25.06.2019, 15:11
Қараулар: 375
34 жылдан кейінгі кездесу

34 жылдан кейінгі кездесу

Биыл Кеңес одағының әскері Ауғанстан аумағынан шығарылғанына 30 жыл толды. Он жылға жуық елді дүрбелеңге салған Ауған соғысы 18-20 жас аралығындағы талай жастың өмірін үзіп, талайын мүгедек еткен, қаншама әке мен ананың жүрегіне жазылмас жара салғандығы бізге тарих беттерінен етене таныс.

Үлкен өмірге енді ғана аяқ басып, қызық көретін шағында әлемдік империализм мен социалистік жүйенің «батпан құйрыққа» таласқан «ойынында» қыршынынан қиылғандар өздерінің интернационалдық борышын адал атқарды.

Соңғы жылдары Ауған соғысы кезіндегі қазақстандық жауынгерлердің ерлігі, қажыр-қайраты, олардың бір-біріне деген достық және бауырмалдық көмегі, от пен оқтың ортасындағы жанкешті тағдыры туралы дерек-дәйектер жиі айтылып жүр.

Осыдан бір-екі жыл турасында «Орал өңірі» газетінде әріптес ағамыз Бауыржан Ғұбайдуллиннің «Ұлдары Ауғанстанда қаза тапқан аналардың көз жасы әлі құрғаған жоқ…» атты материалы жарық көрген болатын. Жақында сол мақаланың басты кейіпкері, Ауған соғысының ардагері, жерлесіміз Ғайниден Кәрімов редакциямызға келіп, жағымды жаңалығымен бөлісті.

Ағамыз сол жолғы сұхбатында Татарстандағы қарулас жора-жолдастарын таппай жүргендігіне қын-жылып, Ауған жерінде қаза тапқан достарының басына барып, Құран бағыштауды өзінің азаматтық борышы санайтындығын сөз еткен болатын. Кейіпкеріміз биыл арада 34 жыл уақыт өткенде ғаламтор арқылы көзі тірі достарын тауып, олармен Татарстан жерінде кездесіп, қыршынынан қиылған қаруластарының рухына тағзым еткендігін қуана жеткізді.

Оқырмандарымызға түсінікті  болуы үшін кешегі күнге тағы бір мәрте көз тастап, Ғайниден ағамыздың басынан өткерген күндеріне шолу  жасап өтсек…

ЖАТ  ЖЕРДЕ  ЖАРАСҚАН  ЖОЛДАСТЫҚ

Ақжайық ауданына қарасты Өлеңті ауылында туып-өскен бозбала Ғайниден Бәуеденұлы  1984 жылдың мамыр айында Отан алдындағы борышын өтеуге алынады. Орал әуежайынан ұшаққа мінген ауыл баласы Түркіменстанның астанасы Ашхабад қаласынан бір шығады. Шаһар маңындағы Ауғанстанға аттандыру үшін дайындайтын  арнайы әскери оқу-жаттығу орталығында машықтан өтеді. Әскери өмірдің алғашқы күндерінен бастап Татарстаннан келген Раис Хадиев, Сергей Страхов, Илгизар Мухаметзянов, Айболат Якупов есімді жігіттермен жолдас-жора болады. Алты ай бойына саналы түрде ашықтан-ашық соғысқа дайындалған сарбаздарды ұшақпен Ауғанстанның астанасы Қабылға (Кабулға) аттандырады. Бір күннен соң Ғайниден ағамызды қарулас жора-жолдастарымен бір-ге сол кездерде «Ажал алқабы» деп аталған Черекар алқабына, кейін Пәнжшер шатқалына бір-ақ түсіреді. Ол кезде аталған шатқалда «Пәнжшер жолбарысы» деген лақап атпен әлемге танылған Ахмад Шах Масұдтың жасағымен қиянкескі шайқас жүріп жатқан-ды.

Сайын далада еркін өскен ұлдарға енді тау-тасты мекендеп, қарсыластың қас-қабағын бағып, көзін құртуларына, сөйте жүріп жан сақтауларына тура келді. Басты мақсаттары – таулы жерде соғыс тактикасын шебер меңгерген жауды сабасына түсіру немесе көзін құрту. Сөйтіп, КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы шектеулі әскери күштерінің қатарын толықтырған 682-мотоатқыштар полкіне қарасты 2-барлаушылар батальоны дұшпандар көп шоғырланған Руха қышлағы маңына орналасады.

Бозбала шақтан енді үлкен өмірге қадам басқан қызуқанды  сайыпқырандар бұл кезде алдағы күннен бейхабар еді.

ҚЫРШЫНЫНАН   ҚИЫЛҒАНДАР  НЕМЕСЕ «№200 ЖҮК»

Сол кездегі кең байтақ КСРО-ның әр қиырынан әскерге алынып, аз ғана уақыт дайындықтан өтіп, қайнаған соғыстың ортасына түскен сарбаздарды кинодан көргеннен мүлдем бөлек шынайы өмір күтіп тұрған-ды.

Әскери өмірде танысып, дос-тықтары жарасқан бес сарбаз ұрыс даласына келгенде әр тарапқа бөлінді. Ғайниден мен Раис барлаушылар взводына алынса, Сергей мен Илгизар көршілес полкке бөлініп, Айболат мүлдем басқа қалаға жіберіледі.

1985 жылдың 7 наурызында әдеттегідей барлауға шыққан взвод алдын ала биік жерге жақсылап орналасқан жаудың шабуылына тап болады. Тұтқиылдан болған ұрыста кейіпкеріміз ең жақын до-сы Раистан айырылады. Ғайниден ағамыздың өзі сол жақ аяғының тізе тұсынан қатты жараланады. Сондай-ақ бұл шайқаста әскери борыштарын өтеп болуларына жиырма шақты ғана күн қалған Вячеслав Зимин, Альберт Коньков есімді сарбаздар да қаза табады. Сөйтіп, енді біразырақ күн, бірер аптада отбасымызға аман қауышамыз деп жүрген үш жігіт қаруластарының көзінше елдеріне «№200 жүк» ретінде жөнелтіледі. Ал «№200 жүк» дегеніміз қаза тапқан жауынгердің мүрдесі салынған мырыш табыт екендігі ендігі кім-кімге де түсінікті болса керек.

Сол жылдың тамыз айында кейіпкеріміз тағы бір екінші досы Сергей Страховты жоғалтады. Бұл жолы да барлауға шыққан топ жаудың қақпанына түседі. «Кемедегінің жаны бір» демекші, соғыс жағдайында жүрсе де, бір-біріне демеу болған жолдастарынан қазқатар айырылу Ғайниден ағамызға оңай соқпады. 1985 жылдың қараша айында болған ұрыста кейіпкеріміз екінші рет ауыр жарақат алады. Оң жақ шабынан тиген екі оқтың орны біразға дейін жазылмайды. Екі айдан астам уақыт госпитальда ем алып, 1986 жылдың қараша айында елге оралады.

РАИСТІҢ  АУЫЛЫНДАҒЫ  КЕЗДЕСУ

Қан майданды басынан өткеріп, жаны жаралы болса да, тәні сау елге оралған кейіпкеріміз отбасын құрып, жұрт қатарлы еңбекке араласады. Дүниеге ұл-қыз әкеліп, тәрбиелеп өсіреді. Өмір-өзен өз арнасымен аға берді…

Алайда  көңілге  бір  нәрсе  маза  бермейтін. Ол  – қиын-қыстау кезде қасында болған татарстандық қарулас жора-жолдастарымен кездесу, көз алдында оққа ұшқан жан достарының басына зиярат ету… Жас кезінде күнделікті күйбең тірліктің қамымен жүргендіктен, бұл жағдайға аса мән бермеген де шығар. Енді, міне, алпысты алқымдап қалған шағында ойша сол кезге оралып, жандарын бір шүберекке түйген достарға деген сағынышы арта түскендей.

— Сол кездегі солақай саясаттың кесірінен болған соғысқа қатысқан қазақстандықтармен хабарласып, кездесіп тұрамын. Дегенмен, бір взводта болған татарстандық Елгизар және Айболатпен әскерден соң кездеспегеніме, Раис пен Сергейдің басында болып, бір уыс топырақ салмағаныма іштей қынжылатынмын. Әскер қатарында белгілі уақыт бірге жүрген дос-тарымның нақты мекенжайларын да сұрамаппын. Тек Татарстаннан екендерін білемін. Сөйтіп, өткен жылы әр мемлекеттегі ауғандықтардың басын біріктірген ватсап желісіне қосылдым. Сол топ арқылы Илгизарды таптым. Енді екеулеп 19 жасында оққа ұшқан Раистың қай Татарстанның маңындағы зиратта, қай елді мекенінде жерленгенін іздестірдік. Көп ұзамай, байланысқа қосылған Айболат Якупов майданда қаза тапқан досымыздың апа-жездесімен байланыста екендігін айтты. Сания-Илгиз есімді туыстары Татарстанның Нурлат ауданы, Старый Амзя деревнясында тұрады екен. Сонымен көзі тірі екі қаруласыммен хабарласып, биыл 1 мамыр күні сол ауылда басқосуға уағдаластық,- деді Ғайниден аға.

Кейіпкеріміздің сөзінше, қазақстандық қаруластарын өзге елдегі достары құшақ жая қарсы алыпты. Арада 34 жыл өткенде әскери достары Илгизармен, Айболатпен сол деревняда бас қосқан. Бір мемлекеттің аумағында тұрғаныменен, ол екеуі де бір-бірімен кездеспепті. Сағынысып қауышқан майдандастар көз алдарында қыршынынан қиылған достары Раистың басына барып, Құран бағыштаған. Жоғарыда айтылған апа-жездесі марқұмға арнап ауыл ішінен ескерткіш белгі орнатқан екен. Сол маңда өткен шараға алыс-жақыннан келген Ауған соғысының ардагерле-рі бас қосып, өткен күндерден естеліктер айтып, қаза тапқан достарын естеріне алған.

— Шыны керек, мойнымдағы бір борыштан құтылып, бір ауыр жүк түскендей күйде болдым. Раис досымның туыстары арнайы іздеп келгеніме өте риза болды. Кездесуге біздің елдің атынан мерекелік медальдар мен алғысхаттар ала бардым. Олар да маған сый-сияпаттарын ұсынды. Жиында сөз алған марқұм досымыздың апасы Сания: «Біз Ауғанстандағы соғыстың кесірінен туған інімізден айырылдық. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында сақталуы үшін қолдан келгенін жасаудамыз. Бүгін жоғалтқанымыз табылғандай күй кештік. Бауырымыздың үш бірдей қарулас досы басына тағзым ету үшін арнайы келді. Біз сіздерді туған ініміздей жақсы көреміз» деді. Сол сәтте тебіреніп, көзіне жас алмаған жан жоқ шығар. Кездесуден алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын, — дейді кейіпкеріміз.

Ғайниден аға араға күн салып, сол ауылдан 100 шақырымдай қа-шықтықтағы Чистополь қаласына барып, қаза тапқан екінші қаруласы Сергейдің ата-анасымен кездескен. Ұлдарынан жап-жастай айырылған қариялар арнайы іздеп келгені үшін дән риза болған. Олардың айтуынша, марқұмды 34 жыл бойына бір жан жоқтап, не іздеп келмепті. Мұнан соң майдандас достар Қазан қаласында қайта бас қосып, бірқатар шаралар өткізген екен.

ҚОСЫЛМАҒАН  ҚОС  ҒАШЫҚ

Жоғарыда айтқанымыздай, әскери дайындықта бірге болған достар Ауғанстан аумағына кірген соң взводтарға бөлінген.

Ғайниден ағамыз бен Раис бір взводқа түскен. Сосын да екеуі анағұрлым жақын араласқан. Тіпті ауыл-елден келетін хаттарды да бірге оқып, сағыныштарын басқан екен. Раистың сол кезде ауылда Альфия есімді сүйген қызы болатын. Әскерде жүрген жас жігіт болашақ жарынан келетін хаттарды асыға күтеді екен. Сол хаттар арқылы Альфия сүйгенінің жан досы Ғайниденмен де таныс болады. Екі достың әскерде түскен суреттері хат арқылы елге жол тартады.

— Марқұм досымның апа-жездесімен байланыс орнаған соң қолымда бар суреттерді жолдадым. Сарғайған фотолардың ішінде досымның сүйгені Альфияның да суреті бар екен. Раистың жоспары көп болатын. Елге барған соң отбасын құрып, бақытты ғұмыр кешуді де армандайтын еді. Өз туғандарымдай араласып кеткен досымның туыстарына Альфияның суретін жолдаған едім. Олар оны жақсы танитындықтарын, әлі күнге дейін отбасыларымен араласып тұратындықтарын айтты. Бүгінде өз отбасы бар, ана атанып, балалы-шағалы болған кезіндегі бойжеткен әр мереке-мейрам сайын Раистың ескерткішінің басына келіп, гүл шоқтарын қояды екен. Бізбен болған кездесуде де бір тал ақ раушан гүлін және 19 дана қызыл гүлмен қоршаған гүл шоғын марқұмның басына қойды. Қызыл түсті раушан қыршынынан қиылған досымыздың жасын, ал ақ раушан ғашығына қосылмаған жас бойжеткенді білдіргендей. Осы көрініс мені қатты тебірентті. Сол күні кеште мейрамханада болған басқосуда сөз алып, алғашқы махаббатын ұмытпаған Альфияға, осы жағдайды шынайы түсінетін қазіргі жұбайына алғысымды айттым. Сонымен қатар осы достықтың, адалдықтың құрметіне дүниеге келер немеремнің атын Альфия қоямын деп сөз бердім. Ондағы мақсатым осы сүйгеніне қолы жетпей, қыршынынан қиылған досымның, ғашығына қосыла алмаған Альфияның есімін ұрпақтарымның есінде сақтау болатын, — дейді Ғайниден Бәуеденұлы.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар