28.06.2019, 20:41
Қараулар: 135
Америкалықтарды қазақша сөйлеткен ару

Америкалықтарды қазақша сөйлеткен ару

Бүгінде шетелде оқитын жастарға ешкім таң қалмайды. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері жастарымыз өз білімдеріне сай түрлі бағдарламалар аясында алыс-жақын мемлекеттердің таңдаулы оқу орындарынан білім алуда. Ал сол шетелдерде қазақ тілінен сабақ берген жерлестеріміз туралы естігендеріңіз бар ма? Олай болса, мақаламыздың арқауы американдықтардың өзін қазақ тілінде емін-еркін сөйлеуге үйреткен жерлесіміз Әсем Ізмұханова туралы болмақ.

1991 жылы Жаңакүш ауылында дүниеге келген Әсем туған ауылындағы мектепте білім алып,  кейін 7-11-сыныптарды Теректі ауданындағы «Үміт» гимназиясында жалғастырады. Алматы қала-сындағы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің аударма және филология факультетіне оқуға түседі, магистратурада оқиды. Еңбек өтілін бастап-қыда аудармашылықтан бастап, екі жылдан кейін өзі білім алған университетте ағылшын тілінен оқытушы қызметіне орналасады.

Осы білім ордасында қызмет атқара жүріп, жерлесіміз үш жыл қатарынан халықаралық «William Fulbight FLTA» бағдарламасының шәкіртақы конкурсына қатысады. 300-ден астам үміткер қатысқан байқауда Әсем бірінші жылдың өзінде барлық кезеңнен сүрінбей өтеді. Тек соңғы сұхбаттасу ке-зеңінде «Оқытушылық тәжірибең аз» деген шешіммен байқаудан өте алмай қалады. Екінші жылы да дәл осы жағдай қайталанады. Үшінші жылы Қазақстан бойынша екі үміткер грант жеңімпазы атанып, соның бірі – Әсем АҚШ-тың Блунинг-тон қаласына жолдама алады.

Әсем Қайыржанқызы 50 мыңға жуық студенті бар Индиана университетінде шетелдіктерге қазақ тілінен сабақ береді. Жалпы, бұл университет өз студенттеріне таңдау ретінде 60-тан астам тіл ұсынады екен. Білім алушылар ерікті түрде қызығушылығына, зерттеу жұмыстарына байланысты қалаған тілдерін таңдайды. «Университет оқуға ұсынған тілдердің тізімін көргенде қатты таң қалдым. Себебі әлемдік тілдерден бөлек, қазақ, ұйғыр, парсы т.б. тілдерге қоса, мен мүлде естімеген Африка елдерінің шағын түрлі тайпала-рының тілдерін оқуға да болады екен», – дейді Әсем.

Он ай бойы Индиана университетінің 1-2-курс магистранттарына қазақ тілін үйреткен Әсем Қайыржанқызы бастапқы кезеңде сабақ беруде қиналғанын жасырмады. Басты себеп – шетелдіктерге қазақ тілін үйретуге арналған сапалы оқулықтың болмауы. Өзі-мен бірге Қазақстаннан апарған 5-9-сыныптардың қазақ тілі оқулықтары студенттер үшін өте қиын болса, екінші жағынан, бұл оқулықтар мектеп жасына арналғандық-тан, студенттердің жас ерекшеліктеріне сай келмеді. Себебі студенттер деп отырғанымыз – алды отыздан асқан ересек адамдар. Сон-дықтан Әсем көп уақытын тапсырмалар дайындауға жұмсаған. Ерек-шелігі – қазақстандық оқу бағдарламасында оқуға бір мәтін, жа-зуға екінші мәтін, грамматикаға үшінші мәтін берілсе, АҚШ оқу жүйесінде тыңдалым, жазылым, оқылым, айтылым бәрі бір мәтін аясында жүреді. Осы бағытта тапсырма дайындау жағы оған қиын-дық туғызғанымен, кейін бұл әдістің расында тиімді нәтиже беретініне көзі жеткенін айтады. Студенттердің Қазақстанға деген қызығушылығы жоғары болғандық-тан шығар, олар қазақ тілін тез арада меңгерген. Тіпті Қазақстан туралы жаңалықтарды қазақ тілінде ұстазынан бұрын біліп, бөлісіп отырған. Мысалы, Әсем «Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып өзгергенін Кристина Палмер деген студентімнен естідім» дейді. Тағы бір шәкірті Брэд Устбрук те өз алдына қазақ елінің күнделікті жаңалықтарымен бөлісуді дағдыға айналдырғанын айтады. Қазақ тілінің  ережесін меңгеріп, әлеуметтік желілерде қазақ тілінде ақпарат алған студенттер нәтижесінде өз ойын  жүйелеп, еркін жеткізе алатын  дәрежеге жеткен. Олар үнемі ізденісте жүріп, ұстазынан әр салаға  қатысты дүниелердің қазақ тілінде айтылуын, мағынасын сұрап отырған. Бірде студенттері қазақ жастарының жиі қолданатын слэнг сөздерін үйретуді сұрапты. «Жастар арасында жиі қолданылатын «базар жоқ», «жынды», «қуғынбай» сөздерінің мағынасын ашып түсіндірдім. Кейін олар әңгімелесу барысында осы сөздерді қолданды. Мен өзім таңғалғанда «мәссаған» одағай сөзін көп қолданады екенмін. Бірде олар осы сөздің мағынасын сұрап, кейін өздері де жиі айтатын болды», – дейді кейіпкеріміз.

– «William Fulbight FLTA» бағдарламасының басты мақсаты екі мемлекет арасындағы мәдениетті таныту болды. Қазақстанның мәдени  елшісі болғандықтан, Америкада тек мұғалім емес, шамамның келгенінше биші де, әнші де, аспазшы да атануға тырыстым. Апта сайын түрлі мәдени шара ұйымдастыруды қолға алып, Қазақстан туралы ақпарат беруді міндет санаймын. Қазақстан туралы көркем фильм, деректі фильм көрсеттім. Кино қарау барысында міндетті түрде үйден пісіріп апарған бауыр-сақпен шәй ішеміз. Келесі аптада ұлттық би билеймін. Биді олар өте жылы қабылдады, мені түрлі шараларына билеуге шақырып отырады. Негізі, олар әр нәрседен мағына іздейді, сол себепті «Қамажай» биінің әр қимылын түсіндіруіме тура келді. Қазақстан туралы тұсаукесер шарасын жасадым. Мектептегі бастауыш сынып оқушыларына барып, сәбидің тұсауын кесу дәстүрін көрсеттім. Осындай дүниелерді жасау арқылы мен өзімнің жаңа қырларымды аштым. Негізі, мен тұйық адаммын, халық алдына көп шыға бермеймін. Американдықтар үнемі жылы лебізін білдіргендіктен, өзіме деген сенімділік пайда болды. Бірде қалалық радио арнасына шақырту алып, қазақ елі туралы, дәстүрі туралы кеңінен баяндап, сұхбат соңынан Абайдың «Желсіз түнде жарық ай»  әнін орындап бергенде тыңдау-шыларға өте қатты ұнады, – дейді Әсем Қайыржанқызы.

Жерлесіміз жұмыс жасаған Блунингтон қаласында Орталық Азия студенттері ассоциациясы Наурыз мейрамын тойласа, қысқы демалыс уақытында Бостон қаласындағы қазақстандықтардың «Мирас» ассоциациясымен 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде атап өткен екен. Сол кезде 50-60 қазақ қандасты кездестірген.

«Дамыған және дамушы елдің арасында айырмашылық жер мен көктей. Әсіресе, менталитетке байланысты. Мені қатты таң қалдырғаны – үлкендердің өмірге деген көзқарасы. Олар балаларын өсірген соң, біздегідей емес, балаларымен, немерелерімен көп уақыт өткізбейді. Уақытты өздеріне жұмсайды және өздерін толықтай қоғамға арнайды. Мысалы, маған бір зейнеткер ерлі-зайыпты жұп хост ата-ана болды. Хост ата-ана дегеніміз – оларға уақытша бала боласың, олар сені жат елде тез үйренісуге жетелейді, бір сөзбен айтқанда, жалғызсыратпайтын жандар. Сол хост әкем балаларды ақысыз оқытса, хост анам түрмеден шыққан әйелдерге арналған дүкенде сатушы болып тегін жұмыс жасайды. Келесі бір ұнаған тұсы – хост ата-ананың әр сенбі сайын достарымен «Сенбілік таңғы шәйда» бас қосуы. Сол кездесуге мені де шақыратын. Бізде басқосуда әңгіме бала-шаға, кем-кетік, яғни тұрмыстық жағдай аясында өрбісе, олар оқыған кітаптарын, мақалаларын, фильмдерін талқылайды. Мен сол кездесулер арқылы өзімнің дүниетанымымның одан сайын кеңейгенін бай-қадым. Әр сенбі сайын жаңа ақпарат алып отырдым.

Америкада әріптесім екеуміз пәтер жалдап тұрдық, негізі АҚШ-та тұрғын үй өте қымбат. Шәкірт-ақымның жартысына жуығы пәтерақыға кетіп отырды. Есесіне, салыстырмалы түрде тамақ арзандау, әсіресе, жартылай дайындалған өнімдер арзан. Нағыз гурмандар болмаса, тамақтануға, ас пісіруге біз сияқты көп уақыт жұмсамайды. Мысалы, бір қиярды турап, соус тұздығымен араластырып, соны кешкі ас ретінде қолдана береді. Есесіне, уақытты өздеріне  жұмсайды», – дейді Әсем.

Әсем әлі күнге дейін өз шәкірттерімен чат арқылы қазақша хабар-ошар алысып, екі елдегі жаңалықтармен, өздерінің тындырып жатқан тірліктерімен, соңғы оқыған әдебиеттерімен бөлісуді жалғастыруда. Осындай диалог арқылы ол шәкірттерінің қазақ тілін ұмытып қалмауына ықпал етуде.

Жалпы, әңгіме барысында Әсемнің ана тілімен қоса, орыс, ағыл-шын, қытай тілдерін еркін,  француз тілін ауызекі меңгере тұра, бір тілді екінші тілге араластырмай, таза сөйлеуі сүйсіндірді. Өзінің ұяңдығымен, кітапқұмарлығымен, оқуға деген құлшынысымен көзге түскен жерлесіміздің өмірінде  осындай жарқын жүздесулер ар-қылы жаңа елді тану, жаңа достар тауып, көңіл көкжиегін кеңіте білуі қандай ғанибет деп сүйсіндік. Талдырмаш қыздың тал бойындағы өзіне деген талапшылдығын, білуге деген зор құлшынысын көріп, еліміздің әр жасы осындай болсашы деп тіледік.

Америкадағы оқуын тәмамдап, туған жеріне келген ару Алматыдағы өзі білім алған университеттегі қызметіне жуырда аттан-бақ.

Анар    АМАНКЕЛДІҚЫЗЫ,

Шыңғырлау   ауданы