2.07.2019, 0:19
Қараулар: 100
«Шаңырақты» шаттыққа бөлеген

«Шаңырақты» шаттыққа бөлеген

Қазақта «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген бұрынғыдан келе жатқан сөз бар. Талай заман өтсе де, өміршеңдігі мен өзектілігін әлі жоймай тұр. Өйткені сананы тұрмыс билеп, ар-ұждан ақшаға арбалған мына заманда жетім-жесірдің зары көбеймесе, азаяр емес. Елімізде соңғы жылдары жетімдер үйлері жаппай жабылып, жетім балаларды тәрбиелеудің отбасылық және патронаттық үлгісіне басымдық беріле бастағанымен, мәселе түбегейлі шешілген жоқ.

Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйін бүгінде 117 ересек пен 70 бала мекендеп отыр. Заң бойынша аталмыш әлеуметтік мекемеде балалар үйінен қанаттан-ған 18-23 жас аралығындағы жастар ғана тұруы тиіс. Жастары 23-тен асқан жандарға мұнда тұруға болмайды. Алайда мекеме басшылы-
ғы «барар жер, басар тауы» болма-ғандықтан, 25 жастан асқандарды да, тіпті орда бұзар отызда-ғыларды да паналатуға мәжбүр. Жалпы, 16 жыл үздіксіз қызмет етіп келе жатқан жасөспірімдер үйінен барлығы 350 адам үлкен өмірге жолдама алып, өз алдына үй болып шыққан екен.

«Шаңырақтың» шаңырағына жиылғандардың тағдыры әр қилы. Бірақ барлығына ортақ бір жайт бар.
Олардың барлығы да аты «Жасөспірімдер үйі» деп жұмсартыңқырап айтылса да, заты «жетімдер үйі» болып табылатын бір үйдің тұрғындары. Бірсыпырасы «Жас дәурен» балалар кешенінің бұрынғы тәрбиеленушілері. Жарық дүниеге әкеліп, өмір сыйлаған ата-аналары көз жұмған немесе бас тартқан бүлдіршіндер алдымен жетімдер үйін паналап, кәмелеттік жасқа толған соң осында келген. «Шаңырақта» тұрып, кейін отбасын құрып, пәтер жағалап кеткенімен, түрлі қиындыққа шыдамай, кері оралған жас отбасылар да бар. Тағдырлары талапайға түскен жандарды өзегінен теппей қайта қабылдаған мекеме басшылығы «Олар өзіміздің көз алдымызда өскен балалар ғой. Қалай далада қаң-ғытып қоймақпыз?» деп  қара шаңырақта қамқорлап отыр.

– Қоғамда балалар үйлерінің тәрбиеленушілері туралы «дайын асқа тік қасық» деген жаңсақ пікір қалыптасып қалған. «Жетімдерді үкімет қамқорлап отыр. Оларда «Не кием, не ішем, қайда тұрам?» деген мәселе туындамайды» деп ойлайды. Жетімдер тағдырдың тауқыметімен жеке-дара күреспеуі керек. «Шаңырақта» негізінен жасөспірімдер мен жас отбасылар және жалғызбасты аналар тұрғанымен, олар да мейірім мен қам-қорлыққа зәру. Біздің балалар білім алсам, адам болсам, адал ең-бекпен өз нанымды тауып жесем деп талпынады, – дейді «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінің директоры  Өмірбай Қалымбетов.

«Шаңырақта» ұзақ жыл табан аудармай қызмет атқарып келе жатқан комендант Қарлыға Жармұ-хамбетова соңғы жылдары жетімдерге қолдау танытып, көмек көрсететін жүрегі кең, жаны жомарт азаматтардың қатары артып келе жатқанына сүйсінеді.

– Бірнеше отбасыны жыл-он екі ай қамқорлығына алып отырған тұрақты демеушілеріміз бар. Қайырымдылық айлығында, «Мектепке жол» акциясы аясында, қасиетті Рамазан айы мен Құрбан айт мерекесі кезінде көмек қо-лын созатын ағайынға рақмет айтамыз. Жетімдерді желеп-жебеп жүрген жандардың барлығы бірдей қалталы азаматтар емес. Жақсылық жасау әр адамның міндеті деп санайтындықтан, басым көпшілігі есімдерін газет-теледидар арқылы жариялағысы келмейді. Мәселен, үйінде шағын наубайханасы бар оралдық келіншек біздің отбасыларға аптасына екі-үш мәрте жаңа піскен нан мен бәліштерін жіберіп тұрады. Өскен ұясын ұмытпай, қал-қадерінше қолдау жасайтын түлектерімізге ризамыз. Кейде әлеуметтік желі арқылы өзге қалада өтетін жарыстарға жолдама алған кішкентай бүлдіршіндеріміздің жол пұлын көтерісуге демеуші іздейтін кездеріміз де болады. Бірі азық-түлігін әкелсе, енді бірі дәрі-дәрмегі мен жөргегін арқалап, бөбектерімізге киім-кешек пен аяқ киімге дейін сатып алып береді. Осылайша көптеп-көлемдеп жетім-жесірлерге көмектесіп келеміз, – дейді Қарлыға Жармұхамбетова. Сондықтан да болар, қиындықта жалғыз қалдырмайтын қайырымды жанды «Шаңырақтың» үлкендері қамқор апасындай, ал кішкентай бүлдіршіндері мейірімді әжесіндей көреді.

Облыстық іскер әйелдер қауым-дастығының төрайымы, Орал қалалық мәслихатының депутаты Ләззат Рысбекова соңғы жылдары «Шаңырақтың» өз адамына айналған. Қамқорлыққа мұқтаж жандардан көмегін аямайтын ол Төлеген Нұрмұханов пен Анастасия Чужованың  үйлену тойын мейрамханада дүркіретіп өткізіп берген.

– Отбасын құру туралы шешім қабылдағанда АХАЖ бөліміне барып, некемізді тіркете саламыз деп ойладық. Өйткені, той жасау көп қаражатты талап етеді. Біздің үйленгелі жүргенімізді естіген «Шаңырақтың» басшылығы мен тәрбиешілеріміз «тосынсый» жасауды ұйғарыпты. Арада біраз уақыт өткенде, Ләзззат Тұяқбайқызы келіп, біздің үйлену тойымыздың барлық шығынын өзі көтеріп алатынын айтты. Әрине, мұндай жақ-сылықты ешкімнен күтпегендік-тен, естіген кезде қуанышымызда шек болмады.

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, алғашында қалай өтеді екен деген уайымның болғаны рас. Тойымыз тамаша өтті. Тіпті армандағанымыздан да асып түсті. Сол сәттегі Настя екеуміздің қуанышымыз қойнымызға сый-мағаны әлі күнге көз алдымда, –
дейді жас шаңырақтың отағасы. Жаңа өмірге қол ұстасып, бірге қадам басқан жас отбасының қуанышын бөлісуге үлкен отбасындай болып кеткен «Шаңырақтың» тұрғындары түгел жиналған. Жақында Төлеген мен Анастасияның Хасан есімді ұлдары дүниеге келді.

Қос қыздың ата-анасы Александр Агеев пен Айнұр Жанарыстанованың да Ләззат Рысбековаға ал-
ғыстан басқа айтары жоқ. 7 жастағы Милана мен 3 жасар Владиславаны мектепке қажетті киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырған Ләззат Тұяқбайқызы мереке-мейрамда өзі келіп, тәтті сыйлықтарымен қуантып тұрады екен.

Ал «шаңырақтық» Айвенго Сүйіншалиев пен Айнагүл Өтебәлиеваның көптен күткен кестетөгері Ақгүлімнің шілдеханасын «Арыстан» мейрамханасының иесі Қанат Талғатұлы жасап беріпті.

– Тұңғышымыз Төремұрат бес жаста, қалалық №4 мектептің даярлық тобын бітірді. Жұбайым зауытта жүк тиеуші болып жұмыс істейді. Мамандығым шаштараз, қазір бала күтімімен үйде отырған жас анамын. Кенжеміздің шілдеханасын мейрамханада тегін ұйымдастырып берген Қанат Талғатұлына, еңбегіне ақы сұрамай тойымызды басқарған Хан есімді асабаға, жүгіріп жүріп қыз-мет қылған музыкант, аспаз, даяшы қыз-жігіттерге ризашылығымды білдіремін. Теңіздің тамшыдан құралатыны сияқты, өзге адамға қуаныш сыйлау үшін көңілдің өзі жеткілікті. Жетім деп өгейсітпей, мерейімізді асырған үлкен жүректі азаматтардың  жақсылығын ұмытпаймын, – дейді Айнагүл Өтебәлиева.

Бұл «Шаңырақты» шаттыққа бөлеген жаны жайсаң жандардың сауапты істерінің бірді-екілі ғана мысалы…

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар