28.06.2019, 20:49
Қараулар: 357
Жаңа міндеттер жаңа биіктерге жетелейді

Жаңа міндеттер жаңа биіктерге жетелейді

Бейсенбі күні Орал қаласындағы Достық үйінде облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы Ғали Есқалиев этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелері өкілдерімен кездесті.

Кездесудің басты мақсаты аталмыш құрылымның алдағы уақытта атқаратын жұмыстарын пысықтап, ұсыныстар мен жоспарларды нақтылап, мәселелерді шешу жолдарын бірге анықтау екендігін  айтқан  облыс  басшысы:

– Халқымыздың татулығы, ынтымағы мен бірлігі – біздің ең басты құндылығымыз. Осы құнды-лықты көздің қарашығындай сақтау – баршамызға ортақ парыз. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы белсенділік танытып, әр салада жан-жақты жұмыс атқаруда. Алдымызда көптеген мәселе тұр, соның ішінде ең бастысы – халықтың әл-ауқатын жақсарту, өзекті сұрақтарына жауап

беру және оларды шешу жолдарын табу. Бұл жұмыста біз ассамблеяның рөлін күшейтіп, халықты толғандыратын мәселелерді шешуге атсалысуына жағдай жасауымыз қажет, – деп атап өтті. Бұдан соң Ғали Нәжімеденұлы сөз тізгінін этномәдени бірлестік жетекшілеріне, ассамблея жанындағы ақсақалдар, аналар және жастар кеңестерінің төрағаларына ұсынды.

– Биыл БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының қызметі республикада жоғары бағаланып, біздің тәжірибені еліміз бойынша кеңінен енгізу туралы шешім қабылданды. БҚО ҚХА мүшелері Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен ағайынға көмек ретінде 1,8 млн. теңге қаражат жинады. Бұған қоса қазіргі таңда киім-кешек, дәрі-дәрмек сияқты күнделікті қажетті бұйымдар жиналуда. «Бирлик» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, кәсіпкер Анвар Агаев 1 млн. теңге аударды. Құрылыс тобын жіберіп, тұрғын үйлер мен ғимараттарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына да қолғабыс етпек, – деді БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов.

«Ағайын» қазақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Мақсот Берген бақ пен құт, береке мен достық келісім мен бірлік бар жерге тұрақтайтынын айта келе, құрылғанына көп уақыт өте қоймаса да, «Ағайын» қоғамдық бірлестігінің ұлттық салт-дәстүрді жаңғыртуға, қазақы тәлім-тәрбиені насихаттауға бағытталған жұмысы мол  екендігіне  тоқталды.

– Мені толғандыратын ең басты мәселе – тіл тағдыры. Мемлекеттік тіл туралы бағдарламада 2020 жылға дейін еліміздегі мемлекеттік тілді меңгеру көрсеткішін 95 пайызға жеткізу міндеттелген. Бұл көрсеткішке қол жеткіздік деп айта алмаймын. Қазақ тілінің мерейін үстем ету үшін өңірдегі ұлтжанды азаматтар жан-тәнімен жұмыс істеуі керек. Ұлты өзге отандастарымыздың мемлекеттік тілге деген құрметі арта түскенін қалаймыз. «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданбайынша, қазақ  тілі дамымайды, – деді  тіл жанашыры.

Ассамблеяның татулық пен бірлікті нығайтудағы маңызды рөлін тілге тиек еткен «Орыс мәдени  орталығы» БҚО қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сергей Погодин шалғай аудан-ауылдарда ассамблея қызметінің насихатталуы әлі де кемшін түсіп жатқанын айтып, бұл олқылықты жою үшін арнайы жол картасы шеңберінде үгіт-насихат топтарын құру туралы бастама  көтерді.

Жиында ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Бәтес Исмағұлова, аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманәлина, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Данилбек Саратов, Журналистер клубының төрағасы Асыланбек Ғұбашев, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді мүшесі, ұйғыр этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Илияр Муталипов баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Үкімет халыққа берген уәделерін орындауы керек. Бұл – оның басты миссиясы. Тек осылай ғана ұлттың бірлігі мен елдегі тұрақтылықты нығайтуға болады» деген тапсырмасын айрықша атап өткен Ғали Нәжімеденұлы облыстық ассамблея алдында тұрған маңызды міндеттерге  тоқталып  өтті.

– Біз ассамблея мүшелері тара-пынан қоғамның дамуына және барлық салада қордаланған мәсе-лелердің алдын алуға бағытталған құнды және іскерлік ұсыныстар күтеміз. Этномәдени бірлестіктер жұртшылыққа атқарған жұмыстары жөнінде есеп беруі тиіс. Ассамблея  қызметінің әлеуметтік векторын дамыту да аса маңызды, бұл бағытта ҚХА қамқорлығымен кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсету  қажет. Біздің этномәдени бірлестіктер еліміз бен біздің этникалық топтардың тарихи отандары арасында инвестициялар мен жаңа технологияларды тартуға септігін тигізетін көпір болуы тиіс. Кәсіпкерлердің агроөнеркәсіп кешеніндегі белсенділігін сапалы жаңа деңгейге жеткізу, қауымдастыққа жас кәсіпкерлерді кеңінен тарту, олардың өкілдерін шетелдердегі іскерлік кеңестер құрамына енгізу де ең маңызды міндеттердің бірі, – деді облыс басшысы.

Сонымен қатар Ғали Есқалиев биыл облыста алғаш рет қолға алынған қайырымдылық акциялары күнтізбесі аясында 55 мың адамға қайырымдылық көмек көрсетілгенін атап өтті. Бірінші жарты-жылдықта өңірде барлығы 698 іс-шара ұйымдастырылып, 45 млн. теңгеден астам қаражат қайырымдылыққа бағытталған. Болашақта бұл жұмыстардың ауқымын кеңейту жоспарда бар. Біздің облыс республикада алғашқы болып сандық медиация порталын ашу бастамасын көтеріп, жобаны сәтті жүзеге асырғаны белгілі. Ендігі кезекте ассамблеямен бірлесіп, соттан тыс келісу орталығын ашу көзделіп отыр.

Облыс басшысы әр этномәдени бірлестік жанынан еріктілер желісін құруды, ал Достық үйін еріктілер орталығына айналдыруды ұсынды. Бұған қоса, мемлекеттік саясатты халыққа кең көлемде түсіндіру мақсатында тәжірибелі мамандардан құрылған «Жаңғыру елшілері» тобын құру қажеттігін де ерекше  атап  өтті.

Аталмыш кездесудің ашық диалог алаңына айналғанына ризашылығын білдірген БҚО ҚХА төрағасы Ғали Есқалиев облыстық ассамблея мүшелерінің қызықты идеялары мен тартымды жобала-рын қолдауға әзір екендігін жеткізді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар