25.06.2019, 15:14
Қараулар: 367
Елді мекендерде радар қолданылмайды

Елді мекендерде радар қолданылмайды

Патрульдік полиция қызметкерлері елді мекендерде көлік жылдамдығын өлшейтін радарды қолданбайтын болды.

Бұл жайында облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаев толығырақ әңгімелеп берді.

– Биылғы жылдың бірінші маусымында Ішкі істер министрлігінен елді мекендердегі патрульдік полиция қызметкерлерінің қызметтік көліктерінен жылдамдық өлшегіш радарларды алып тастау туралы нұсқау түсті. Бүгінгі таңда елді мекендерде, соның ішінде Орал қаласының ішінде қызмет атқаратын патрульдік аутокөліктердің радарлары алынып, республикалық, халықаралық маңызы бар тасжолдарда қызмет атқаратын патрульдік көліктерге орнатылды. Ал елді мекендерде көлік жылдамдығын реттеуді, жылдамдықты асыра айдау фактілерін анықтауды арнайы орнатылатын техникалық құрылғылар жүзеге асыратын болды. Бүгінгі таңда Орал қаласында көлік жылдамдығын өлшейтін 6 стационарлық, 4 интеллектуалды құрылғы бар. Сонымен қатар шаһардағы қоғамдық орындарда 100-ден аса бейнекамера бар. Мұның сыртында “Қауіпсіз аула” бағдарламасы бойынша 300-дің үстінде бейнекамера орнатылған. Әрине, қазіргі кездегі жылдамдық өлшегіш 6 стационарлық құрылғы аз болып саналады. Сондықтан осы жылдың ішінде мұндай құрылғының тағы да 20 данасын орнату жоспарланған және алдағы уақытта осы техникалық құрылғылар жылдан-жылға көбейтілмек. Өйткені біз болашақта патрульдік полиция қызметінің штаттық құрылымын көбейте алмаймыз. Себебі оның халық санына қатысты штаттық нормалары бар. Ал техникалық құрылғыларды көбейтуге ешқандай кедергі жоқ. Айтылған стационарлық жылдамдық өлшегіштер көлік жылдамдығы шектен асырылған жағдайларды адамның қатысынсыз өздігінен тіркейді де, автоматтандырылған орталыққа жолдап отырады. Бұл жемқорлық тәуекелін азайтудың да бірден-бір жолы, – деді облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы журналистерге берген сұхбатында.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар