28.06.2019, 20:36
Қараулар: 99
Қойдың жүнін кәдеге жаратсақ…

Қойдың жүнін кәдеге жаратсақ…

Бала кезімізде әжелердің киіз басып, көрпе-жастық тігіп немесе киім тоқып отырған кезін жиі көретінбіз. Ежелден келе жатқан бұл кәсіпті бүгінде игеріп жүргендер жоқтың қасы. Бірлі-жарым ісмерлікпен айналысатын кәсіпкерлердің қой жүнін кәдеге жаратып, көрпе-жастық тігетіндерін көргенде қуанатынымыз рас.

Қазіргі малдың жүні мен терісі қалай кәдеге жаратылуда? Осы орайда Бәйтерек ауданының кәсіпкерлік саласын бір шолып өтуге тура келді.

“Бәйтерек ауданында 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін 2772 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 361-і – заңды тұлға, 1614-і – жеке кәсіпкер және 797-сі – шаруа қожалығы. Олардың ішінде 15 пайызға жуық кәсіпкер тігіншілікпен айналысады.

Ал бүгінде қой жүнін не мал терісін қабылдап, кәдеге жаратамын деп кәсіп ашқан немесе ашамын деген ниет танытқан ешкім жоқ. Аудандағы мал баққан ағайын жүн мен теріні қалаға апарып сатады”, – дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жақсылық Мұхамбетжанов.

Жақсылық Биғазыұлының айтуынша, мал жүнін кәдеге жарататын орын ашу көп қаражатты қажет етеді. Бәлкім, сол үшін де адамдар ниет танытпайтын болар.

Бізді толғандыратыны – жамылғы-жастығымыздың синтепонға, ал аяқ астындағы төсеніштің киіз емес, ковролинге айналғандығы.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, ауданда 40915 ірі қара, 55 830 қой мен ешкі бар. Жалпы, қой шаруа-шылығымен айналысатын екі-үш шаруашылық болса, солардың бірі – «Хайруллин» шаруа қожалығы.

— Иелігімде 110 ірі қара мен 600-дей ұсақ мал бар. Осы ұсақ малдың жүнін өткен жылдан бастап аудандағы ісмерлікпен айналысатын жеке кәсіпкерлер келісін 40 теңгеден сатып ала бастады. Оның өзінде көп мөлшерде емес, өздеріне қажетінше алады. Ал қалған жүнді кейде өзіміз кәдеге жаратамыз, қалғанын тастауға мәжбүр боламыз. Теріні қалаға апарып, бағасын 500 теңгеге өткіземіз. Бұрын мал терісінің бағасы тым тәуір көңіл көншітерлік еді. Бүгінде оның да бағасы түсіп кеткен. Қой малын жылына екі мәрте қырқамыз. Бір қойды қырқу үшін 300 теңгеге, ал қозыны қырықтыру үшін 200 теңгеге адам жалдаймыз. Қазіргі таңда бұл баға 500 теңгеге көтерілуде, – дейді шаруа қожалығының  жетекшісі Нұрлыбек Хайруллин.

Нұрлыбек Қажымұратұлының айтуынша, көбіне ақ қойдың жүні сұранысқа ие. Бұл шаруа қожалығы ірі қара терісін өздері де кәдеге жарататын көрінеді. Мәселен, теріні илеп, одан қайыс жасау технологиясын көз көргендерден естіп, бүгінде сол әдіспен қайыс жасайды екен. Өздеріне қажетті ат әбзелдерін осы қайыстан қажетінше жасап алады.

Бір кездері өнімін облыс тұрғындарына, қала берді, көршілес аймақтарға таратқан «Аяз» ЖШС-ның өнімдеріне бүгінде сұраныс едәуір азайған. Бұл туралы аталмыш серіктестік басшысының орынбасары Нарегей Жанғазиев айтып берген болатын.

— Қой жүнін қабылдау көктемнен басталып, күз маусымы аяқталғанға дейін жалғасады. Қажет болған кезде хабарландыру береміз. Бұрын жылына 300 тоннаға дейін жүн қабылдасақ, бүгінде ол көрсеткіштен төмендедік. Қажетіне қарай жылына 50 немесе 100 тоннаға дейін қабылдаймыз. Оған бірден-бір себеп тапсырыстың төмендеуінде болып отыр. Біздің «Аяз» ЖШС-ға көбіне Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Жаңақала және Қаратөбе аудандарынан жеке адамдар мен шаруа қожалықтары жүн тапсырады. Оның келісін 45-50 теңгеден қабылдаймыз, – дейді ол.

Нарегей Сырымұлының мәліметінше, аталған серіктестік бүгінде киіз бен байпақ басатын көрінеді. Киізді өрт сөндіруге және құбырларды жауып, жылы ұстау үшін тапсырыс береді екен. Ал байпаққа сұраныс едәуір төмендеген.

— Переметный ауылындағы тәрбие жұмысы орталығында оқушыларға жүннен жасалатын бұйымдарды үйретіп, оның технологиясын көрсетеміз. Ал ол үшін біз қажетті жүнді жеке адамдардан көбінесе тегін, кей кездері сатып аламыз. Жекелеген адамдар балаларды игілікті іске баулып жүргенімізді естіген соң бізге тегін берсе, кейбір адамдардан бағасын 100 теңгеден сатып аламыз, – дейді аудандық тәрбие жұмысы орталығының қосымша білім беру педагогтері Жанерке Алипова мен Анаргүл Бабатаева.

Жанерке Мұсақызы балаларды ұлттық өнерге баулумен қатар бүгінде өзінің «Алипова» жеке кәсіпкерлігін ашқан. Өзінің айтуынша, бұл кәсіпті балалар демалысқа кеткен уақытта ғана қолға алатын көрінеді.

— Мен көрпе-жастық пен тоқыма бұйымдарын жасаймын. Оған қажетті қой жүнін тапсырыс беруші адамның өзі әкеледі. Оны тазартып, ою-өрнекпен безендірудің өзі біршама уақыт алады. Мәселен, бір көрпеге қажетті матаны 2000 теңгеден сатып аламын, кейін дайын көрпені 15 000 теңгеге сатамын, — дейді кәсіпкер.

Ғаламтордан байқағанымыздай, өзге елдерді қайдам, тоқыма өндірісін дамытуда түрік ағайындар көш бастайды. Олар аталмыш өндірістен мемлекет қазынасын миллиардтаған қаражатқа толтыратын көрінеді. Жалпы, қазақта «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деп бекер айтпаса керек-ті.

Нұрлыбек  МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Бәйтерек  ауданы