28.06.2019, 20:33
Қараулар: 247
«Арыспен біргеміз!»

«Арыспен біргеміз!»

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдай салдарын жою барысы тағы бір мәрте елдің бірлігі мен ынтымағын дәлелдеп берді. Әрине, апат айтып келмейді. Бұл – ортақ қайғы. Халықтың бірлігі осындай қиыншылықта сыналады. Қазір ел болып Арыс тұрғындарына қолұшын созуда.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев 24 маусым күні облыстық азаматтық қорғау қызметі, өзге де басқарма, департамент, ұйым басшыларын жинап, шұғыл жиын өткізді.

Төтенше жағдайлар департаменті базасында арнайы облыстық штаб құрылып, тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылды. Бұған дейін ұйымдастырылған «қауырт желі» жұмысын жалғастыруда.

БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға штабтың телефон нөмірі жеткізілді.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес азаматтық қорғау қызметтері шұғыл практикалық шараларға кірісті. Гуманитарлық көмек жинауға еріктілер құрамынан үш пункт құрылып, мекенжайы көрсетіліп, әлеуметтік желілер арқылы таратылды.

Облыс тұрғындары, ірі және шағын кәсіпорындар, кәсіпкерлер атсалысып, қажетті азық-түлік, бірінші кезекте тұрмысқа қажетті заттар, киім-кешектер жинақталды. Бір жүк көлікке құрылыс материалдары және екі үлкен жүк көлікке 6 тонна ұн, 2,5 тонна күнбағыс майы, макарон өнімдері, 400 л сұйық сабын, 1,6 т консерв өнімдері, тұрмыстық химия тауарлары, ет, шұжық өнімдері, бір жастан он бес жасқа дейінгі балалардың киім-кешегі және т.б. тауарлар тиеліп, гуманитарлық көмек ретінде 25 маусымда аттанып кетті.

Әкімдіктің әлеуметтік желілердегі парақшалары мен облыстық штабқа тұрғындар өздерінің көмектерін бергісі келетіндігін жазып, байланыс нөмірлерін қалдыруда.

«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, біз, Ақжайық өңірі әрдайым «Арыспен біргеміз!».

Марс   ОТАРОВ,

БҚО   ТЖД   зілзалалардың қауіп-қатерін  азайту  және  азаматтық  қорғау саласындағы  бақылау  басқармасы бастығының  орынбасары,

азаматтық  қорғау  майоры

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар