28.06.2019, 20:44
Қараулар: 347
АРДАГЕРЛЕРДІҢ АҚ БАТАСЫ

АРДАГЕРЛЕРДІҢ АҚ БАТАСЫ

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа қызметке тағайындалғанына тура бір апта толғанда өңір ардагерлерімен кездесіп, ақсақалдардың ақ батасын алды.  Ұлы Отан соғысы мен тыл ардагерлері, облыстық ақсақалдар және аналар кеңестерінің мүшелері, еңбек ардагерлері бас қосқан жиында Ғали Нәжімеденұлы:

— Осыдан бір апта бұрын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен сенім білдіріп, Батыс Қазақстан облысының әкімі қызметіне тағайындады. «Баталы ер  арымас» демекші, осы жауапты қызметті атқару барысында маған жастардың, әріптестердің, ең бастысы, қазыналы қариялардың қол-дауы керек. Сіздер түрлі салада ұзақ жыл қажырлы, абыройлы еңбек етіп, өңірдің дамуына айрықша үлес қостыңыздар. Құрметті еңбек демалысына шықсаңыздар да, қол қусырып отырмай, өңірдің өркендеуіне, жас ұрпақты тәрбиелеуге сүбелі үлес қосып келесіздер. Сондықтан да сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз – кейінгі буынға үлгі-өнеге. Өздеріңізбен дидарласып, пікір алмасу, алдағы жоспарлы мақсаттарыммен бөлісіп, тапсырмаларыңызды тыңдау – мен үшін зор  мәртебе, — деп атап өтті.

Кездесуде белгілі өлкетанушы Жайсаң Ақбай алғашқы болып сөз алып, «Қарты бар үйдің қазынасы бар» екендігіне тоқталды. Қоғам өміріндегі ардагерлер атқарып отырған ауқымды жұмыстар жөнінде айтып, елдің бірлігі, қоғамдық тұрақтылық, ұрпақтар сабақтастығы туралы ойларын ортаға салды.

— Жасымыз егде тартса да, зейнет демалысына шыққанымызға көп уақыт өтсе де, елдің тіршілігінен еш уақытта бөлініп кеткеніміз жоқ. Әрине, тәуелсіздіктің аясында жеткен жетістігіміз көп, дейтұрғанмен, алаңдататын да жағдайлар бар. Ең алдымен, ауылдың жайы, екінші – жастардың жағдайы. Жұ-мыс жоқ болғасын ауылдағы жастар жаппай қалаға көшіп жатыр.

Ауылда тұрақтап қалу үшін жастарды жұмыспен, баспанамен қамту керек, — дей келе, ақсақал қойнауына тарих тұнған Бөкей ордасы ауданына сапалы жол жеткізу, Күнбатыс Алашорданың астанасы болған Жымпиты ауылында Сырым орталығын ашу, облыста Т. Жүргенов атындағы Қазақтың ұлттық өнер академиясының филиалын құру туралы ұсыныстары-мен бөлісті.

— Біз түрлі дәуірді бастан өткерген аға ұрпақтың өкіліміз. Соғысты да, қайта құруды да көрдік. Қазір ел аман, жұрт тыныш, тәуелсіз мемлекетте өмір сүрудеміз. Атқарылған іс көп, алда тұрған міндеттер одан да ауқымды. Біздің облыс – рес-публикадағы алдыңғы қатарлы облыстардың бірі. Енді осы екпінді бәсеңдетпей, халықпен бірлесе, пікірлесе отырып еңбек ету қажет, — деген Ұлы Отан соғысының ардагері Хамза Сафин облыс басшысының қызметіне толағай табыс тілеп, батасын берді.

— Сіздердің майдандағы  теңдессіз ерліктеріңіз бен табандылық-тарыңыз халық жадынан ешқашан өшпесі анық. Кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған соғыс және тыл ардагерлеріне көрсетілетін құрмет арта түспесе, бәсеңдемек емес. Келер жылы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын атап өтеміз. Осы атаулы мерекеге дайындықты қазірден бастауымыз керек, — деді облыс басшысы.

«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, келелі кездесуде аға ұрпақ өкілдері облыстың дамуына қатысты сали-қалы ұсыныстарымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асы-руға қатысты тың идеяларымен бөлісті.

Орынды ой-пікірлер мен салмақты сөздер айтылған кездесу соңында Ғали Нәжімеденұлы «жасым ұлғайды» демей, ағайынның арасында елдіктің сөзін айтып, мағыналы өмір сүрудің өнегесін көрсетіп жүрген ардагерлерге шақыр-туын қабыл алғаны үшін алғыс айтып, аға ұрпақ өкілдерімен жиі жүздесіп тұратынын жеткізді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Роза  КӨЖЕКОВА, еңбек  ардагері:

— Соңғы жылдары облысымыз қарқынды дамып келеді. Көптеген әлеуметтік нысан  бой көтеріп, шалғай аудандарға жолдар салынуда. Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Бұл оң өзгерістерді жұртшылық жақсы бағалап отыр.

Ғали Нәжімеденұлының облыс әкімі қызметіне бел шеше кіріспес бұрын өңірді өркендетуге маңдай терін төге еңбек еткен ел ағаларымен кездесіп, ақсақалдардан ақыл-кеңес сұрап отырғаны – құптарлық іс. Бізге бейбіт өмір сыйлаған майдангерлерімізден бастап, осы жиынға шақырту алған әр ардагердің Ақ Жайық өңірінің дамуына сіңірген еңбегі сүбелі. Әкім халыққа жақын болса, алынбайтын қамал жоқ. Ал біз өз кезегімізде өмірлік тәжірибеміз бен көрген-білгенімізді бөлісуді парызымыз деп санаймыз.

Тұяқбай  РЫСБЕКОВ,

тарих  ғылымдарының  докторы, профессор:

— Жалпы, әкімдердің қызметіне кіріспес бұрын елдегі ақсақал-дармен кездесіп, ақыл-кеңестеріне құлақ асатыны әуелден белгілі. Ғали Нәжімеденұлы да осы игі дәстүрді жалғастырды.

Облыс әкімімен болған жиында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет, денсаулық, білім салаларына және жастар тәрбиесіне қатысты мәселелер көтерілді. Қазақ – ежелден бір ауыз сөзге тоқтаған, үлкеннің алдын кеспеген халық. Осы орайда облыста қоғамдық негізде ақсақалдар кеңесін құру туралы ұсынысыммен бөлістім. Жас буынды қоғамдағы небір келеңсіз жайттардан аулақ жүруге шақырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейтін мұндай кеңестің пайдасы мол болар еді. Облыс басшысы бұл ұсынысымды құп алды. Оған қоса әр саланың жілігін шағып, майын ішкен тәжірибелі мамандарды қоғамдық кеңесші ретінде бекітіп, ақыл-кеңесіне жүгініп отыру туралы ойымен бөлісті.

«Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, облыс әкімінің билік пен халықтың байланысын нығайта түсуге және түрлі түйткілді мәселелерді шешу барысында халықтың үніне құлақ асуға деген зор ниеті қуантады.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар