28.06.2019, 20:46
Қараулар: 500
КАМЕРАНЫҢ КӨЗМЕРГЕНІ

КАМЕРАНЫҢ КӨЗМЕРГЕНІ

Кең маңдайы жарқырап, жалпақ иығына камерасын «отырғызып» алып, өңірдегі қайнаған тір-ліктің ортасында шауып жүретін Рүстем Ищановты біздің облыста танымайтындар кемде-кем. Қашан көрсең де, ақжарқын мінезінен айнымай, әріптестерімен әзіл-қал-жыңы жарасып жүретін жігіт ағасын журналистер қауымы ерекше құрметтейді. Жайық жұртшылы-ғына тәулік бойы хабар тарататын «AQJAIYQ» телеарнасында табаны күректей 32 жыл адал еңбек етіп келе жатқан Рүстем Ищанов – қазір арна телеоператорларының ішіндегі ақсақалы, талай кезеңді бастан өткерген «кәрі көкжалы».

Рүстем Сүйеуғалиұлының негізгі мамандығы – құрылыс шебері.

Орал қаласындағы құрылыс техникумын бітіріп, әскери борышын өтеуге аттанған. Әскерден оралған соң мамандығы бойынша лайықты жұмыс таба алмай, екі айдай бос жүріп қалады. Кеңес заманындағы тәртіп бойынша әскерден оралған соң үш айдың ішінде жұмысқа орналасып үлгеруің керек. Күндердің күнінде нағашысы, облыстық телерадиокомитет басшысы Наурызғали Сыдықов «Бос жатқаның жарамас, еңбекке араласқаның жөн» деп, телеарнаға жұмысқа қабылдайды. Өңірдің басты жаңалықтары мен тақырыптық хабарлардың түсірілімі өтетін телесту-дияға оператор қылып алады.

– Нағашым менің бастауыш сыныптан фотоаппаратқа әуес болып өскендігімді жақсы білетін. 4-сыныпта анам сыйлаған «Смена 8-Н» фотоаппаратымен суретке түсіре бастадым. Бөлмемнің бір бұрышын-да шағын фотостудиям болатын. Мектепте, аулада, табиғат аясында түсірген суреттерімді түнімен басып шығарып, кейін жіпке тізіп кептіріп, нағыз фотографтарша тер төгетінмін. Осы ісімнен ләззат алатынмын. Сондықтан телекамераға алғаш түсіре бастаған кезде кадр-мен жұмыс істеу, сәтті, ұтымды кадр таңдай білу жағынан аса көп қиналған жоқпын. Төрт жыл сту-диялық оператор болып жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағаннан кейін жаңалықтар бөліміне ауыстым. Василий Гришин, Александр Водолазов, ағайынды Борис-Юра Шляпиндер, Серік Дияров сынды аға әріптестерім телеоператор мамандығының жөн-жосығын үй-ретті.

Телеарнаның жұмысы қашан да қауырт қой. Соның ішінде елдегі соңғы саяси-қоғамдық өзгеріс-терді, өңірдегі мәдени-спорттық шараларды, елең еткізер жаңалық-тарды жедел әрі сапалы жеткізетін жаңалықтар бөлімінің жұмысы қарбаласқа толы. Сонысымен де қызықты, сонысымен де ерекше.

Телеоператорлық, ең алдымен, талант пен ұшқыр қиялды, оған қоса жауапкершілік пен төзімді-лікті талап етеді. Сонымен қатар командада жұмыс істей білу де аса маңызды. Өйткені сюжеттің мазмұнды, тартымды, сапалы шығуы үшін журналист, оператор, режиссердің көзқарасы ортақ, ауызбіршілігі мығым болуы керек. Мәсе-лен, журналист оқиғаны мәтін арқылы жеткізсе, телеоператор айтқысы келгенін бейнеқатар арқылы суреттейді. Әрине, әр телеоператордың таспаға түсіруінің өзін-дік табиғаты, ерекшелігі болады. Ең бастысы, телеоператордың қы-рағылығы – оқиғаның жеткізілуін дәл таба білу. Кейде бір ғана сәтті кадрмен оқиғаның мазмұнын то-лық ашуға болады. 1995 жылы республикалық телевизиялық байқауда бас режиссер Николай Бай-мұқашевтің жетекшілігімен Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай түсірген «Абайдың қара сөз-дері» атты деректі фильміміз бас жүлдені жеңіп алғанын мақтан тұтамын, – дейді кейіпкеріміз.

Телеоператор өзі ұдайы объек-тивтен тыс қалса да, оның назарына іліккен дүние тарихтан тыс қалмайды. Бейнекадр болып кө-рерменге жетеді, кейін жылдар, тіпті ғасырлар бойы сақталып, келешекке үн қатады. Болашақ ұрпақ телеоператордың көзімен тарихты таниды, сол дәуірдің тынысын сезінеді. Телеоператор болып қызмет атқарған 32 жылдың ішінде Рүстем Сүйеуғалиұлы республика, облыс, қала тарихына қатысты қаншама оқиғалардың куәгері болды десеңізші?! Куә болып қана қойған жоқ, сонымен бірге олар-дың телеарна эфирі арқылы мың-даған көрерменнің көк жәшігіне жетуіне атсалысып келеді.

Осы жылдар ішінде Рүстем Сүйеуғалиұлы камерасымен облысты бір емес, бірнеше мәрте аралап шықты десек, асыра айтқандығымыз емес. Камерасын арқалап, республиканың, көршілес Ресей елінің көптеген қаласын-да болып, тіпті тұманды Альбион еліндегі Лондон қаласына дейін сапарлап қайтқан. Оның камерасының нысанасына іліккендердің қатарында мемлекет басшылары, премьер-министрлер, үкімет мүшелері, парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, өнер-мәде-ниет жұлдыздары, әкім-қаралар және қарапайым еңбек адамдары бар.

– Жайық топырағынан түлеп ұшып, күллі қазақтың мақтаныштарына айналған Халық Қаһар-маны, ұшқыш Хиуаз Доспанова, танымал қаламгерлеріміз Жұбан Молдағалиев, Қадыр Мырза Әли, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, өзім ерекше үлгі тұтқан азамат, Ұлы Отан соғысы-ның ардагері, жазушы-журналист Бисен Жұмағалиевпен болған кездесулер мен жазылған сұхбаттар – менің өмірімдегі ең сәулелі сәттер.

Телеоператордың қызметі – тосын жағдайлар мен қызықты оқи-ғаларға толы. Қандай қиындыққа тап келсең де, дереу тығырықтан шығар жолды табуың керек. Өйтпесе болмайды. Әлі есімде. Тоқса-ныншы жылдардың басында әріптесім Мұнайдар Балмолда екеуміз ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н. Ә. Назарбаев пен РФ Үкімет төрағасы Виктор Черномырдиннен сұхбат жазуға бардық. Нұрсұлтан Әбішұлы камераның алдына келіп, сұхбат берер сәтте аяқ астынан микрофоным істен шықты. Алғашында сасып қалдым. Сосын дереу қимылдап, микрофонды камерадан ажыратып алдым да, скотч-пен қосулы тұрғандай қылып камерама жапсырып қойдым. Іштей «нар тәуекел» дедім де, «пушкаға» жаза бастадым. Нұрсұлтан Әбіш-ұлы қырағы адам ғой, лезде байқап қойды да, «Микрофоның қосулы тұр ма?» деп сұрады. Сөйтсем, Мұ-найдар әріптесім: «Ой, аға, олар солай да жаза береді» деп жауап бер-ді. Абырой болғанда күн тымық, жел жоқ болатын. Сұхбатты жазып, кейін эфирге бердік, – дейді ол.

Рүстем Ищанов Халық Қаһарманы, қазақтың батыр ұшқыш қызы, жерлесіміз Хиуаз Доспанованың өзін «алдаған» екен. Бұл жолы да әріптесі Мұнайдар Балмолда екеуі батыр анамыздың Алматы қаласындағы пәтеріне арнайы іздеп барады. Хиуаз апамыз ауызша сұхбат беруге келіскенімен, каме-раға түсуге үзілді-кесілді қарсы болады. «Мен камерамды штативке қойып, дайын отыр едім. Апай «мені түсірмеңдер» деген соң камерамды штативтен алдым да, тіземе қойдым. Журналист сұрақ қоя бастаған кезде жәймен камераны қостым да, білдірмей түсіре бастадым. Үш мың шақырымды артқа тастап, әдейі осы сұхбат үшін келіп отырмыз. Бізге де жан керек. Сөйтіп, Халық Қаһарманын іс үшін «алдап», деректі фильм түсіріп қайтқанбыз, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Шынында да, жылдар бойғы тәжірибесінің арқасында Рүстем Сүйеуғалиұлы аспайды, саспайды. Камерасымен кімді көздемесе де, алдымен жақсылап тұрып штати-він орнықтырып алады. Нысанасына іліккен кейіпкерді дәлдеп алған соң ғана барып, жанындағы журналиске «Кеттік!» деп белгі береді. Кейде сұхбат беріп тұрған адамды күрт тоқтатып, «Камерадан шығып кеттіңіз, дұрыстап тұ-рыңыз» деп тәртіпке салып алатын қаталдығы да бар. Осы көріністі сырттай бақылап тұрар болсаңыз, Рүстем ағаны тура бір сұсты режиссер деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Алайда түсірілім аяқтала салысымен, Рүстем аға өзінің әдеттегі жайдары, ақкөңіл кейпіне қайта енеді. Телеоператорлардың жас буынына ғана емес, журналистикаға енді ғана қадам басқан жас әріптес-теріне де жол сілтеп, білгенін үй-ретуден жалықпайды. Арна операторы Нұрлан Идировты ізінен ерген шәкірті санайды.

Рүстем Сүйеуғалиұлы зайыбы Клара екеуі – бір қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген бақытты ата-ана. Қызы Эльмираның мамандығы – химик-технолог, қазір отбасымен Алматы қаласында тұрады. Ұлы Темірлан – студент, болашақ тіс дәрігері.

Динара   ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар