28.06.2019, 20:42
Қараулар: 280
ҮШ ҚИЯННЫҢ ЖҮЙРІГІ ЖАРЫСЫП, ПАЛУАНЫ БЕЛДЕСТІ

ҮШ ҚИЯННЫҢ ЖҮЙРІГІ ЖАРЫСЫП, ПАЛУАНЫ БЕЛДЕСТІ

Қособа ауылында Батыс Қазақстан облысының бірнеше дүркін түйе палуаны,  «Сырым» күрес мектебінің негізін қалаушы Оралбек Қожагелдинді еске алуға арналған ірі мәдени-көпшілік шара өтті.

Халық таңмен Оралбектің басына барып, рухына Құран бағыштады. Күн осылай басталды. Кейін тойтөбе-де тойдың туы көтерілді. Салтанатты шара өтіп, ол жерде Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым ауданының құрмет-ті азаматы, кәсіпкер Құсайын Бақтияров және Қожагелдиндер жанұясы мен бірқатар зиялы қауым өкілдері сөз сөйледі. Мұрат Мөңкеұлы «Үш қиян» атты толғауында «Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян…» деп төкпелетіп келмеуші еді? Оралбектің асында сол үш қиянның бойынан келген жүйріктер жарысып, палуандар белдесті. Бәйгенің бас төрешісі, Батыс Қазақстан облыстық «Бәйге» федерациясының президенті, атбегі Мүтәлі Төреғалиевтің саңқ еткен дауысымен дала қызық-тары басталды.

15 шақырымдық топ бәйгеде Атыраудың атынан шапқан «Үш-торы» атты жүйрік бірінші келді. Екінші болып ақтөбелік «Арманай» келсе, үшінші дәрежелі жүлдені Әділхан Үсеновтің жүйрігі Қособаға алып қалды.

Аламан бәйгеде де атыраулық бапкерлердің мерейі үстем болды. «Нұрқаным» атты сәйгүлік 8 айналымды алқынбай, тартынбай шауып өтті. Ал екінші келген Маңғыстаудың «Маршалының» бол-дырғаны көрініп еді, мәреге таяғанда халықтың қиқуын естіп, қайтадан бойын жинап алды. 24 шақырымдық бәйгеде үшінші орынды Атыраудың Сағызынан келген «Шамшырақ» алды.

Палуанның тойындағы күрес жай күрес емес, «Қазақстан барысы» сияқты үлкен спорт аламанына айналды. Себебі Шыңғыс Шоқпытов, Дархан Темірханов, Еламан Қойшыбаев, Асхар Нұр-мұханов сияқты республикалық турнирге қатысып жүрген белгілі палуандар Оралбектің жүлдесі үшін күресті. Палуандар арасындағы белдесу өте тартысты өрбіді. Қарсыластарының барлығын айқын басымдылықпен жең-ген атыраулық Арман Қалиев «Түйе палуан» атанды.

Қазақ күресі ат үстіндегі күрес, яғни аударыспаққа ұласты. Түскі уақытта «Тұмар» мейрамханасында Оралбек Қожагелдиннің рухына арналып ас берілді.

Аламаннан келген аттың ие-сіне 500 000 теңге, күрестен жеңген палуанға 300 000 теңге сый-ақы берілді. Аударыспақтан ауып қалмай шыққан жігітке де қомақты жүлде бұйырды. Оралбектің асынан ешкім еңсесі түсіп тарқамады, әйтеуір. Осы жерде тойдың барлық қаржылық шығынын ауыл азаматтары мен демеушілер көтергенін айта кету керек. Оралбектің тек Қожагелдиндердің ұлы емес, тұтас қазақ елінің ұлы екенін содан-ақ көруге болады.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы