28.06.2019, 20:37
Қараулар: 239
Батысқазақстандықтар бірінші!

Батысқазақстандықтар бірінші!

Маусымның 17-22-сі аралығында Қарағанды облысының Спасск қаласында өткен «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысқан өңіріміздің жастары олжалы оралды.

Оларды теміржол бекетінен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыстық білім басқармасының өкілдері және ата-аналары қарсы алды.

– Облысымыздың намысын қорғаған «Жігер» әскери-патриоттық клубының құрамында 442 қыз-жігіт бар. Олардың ішінен іріктеп, жарысқа 15 ұл-қызды алып бардық. Олар өздеріне артылған сенімді ақтай алды. Арқан тартудан, әскерилендірілген эстафетадан, ұлттық спорт түрі – асық атудан, газқағарды және плащ түріндегі әскери қорғаныс жиынтығын киюден бірінші орын алдық. Қалған жарыстарда да жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өткен жылы дәл осы додада екінші орын алған едік. Биылғы жарысқа 17 команда қатысты. Солардан оқ бойы озық шығып, Батыс Қазақстан облысының командасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды, – дейді облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары, подполковник Эльдар Шынғалиев.

Жеңімпаздарды қарсы алу барысында БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменттің басшысы Марат Есенов жерлестерімізді жеңіспен оралуларымен құттықтап, кубок пен велосипедтер табыстады, команда жетекшілерін алғысхаттармен марапаттады.

– Мен әскери кростан сынға түсіп, екінші орын алдым. Жарыс өте тартысты өтті. Әр өңірден келген қатысушылар жақсы дайындалған. Облысымыздың намысын бермес үшін бар күш-жігерімді салдым, – дейді «Жігер» әскери-патриоттық клубының мүшесі Асылхан Аманкелді.

Есенжол  ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар