2.07.2019, 0:21
Қараулар: 195
Әлекешев көрген әлек қашан бітеді?

Әлекешев көрген әлек қашан бітеді?

Көзі қарақты оқырманда-рымыздың есінде шығар,екі жыл бұрын Жаңақала ауданынан «Орал өңірі» газеті редакциясына бас тіреп келген шаруагердің арызы бойынша (2017жылғы 3 қазандағы №118 санында) «Әлекешевті әлекке салған кім?» атты журналистік зерттеу жариялағанбыз. Одан кейін Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономи-калық соты кейіпкеріміздің, яғни талапкер Жұмакелді Әлекешевтің талап-арызы бойынша азаматтық іс қарап, оң шешім шығарғанына куә боп, «бөркімізді» аспанға атып, қуана жазғанбыз. Содан бері екі жыл зу етіп өтіпті. Шұрайлы шабындығынан айырылып, ауыл-аудандағы атқамінерлердің қа-былдауына жүз мәрте барғаны-мен, жүйке жүйесіне мың батпан салмақ түскенімен, атпал азамат-тың жері өзінің уысына ала алмай, әбден сенделген. Жақында ғана газет редакциясына соққан Жұма-келді аға «Алпыстан асқанша мұндай қорлықты көрген жоқ едім… Шенеунік дейсіз бе, сот дейсіз бе, көрмегенді көрсетті…» деп терең күрсінді.

Күрсінетін жөні бар, «қолынан келсе, қонышынан басуға» бейім пысықайлар оның заңды құжаттарын жойып, меншігіндегі жерін тартып алса… «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа жоқ» болғанымен, заң, құқық қорғау құрылымдары бар емес пе дейсіз ғой. Бірақ соның өзі заңсыздыққа түк істей алмай отырған сыңайлы-ау. Кейіпкеріміз өзі тұратын Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылдық округіне қа-
расты Жаңаорын елді мекені мен Оралдың арасындағы 400 шақырымдық жолды жылына емес, айына, аптасына неше мәрте жү-ретінін айтса, жер шарын жаяу айналып  өткендей  күй  кешесіз.

Әуелі дау-дамай неден туды, соған келелік. Жұмакелді аға 1997 жылы жеке шаруашылығын құ-
рып, отбасындағы бала-шағасымен бірге мемлекеттен пайға 600 гектар жер алады. Сол кездегі Жаңақала аудандық ауыл шаруа-шылығы басқармасының бастығы Жанболат Семенов, аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Талғат Үмбетов, Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Әдиет Хамиев тиесілі жерін машинамен жүріп, өлшеп береді. Содан бес жылдан кейін шаруагер сол жеріне қайтадан құжаттарын дайындап,  бес жылға тағы жалдайды. Жалға алумерзімі біткен соң, қайтадан құжат дайындап, сол жерді 49 жылға жалға алады. Жаңақала аудандық «Гипрозем» бөлімінің бастығы Қайрат Қыдыров мемлекеттік актіні жасауға қажетті құжатты дайындап  береді.

– Көп ұзамай өз еркімен жұмыстан кеткен Қ. Қыдыровтың орнына Нұрғали Зихановтың келуі-мен бар «пәле» басталды, – деп еске алды кейіпкеріміз. – Ол менің 600 гектар жерімдегі мал азығын дайындайтын 200 га шабындығыма жалған құжат жасап, жалған қолымды қойып, аудан әкіміне мен болып «жерімді қайтадан өлшеп, анықтама беріңіз» деп үш мәрте арыз жазады. Бұл аздай, сыртымнан жалға алған жеріме қатысты (қабылдау актісін, жердің координаттарын анықтау актісін т.б.) жасап, облыстық «Гипроземнің» мұрағатындағы («Азаматтарға арналған үкімет» ком-мерциялық емес акционерлік қоғамның БҚО бойынша филиалы – жер кадастры және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру департаментіндегі – автор.) шаруашылығымның бұрынғы құжат-тарын жоқ қылып, соның орнына салып қойған. Қайсыбір құжаттар-ға бұрынғы бастықтың атынан Қыдыров деп те қол қойыпты сабазың, – дейді әбден ашынған Ж. Әлекешев.

Сөйтіп айдың-күннің аманында Ж. Әлекешевтің шұрайлы шабындығы Оралда тұратын Оралхан Ғұбайдуллиннің иелігіне жалға беріледі. «Жеріме Ғұбайдуллин кі-ріп кетті» деп шаруа адамы Н. Зихановқа, аудан басшылығына бірнеше мәрте барады. Бірақ маң-дайы соғылып, сағы сынғаннан басқа еш әділдік таппайды. «Тыш-қақ лағы жоқ» (Жұмакелді ағаның сөзі – автор.) оралдық кәсіпкер үш жылдан бері Әлекешевтің шабындығынан шөп шауып, өзгелерге сатып, бизнес көрігін қыз-дырып жүр. Ал, бұл болса, қыруар малға шөп тауып бере алмай, басқа шаруашылықтардан сатып алумен келеді. Бір қызығы, 2010 жылы 25 сәуірде аудан әкімінің, жер қатынастар бөлімінің сол кездегі басшысы Үмбетовтың аты-
на малым өсіп жатыр, жер беріңіздер деп жазған арызы қанағат-тандырылмады. Шаруаға «Бос жер
жоқ» дегенімен, 2015 жылы Ғұбайдуллинге жер жоқ демей, шабындық жер берген. Сонда бұл қалай, оны қайдан алды, айдан алмаған шығар деген сұрақ туады санамызды  сансыратып…

– Бір Жаратқан Иеме аян, аудандық, облыстық деңгейдегі сотқа, полицияға, прокуратураға, әкімдіктерге, мемлекеттік кірістер құрылымдарына, қаржы полиция-сына, жер инспекциясына, жер кадастрлық жер учаскесін жалға беру мекемесіне («Гипрозем» ме-кемесіне) қысы-жазы мың сан рет келдім. Қаншама сот судьялары-ның алдын көрдім, кейбірінің аты-жөндерін ұмытып та қалдым. Жасырып қайтейін, мені қала мен даланың арасына сенделтіп қойды. Заң бар, әділдік бар деп ке-
лер күнге үміт артқан маған көрсеткен сол қорлықтарына кейде қаным қайнайды, – деп үнсіз қал-
ды Жұмакелді аға.

Иә, балалар қатарластарынан зәбір көрсе, үлкендерге айтып шағымданады. Ал ересектер өз
замандастарынан, тіпті құбыладай бет түзейтін құқық қорғау құ-рылымдарынан, заңдылықтардың сақталуын қадағалайтын мекемелерден, әділ үкімін айтар деген соттардан тауы шағылса, қиын болады екен. Не деп жұбатарыңызды білмейді екенсіз.

– БҚО экономикалық сотының судьясы Есенәлиев арызымды қа-былдамай, біраз әуре-сарсаңға салды. Не болса, соған қадалып алып, сенделтіп қойды. 400 шақы-рымдағы қыстағымнан апта са-йын салпылдап келемін, сарылып күтемін, қарамайды. Содан бір күні мені Жаңақала аудандық соты қарайды деп сонда жұмсады. Жаңақалада екі мәрте сот отырысы болды, үшіншісінде Оралдан қоңырау түсті де, сот отырысы жабық деп жариялады. Менің ісімді экономикалық сот қарайды деп қайтадан Оралға жұмсады. Осылай тағы да қалаға шапқылау басталды. Экономи-калық соттың судьясы Хайрулли-на төрт қайтара Орал мен аудан арасына тентіретіп, ақыр соңында істі қысқартуға жіберді. Тауым шағылды, жүйкеме күш түсті, шаршадым, – деді өткен күндерді еске  алған  кейіпкер.

 

Бірақ қайтпас қайсар Жұмакелді аға әділдік іздеп,енді БҚО сотының төр-
ағасы Бек Әметовтың атына арыз жазады. Төраға істі қайтадан қарауға экономикалық сотқа пәрмен береді. Олай болмағанда қайтер еді?!  Биылғы жылдың 18 қаңтарында Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Н. Танкиева талапкер Ж. Әлекешевтің талап-арызы бойынша азаматтық іс  қарап, оң  шешім  шығарды.

– Нұрғали Зихановтың жоғарыда айтып кеткен қылмыстық әрекеттері Жаңақала аудандық ішкі істер бөлімінің тергеу-тексеруі барысында және қолымды бірнеше құжатқа қойып жібергені об-
лыстық сараптамадан өткен кезде толықтай анықталды. Ондай құжаттарды экономикалық сотқа тапсырдым. Сонымен қатар Зи-хановтың өзі істеген қылмыстық әрекеттерін мойындап, үйіме келіп, жалынып-жалпайып кешірім сұрағаны түсірілген бейнежазба, үнтаспа да сотқа тапсырылды. Бірақ жерімді заңсыз иеленіп кеткен Оралхан Ғұбайдуллинге және оған заңсыз, жалған қол қойып, алаяқтықпен құ-жат жасап, жерімді берген Нұрғали Зихановқа қатысты сот ешбір шешім шығармады. Н. Зихановтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 185-бабының 1-бөлігін-де көрсетілген жалған құжаттар-ды дайындау қылмысының формальды белгілері бар, бірақ жалған дайындалған құжаттардың құқықтар беретін немесе міндет-терден босататын ресми құжаттар санатына жатпауына байланысты қылмыстық жауаптылыққа тарту мүмкін емес болып шықты. Сонда деймін-ау, жер иелігіне қатысты құжаттар қалайша ресми құжаттар болмайды деп аң-таң қаламын. Біздің еліміздің заңда-
рын кім жазатынын түсініп көр, – дейді Ж. Әлекешев.

Осылайша судья Н. Танкиева Әлекешевтің жері Ғұбайдуллинге заңсыз берілген, сондықтан  оған жер беру туралы шарт жарамсыз деп танығанымен, Зиханов пен Ғұбайдуллин екеуі апелляциялық сотқа шағым түсірді. Биылғы 19 сәуірде апелляциялық сот алқасы өтті. Төрағалық етуші Қайрат Адранов, алқа судьялары Дәулетқалиева, Ұстағалиевалар судья Танкиеваның шешімін өзгеріссіз қалдырып, Әлекешевтің пайдасына шешті. Соған қуанған шаруагер сот шешімдерін алып, аудан әкімі Н. Қарағойшинге барып, бұрынғы шабындығын кері қайтаруды сұрайды. Аудан әкімі өзінің орын-басары Асқар Мұқаметжановқа жер қатынастары бөлімінің басшысы Сағат Боранбаевқа, заңгер маман-
ға тапсырма береді. Бірақ олар Әлекешев ұсынған соттың шешім-дерімен танысып, «соттың шешімі нақты емес, яғни 2015 жылғы 25 маусымдағы №150 қаулының күшін жою туралы нақты шешім керек», – деп Әлекешевтің жерін қайтарудан  бас  тартады.

– Содан баяғы хикмет қайта-дан басталды. Судья Танкиеваға шешімді нақтылап шығаруды сұ-
рап, арыз жаздым. Тентіреп жүріп, Танкиевадан шешімді дұрыстатып алдым. Құдай-ау, өздері заңдылықты білмейді ме, әу бастан шешімді нақты етіп неге шығармаған? Судьялар менің ары-зымды дұрыс қарамай, тергеуге кеткен жылдарды айтпағанның өзінде бір жыл, бір ай, сегіз күн сенделтіп қойыпты. Сірә, олар мені шапқылай-шапқылай болдырып, қояр деп ойлаған шығар. Менен басқа біреу болса, соты құрысын деп қолын бір-ақ сіл-тер еді. 63-ке келген жасымда қаншама жүйкемді жұқарттым, денсаулығымды құрттым. Малым-ды өсірудің орнына екі ортаға қанша жүгірдім, қанша шығын шықты, материалдық шығын өз алдына бөлек әңгіме. Қарапайым шаруаны әуре-сарсаңға салатын судьяларға не айтуға болады? Олар қашан ешкімге жалтақтамай, қара қылды қақ жаратын шешім шығарып, қарапайым адам-дардың арыз-шағымына сергек қарайтын болады? – деп күйіп-пісті Ж. Әлекешев.

Енді алдағы уақытта ауданда-ғылар оның жерін қанша уақытта кері қайтарады? Бұл да белгісіз. Өз жерін өзі даулап жүрген шаруаның жайын кім ұғар? Мұның бір шешімі болар ма?! Расында, Әле-кешев көрген әлек қашан бітер екен?..

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,
«Орал   өңірі»

 

P.S. 

Бет  қатталып  жатқанда,  редакцияға Жұмакелді  аға келді. Көңілсіз. Арыз жазып, судья Танкиеваға қайта дұрыстатып шығарып алған сот шешімін аудан әкімдігіндегілер тағы қабылдамапты. «Жаңақала аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары  бөлімі мен О. Ғұбайдуллин арасындағы жер  учаскесін  жалға  алу  келісімшарты  жарамсыз  деп емес, аудан  әкімдігінің  жер  учаскесін  беру  жөніндегі  қаулысын  жоққа  шығарған  шешім  керек»  дейтін көрінеді. Заңгерлердің  айтуынша, жеке  тұлға  мен мемлекеттік  құрылым  арасындағы  келісімшарт  күшін жойған  соң,  мемқұрылымның  қаулысы  аутоматты түрде  күшін  жояды. Кәсіпкердің амалы таусылды. Сот төрағасы, аудан әкімдігі бұған не дер екен? 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар