28.06.2019, 20:35
Қараулар: 88
«Бірнеше ауылды жерұйыққа айналдырған Жезбұғадан айырылып қалмайық»

«Бірнеше ауылды жерұйыққа айналдырған Жезбұғадан айырылып қалмайық»

Туған  жердің  тағдыры

Облыс  әкімі  Ғали Нәжімеденұлы  Есқалиевтің  назарына!

Ақұштап  БАҚТЫГЕРЕЕВА,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының және «Алаш» халықаралық сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері:

Өткен мамыр айының 24-і күні «Орал өңірі» газетінде жарияланған жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Сұлу-дың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!» атты мақаласын оқып шықтым. Бұл қаламдас інімнің әлемнің көптеген елінде ең көкейкесті мәселеге айналып отырған тұщы су тақырыбына тұңғыш қалам тартуы емес. Осыдан 13 жыл бұрын «Орал өңірі» газетінде басылған Бауыржанның «Ендігі су шудан шықпасын…» деген публицистикасы да осы тақырып. («О. ө.», №75, 13. 06. 2006). Бертін келе ол жазғаны автордың «Жаныма жақын жағалау» атты публицистикалық жинағына да енді. Айтайын дегенім, Ғұбайдуллиннің осы мақаласында тұщы суға қатысты жүрек шошытар небір дерек-дәйек бар. Енді соның кейбірін оқып, ой елегінен өткізіп көріңіз:

«…БҰҰ-ның Азық-түлік комитетінің мәліметіне қарағанда, 2030 жылға таман тұщы суға деген әлемдік сұраныс қазіргіден 60 пайызға артатын көрінеді. Сөйте тұра, техногендік процестердің салдарынан табиғи су көздерінің үздіксіз ластануы, орманның оталуы сықылды факторлар, жалпы, адам баласының қоршаған ортаға деген салдыр-салақ көзқарасы ішуге жарамды су қорын жыл санап кеміте түсуде. Демек, қазекем айтқан «Судың да сұрауы бардың» көкесі әлі алда. Кейбір деректерге қарағанда, қазірдің өзінде 2,3 миллиард адам ішер судан тарығып отырған көрінеді. Тіпті осы мақаланы жазуға дайындық барысында біз жер бетінде жыл сайын үш миллионға жуық адам шөлден өледі деген мағлұматты да кезіктірдік. Су тапшылығының зардабын, әсіресе, Кувейт, Біріккен араб әмірлігі мен Египет қатты сезініп отыр. Басқа амалы қалмаған Араб әмірлігі мұзтауларды (айсбергтерді) жағаға сүйреп әкеліп, ерітіп ішуге көшкен. Күндердің күнінде мұзтаулардың да түбі көрінері анық, оның үстіне, мемлекет біткеннің бәрінің бірдей шекарасы теңізбен шектеспейді ғой. Әрине, теңіздің ащы суын тұщытатын тәсіл бар. Бірақ бұл технология өте қымбат, сол себепті тек аса мұқтаж жағдайда ғана іске қосылатын көрінеді. Керек десеңіз, суға қатысты зәрулік дамыған елдерге де тән. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының таратқан ақпарына қарағанда, Еуропа халқының 15 пайызы ішуге жарамды су көзі мүлдем жоқ аймақтарда тұрады екен. Ғалымдар климаттың жылуы әсерінен Арктика мен Антарктидаға қоса, тау шыңдарындағы мұз атаулының еруі ақыр соңында Оңтүстік Азия мен Латын Америкасындағы біраз мемлекетті тұщы су жөнінен тығырыққа тіреп тынады деседі. Әйтеуір, сарапшылар енді елу жылдан соң ауыз судың тапшылығы бүкіләлемдік сипатқа ие болатындығын айтып, қара бұлтты төндіруде. Тіпті PoIaris Тони зерттеу орталығының директоры Кларк «Жыл сайын айқын сезіле бастайтын тұщы су тапшылығы – адамзат өміріне төнген елеулі қатер» деген пікірде. Ал Калифорния университетінің (АҚШ) саясаттанушылары ХХІ ғасырда дүниежүзілік соғыс бола қалса (оның бетін әрі қылсын, әрине), әсте мұнай-газ үшін емес, тұщы судың табиғи көзін мол қарпып қалу үшін болуы әбден ықтимал деген болжамды батыл алға тартып отыр. Бұл – негізсіз әңгіме емес. Қарулы қақтығысқа мемлекетаралық, яғни транзиттік өзендер түрткі болуы әбден кәдік. Ондай өзендердің қатарына Еуропада Дунайды, Кіндік Азияда Әмударияны жатқызуға болады. Қазірдің өзінде Қырғыз Республикасы өз аумағындағы ГЭС-тің өндірістік мүддесі үшін өзен суын бөгеп, көрші елдердің наразылығына ұшырап отырғаны белгілі. Әскери стратегтер алдағы он шақты жылда Әмударияның бойындағы гидротехникалық қондырғылар ракеталық соққыға немесе бомбалауға ұшырауы мүмкін деген пікір айтып жүр. Ал бастауын ханзу елінен алып, балығын қазаққа әкеліп беретін Ертіс пен Іленің тағдыры әуелі Құдайдың, сосын Қытайдың қолында. Өйткені қысық көз көршіміз соңғы кездері жасанды су қоймаларын салумен тым әуестеніп кетті…  (Б. Ғұбайдуллин, «Жаныма жақын жағалау», 79-85-беттер).

Міне, осыдан 13 жыл бұрын осылай деп жанұшыра дабыл қаққан қаламгер енді өзінің туған ауылы Қызылжардың іргесіндегі Жезбұға көлін құтқарайық деп шырылдайды. Автор тек мәселе көтеріп қана қоймай, білікті мамандарға жолығып, күрмеуі көп күрделі шаруаның шешімін ұсынуды да ескерген.

Жезбұға – өзім жағасында өмір есігін ашқан Ақ Жайықтың есте жоқ ескі замандағы бұрынғы арнасы, яғни Жайықтың «кәрі апасы». Өзім өмір бойы өлең-жырыма арқау етіп келе жатқан Жайықтың жағдайы да мәз емес. Сарқылып қала ма деп қорқамын. Жылма-жыл ұлтымыздың ұлы өзенінің тағдыры үкіметаралық, мемлекетаралық деңгейде талқыланғанымен, әлі күнге дейін ауыз толтырып айтатындай тиянақты іс тынған жоқ. Депутаттар да, басшылар да ештеңе бітірген жоқ. Соған қарамастан, автор сүйгеніне қосыла алмай зар илеп, суға батқан Жезбұға сұлудың көз жасындай көлді құтқарудың нақты жолын ұсынған. Жалпы, облыс аумағындағы көл атаулының бәрі көзіміздің қарашығындай қорғауға зәру. Осы тұрғыдан келгенде экология саласындағы басшылардың мықтап ойланып, нақты әрекетке көшер кезі жетті-ау, осы. Ендеше, жағасындағы бірнеше ауылды табиғатының әдемілігімен, тұрмыс-тіршілікке қолайлы, шаруаға жайлылығымен жерұйыққа айналдырған Жезбұғадан айырылып қалмайық, ағайын! Жазушының жанайқайына атқамінер азаматтар уақтылы құлақ асып, нақты шара алып, тиянақты шаруа тындырар деп үміттенемін.

Темір  ҚҰСАЙЫН, 

Қазақстан  Журналистер  одағы  сыйлығының  иегері:

Танымал жазушы-журналист Бауыржан Ғұбайдулиннің «Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!» атты әлеуметтік-проблемалық мақаласында еліміздің Су ресурстары комитеті көңіл аударатындай өзекті мәселелер өте мол. Мұнда автор ежелгі Жезбұға көлінің қазіргі мүшкіл жайкүйін әлеуметтік-тұрмыстық мәселелермен және экологиялық тепе-теңдіктің бұзылу көріністерімен тығыз бірлікте қарастырады. Әрі қазіргі күні құрып кету қаупі төнген көлді арашалап қалу жөнінде шұғыл шара белгіленбесе, оның соңы зардабы ауыр экологиялық-әлеуметтік проблемаларға әкеліп соқтыратыны жөнінде терең талдаулар жасайды.

Қандай мәселеге де нақты дәйек және бұлтартпас дерек қажет. Бұл орайда әріптесіміздің Жезбұғаны құтқару мен сақтап қалудың өзектілігі мен көкейкестілігін бірнеше тарап бойынша тайға таңба басқандай атап көрсетуі де проблемалық мақаланың құндылығын одан әрі көтеріп тұр. Тек осыған жергілікті және жоғары өкілетті құрылымдар және ел-жұрт құлақ асар болса, Жезбұғаны сақтап қалудың мүмкіндігі табылады деген ойдамыз. Бұлайша тұжырым жасауымыздың басты себебі, материал авторы атап көрсеткендей, Жезбұғаның арнасын қалпына келтіру үшін небәрі 1,5-2 миллион текше метр су керек екен. Мұның өзі салыстырмалы түрде алғанда табиғи су көздері мол Ақ Жайық атырабы үшін үлкен ресурс болып есептелмесе керек. Тек осыған шынайы жанашырлық және қажетті қолдау мен қамқорлық керек екені мәлім.

Мақаланың тағы бір құндылығы – мұнда сұлудың көз жасындай Жезбұға көлінің мысалында өңірде және тұтастай елімізде ирригациялық жүйелер мен гидроинженерлік нысандарды жаңғыртудың толғағы жеткен мәселелері көтерілген. Қысқасы, жазушы-журналист осы Жезбұға көлінің маңайында қалыптасқан проблемалық мәселелерді көтере отырып, жалқыдан жалпыға ойысады. Сондай-ақ флора мен фаунаны, яғни өсімдік пен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі терең авторлық пайымдаулар да тақырып жүгін одан әрі көтере түседі.

Бүгінгі ұрпақ ежелгі жер-су аттарының шығу тарихына жеткілікті көңіл аудара бермейтіні де белгілі. Бұл ретте автордың Жезбұғаның атауына байланысты ел аузында жүрген жайттарды қазіргі қалыптасқан ахуалмен әрі бүгінгі нақты деректермен байланыстыра баяндауы да өте ұтымды шыққанын айтуға тиіспіз.

Бір сөзбен айтқанда, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінің осы жылғы 24 мамыр күнгі санында жарияланған проблемалық мақала бүгінгі қазақ баспасөзінде экологиялық тақырыпқа жазылған озық туындының бірі деп білеміз. Егер осы толғақты дүниеде көтерілген мәселелер аяқсыз қалмаса, автордың мұрат-мақсаты орындалғаны деуге болады.

Қанзия   НЕТӘЛИЕВА,

№45 мектептің мұғалімі,  Орал қаласы:

– Біраз  жылдан  бергі  мекен-тұрағым қала болғанымен, балдәурен балалық шағы Жезбұғадай керемет көлдің жағасындағы Қызылжар ауылында өткен жандардың бірімін. Сондықтан да аталмыш көлдің тағдырына бей-жай қарай алмасым кім-кімге де түсінікті болса керек. «Сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқарайық!» деген мақаланы оқи отырып, біздің Жезбұғаның адамдардан мейірім күткен қазіргі аянышты жағдайы көзіме елестеп және көлдің балығы тайдай тулаған, бақасы қойдай шулаған, жағасында бұлбұл-сандуғашы сайраған базарлы кезі жадымда жаңғырып, жан-дүнием алай-түлей болды. Осы көлді жағалай қонған қарайған ауылдың мал-жаны қарап отырған Жезбұғаның жағдайын енді онан әрмен ушықтырудың еш жөні жоқ. Билік тізгінін ұстаған азаматтар дереу іске кірісіп, халықтың алғысына кенелсе керек-ті…

Алдаберген  СӘРСЕКОВ,

М. Әуезов атындағы мектептің мұғалімі, Ақжайық ауданы,  Чапаев ауылы:

– Құтқаруға мүмкіндік бола тұра, егер еш қарекет жасамай, Жезбұғаның аңқасы кепкен арнасын сипап қалсақ, демек, бұл биліктің тарапынан халыққа да, табиғатқа да

жасалған қиянат болары анық. Ойланып-толғанып, ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ! Сол себепті шынында да, сұлудың көз жасындай Жезбұғаны құтқаруға ел ағалары шұғыл кірісуі шарт. Әйтпесе, кеш, тым кеш болады…