28.06.2019, 20:41
Қараулар: 102
«Жайықпен жаны егіз Ақұштап»

«Жайықпен жаны егіз Ақұштап»

Сырым аудандық мәдениет үйінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет ордені, «Алаш» әдеби сыйлығының және ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылары одағы Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның халықпен кездесу кеші өтті.

«Жайықпен жаны егіз Ақұштап» атты кешке белгілі қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жұлдыз»  журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев және ақынның жары, ел ағасы Ғабдрахим Жаңбырбаев қатысты.

Кеште Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы», «Жосалы», «Жеңешем», «Алғашқы көктем» сияқты әндер шырқалды.

Десек те, ақынның ел мен руханият мәселелері жөнінде болған сұхбаты, ішкі толғанысы халықтың рухани тойынуына жеткілікті болды.

– Бірінші бақыт сөз түсіну, сөз тыңдау болып тұр. Ол кімге керек? Ол жас ұрпаққа керек. Сөз түсінгенді  «адам», түсінбегенді «мақұлық» дейді, – деп бастады сөзін ақын ана халықты сөздің қадіріне ұйытып. Кейінгі әңгі-мені қазақ қоғамындағы мәселелерге ауыстырды. – Жолдан көңілсіздеу келдім. Себебі жолай бұзауын емізген сиырларды көрдім. Сонда қазір ауыл қазағы сиыр саумайды ма? Бұрындары бұзау сиырды еміп қойса, ол отбасы үшін трагедия болатын. Сиыр сауылмаса, қаймақ жоқ, май жоқ деген сөз. Сиыр сауылмаса, әйел тәрбиесі, дастарқан құты кеміді деген сөз.

Ақұштап ақынның ақын басымен «Қазақтар! Сиыр сауыңдар!» деген сөзін біз елді қазақылыққа, қазақы тұрмысқа жақын болуға үндеуі деп тү-сіндік. Себебі қазақы тәрбиенің екі тұтқасы болса, бірі – мал шаруа-шылығы, екіншісі  дастарқан емес пе еді? Әуелде Мұстафа Шоқай да Сырдағы елге «Гүл егіңдер!» деген екен. Онысы қазақты еуропа-лық мәдениетке ұмтылдыру-тұғын. Ақұштап та елдің руханиятына алаңын осындай қарапайым мысалмен жеткізді.

– Теледидар бізге не әкеліп жатыр? Неше түрлі көргенсіздікті қазір теледидар көрсететін болды. Қазір эфирде отбасы құндылығын насихаттайтын сериалдар азайды. Қазақ қоғамының мәселелерін ашық талқылайтын алаңға айналып келе жатқан бағдарламалар жабылды. Олардың орнын кеудесі мен бөксесін жалтыратқан қыздардың клиптері басты. Манағы бағдар-ламалардың орнын мүгедек тілді бозбалалардың әні басты. Айтатын себептері – рейтинг. Бұл рейтинг емес! Бұл – қазақты бұзуға арналған шабуылдық әрекеттер! – деді ақын бүгінгі ақпа-раттық саясат туралы.

«Анамын бөбегін сағынған, Ақынмын жыр болып ағылған» деп жырлайтын ақын ана қыз бала тәрбиесі, әйелдердің бүгінгі қоғамдағы бейнесі туралы айтуды да ұмытпады.

Кеш соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреға-лиев сөз сөйлеп, қамзол жауып, шарқат сыйлап, Алаштың ақынына аудан халқының атынан құр-мет көрсетті.

Б.  ШЕРІМ,

Сырым  ауданы