыздықты, тарығуды сездім.

Ауыр науқас та айтып келмейді ғой. Соны­сымен қатерлі. Айтол­қын да тап осындай ауыр дертке кезігемін деп ойла­ған жоқ. Еш алаңсыз еді, аңсаған армандарының бірінен соң бірі­не қол жеткізіп, бақытты күндер кешіп жүрген. Басты арманы –қалаған мамандығын игерді. Сол университетте оқып жүріп таныс­қан, өзі құлай сүйген Нұрбекпен отау құрды. Өзі ойлағандай, ауыл­ға келді, тіпті көңілі қалаған тілші­лік қызметке қол жеткізді. Ата-енесі де мінезі, жүзі сүйкімді, сә­бидей ақкөңіл Айтолқынды жан дегенде жалғыз ұлдың жары деп аялайтын. Жарының ықыласы тіптен ерек. Осының бәрін ойлаған­да, Айтолқын өзін көкте жүрген­­дей сезінетін-ді. Оның үстіне іш­-
тей аялаған арманы – құрсағы бүлк еткен сәттегі алғашқы ана­лық сезім шуағына бөлену, исіну, шаттықтан жүрегі жарыла жаздап еді-ау!

Әлжуаз жанның күн өткен са­йын жүрісі ауырлай берді. Оған қабақ шытпайтын, керісінше, қуа­на түсетін, сәбиінің келер күнін асыға күтетін.

Дерт аяқ астынан келді. Жүк­тіліктің сегіз айлығы кезінде кенет іші қатты түйіліп ауырды. Шұғыл ауруханаға жеткізілген Айтол­қын­ға облыстық ауруханада ауыр ота жасалды.

«2018 жылдың 18 қыркүйегі. Мен бұл күнді, тірі қалсам, мәңгі ұмытпаспын. Сол күні маған екі ота жасалды, алты сағат бойы ота үстелінде жаттым. Құрсағыма ал­ғаш біткен, аналық сезімге бөле­ген періштемнен айырылдым», – дейді сол сәтті есіне алған Ай­толқын.

Дәрігерлер құрсақта шетіне­ген сәбиі түгілі, Айтолқынның аман қаларына сене алмады. Өйткені дерті өте ауыр, аса қиын ота жасалды. Артерия тамырының біте­луінен ішек талшықтары жансыз­данған, науқастың өліп кетуі мүм­кін еді. Ажалмен арпалысқан об­лыстың білікті дәрігерлері Айтол­қынды аман алып қалу үшін ас ішегін түгел, тоқ ішегінің бір бөлі­гін, құрсағын алып тастады. Жан­сақтау бөлімінде 42 күн жатты. Бі­рақ оның ендігі жағдайы да оңай емес-ті. Өйткені «Ас – адамның арқауы» десек, ол ағзаға осы ішек­тер арқылы нәр береді. Ішексіз адам тірлікте қажет нәрді қалай алады? Ішкен ас ішексіз қорытыл­майды. Айтолқын өмір сүруі үшін донор тауып, ішек жалғау ке­рек еді. Мұндай ауыр отаны жа­сауға еліміздің медицинасы әлі дәрмен­-
сіз. Сондықтан облыстық денсау­лық сақтау басқармасының сұра­нымына орай бұл іске Қазақстан Республикасының Денсаулық сақ­тау министрлігі араласып, ота жа­сатуға алдымен 118 мың доллар қаржы бөлді. Сонан соң осы отаны жасауға ықылас білдірген Үндістан еліндегі емханамен шарт жасалды. Шарт бойынша ота жасау­ға және отадан кейінгі сауығу кезеңіне қаржы аударылса, емхана донор табылған бойда ота жа­сауға келісті. Қатты қапаланған Нұр­бектің отбасында үміт оты жанды. Оқу бітіріп келгеннен бергі аз уақыт ішінде біліктілігімен танылып, қызметтік лауазымы өсе бастаған Нұрбек үлбіреген аяулысы үшін өз жанын беруге де барды. Екінің бірі қол жеткізе алмайтын қызметін тастап, жары­мен бірге Үндістанға аттанды.

Шіркін, өзгенің қайғысын бө­лі­сіп, қайырымдылық жасауға келгенде қазақтан асар ұлт бар ма екен?! Айтолқынның жағдайына бірге қамыққан елі бірге қиналып, қолдан келер көмектерін жаса­ды, жолға жетер қаржы жиып бер­ді. «Ауылдастарыма, жора-жол­дастарыма шексіз ризамын. Бәрі өз ықыластарымен көмектесті. Жан жарым ауырғаннан бүгінге дейінгі тірлігіміз – сол көмектің арқасы», – дейді Нұрбек.

Иә, «Көп түкірсе – көл» деген, ауылдастары көмектесті. Оның да түгесілер күні болды. Айтолқын­­ның Үндістандағы клиниканың жан­сақтау бөлмесінде донор кезегін күтіп жатқанына да алты ай толды. Әлі қанша күтері белгісіз. Бізді алаңдатып отырған осы жайт.
Өйткені емханаға жатып, ем ал­ғаны үшін айлық төлем – 6 936 доллар. Оған Нұрбектің пәтер жалдауы мен тамағын қосыңыз. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бөлген қаржының ота жасау мен отадан кейінгі сауықтыру кезеңі­не бөлінгеннен асқаны өткен ай­да түгесіліпті. Маусым айына нау­қастың отбасы үш миллион теңге қаржы тауып, аударыпты. Атасы мен енесінің айлық табысы жүз мың теңгенің айналасы екенін ескерсек, келесі айдың төлемі қалай болмақ?

Әрине, «Тас түскен жеріне ауыр». Басына мұндай қиындық түс­пе­ген, олардың жайын жүрегімен сезінбеген адамдар қайдан біл­сін? Алты айда табылмаған донор енді қашан табылады? Күтер еді-ау, оған жағдайы жаңағыдай. Біз­дің өтінішіміз – ҚР Денсаулық сақ­тау министрлігі һәм Үкіметі «қар­жы бөлдім, болды» демей, жіберген науқасты осы республиканың бір азаматшасы екенін ескеріп, сұрау салса, жанашырлық таныт­са, Айтолқынның кезегі алға жыл­жып, дертінен сауығып, қазақ елінің қызы болғанын мақтан қы­лып оралса дейміз. Лайым, сол күнді көруді жазсын.

«Әр қазақ – менің жалғызым» демесек, ұлтымыз өркендей ме?

Өмірзақ АҚБАСОВ,
ардагер  журналист,
Жаңақала  ауданының құрметті  азаматы,
Жаңақала   ауданы