25.06.2019, 15:07
Қараулар: 160
Есім қоярда есіміз кететіні несі?!

Есім қоярда есіміз кететіні несі?!

Әр ата-ана перзенті өмірге келген соң оған есім беруге міндетті. Балаға құлаққа жағымды, жеңіл естілетін ат беру оның болашақ өмірінің де  ауыртпалықсыз, сәтті болуына  тікелей әсер ететінін ғалымдар дәлелдеп отыр. Ал қатқыл дауысты дыбыстардан тұратын есімдер адамның өміріне өзіндік қиындықтарын ала келетіні де айтылуда.

Жалпы, ата-ана баласына ат таңдағанда еліне еңбегі сіңген, халқының жадында жақсы сақталып қалған айтулы тұлғалардың, батырлар мен бишешендердің есімдерін қоюға тырысады. Ержеткенде осы азаматтардай болып өссін, еліне елеулі, халқына қалаулы, өмірлері жарқын болсын деген ырымнан туса керек. Өмірге сәби келгенде аузы дуалы адамдарға немесе әулеттегі сыйлы үлкендерге «баламыздың атын өзіңіз қойып беріңізші» деп өтініш жасауы да қазақи болмыстың, ізет-тіліктің, сыйластықтың бір белгісі болса керек.

Қазіргі күні сәби дүниеге келген соң-ақ дүрлігу басталады. «Қандай ат қоямыз, ол елде жоқ өзгеше болу керек» деп ғаламторды ақтарып, жан-жақтағы тумаларға, досжарандарға қоңырау шалып, соңғы көрген түрік-корей сериалдарындағы кейіпкерлердің есімдерін еске түсіріп, әйтеуір, бір есім іздеу «науқаны» басталып кетеді.  «Ұнайды, ұнамайды» деген таластартыстан соң ата-ананың  қалауымен сәбиге Эсма, Элеонора, Инесса, Эсманур, тағы да басқа қыз бала есімдері, ұл балаларға  көбіне-көп Артур, Эдик, Тамерлан т.б. есімдер беріледі. Жалпы, сәбиге ат қоярда ол есімнің қандай мағына беретінінен хабардар болып, болашақта ұлқыз өз есімінен қымсынбайтындай болуын да алдын ала ойластырған жөн.

Халқымызда табиғаттың  төрт мезгілінде дүниеге келген балаларға сол айдың есімін беру де қалыпты жағдай болған. Немесе бір есте қалған оқиғалар болған тұста да сәбилер сол атауларды есім ретінде иеленген.

Өткен ғасырдың 90-жылдарында бүкіл ел болып жұмысты жиып қойып, мексикалық сериалдар көріп, солардың кейіпкерлерін құдды бір туғандарымыздай қабылдап, олар күлсе, күліп, жыласа, бірге жылап, ертең не болар екен деп түн ұйқымыз төрт бөлінген кездер есіңізде ме? Сол жылдарда да еліктегіш қазағым балаларына Роза, Мария, Изаура, Альберт, Роберт және т.б. есімдерді бергені шындық. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. Жуырда ғана балабақша маңынан өтіп бара жатып, жас келіншектің «Эсма, Эсма, байқап жүрсеңші» деген дауысын естідім. Тағы бір ауылдасым сәбиіне Тенгиз деген есім беріпті. Бұл енді түрік сериалдарының әсері болса керек.

Ата-ана қиялының ұшқырлығын қойсаңызшы. Мысал керек болса, алысқа бармай-ақ қояйық.

Екі жыл турасында Астана қаласында өткен үлкен шаралардың — Саммит пен ЭКСПО, Азиаданың, тіпті Рафаэлло тәттісінің атауын өз балаларына берген  қандастарымыз бар екен. Айталық, Азиада есімін елімізде 15 қыз, 14 ұл бала иемденсе, Саммит деген есім 19 ұл мен Саммита есімі 3 қыз балаға қойылыпты. ЭКСПО аты құжатына жазылған сәби ертеңгі күні өскен-де өз есімін атаудан қаншалықты ұялатынын көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Жуырда бір ата-ана перзентіне «Пирамира» деген ат қойыпты. Оның мәнісін сұраса, елден ерекшеленуді көздеген атаана «50 развитых стран мира» деген сөздерді қысқартып қойған екен. Ал естіген адам бұл есімнен не түсінеді? Сол сияқты «Дипломбек», «Талисман» деп танысып жүрген замандастарды көріп, таң-тамаша болдық. Дейтұрғанмен, Інжу, Айару, Іңкәр, Инабат, Кәусар сынды нәзік әрі құлаққа жағымды есімдерді өз балаларына беруді ұйғарғандар көп болса, Ерасыл, Нұрислам, Нұрасыл, Едіге, Қайсар т.б. есімдерді иеленген бөбектерді жиі көріп жүрміз. Қазір ғаламторды ашып қалсаңыз, неше түрлі есімдерден көз сүрінеді, тек соның халқымыздың болмысына жақынын, құлаққа түрпідей тимейтінін таңдау ғана қалады.

— Екі-үш жыл турасында ауданымызда қыз балаға Зере есімі көп қойылды. Ал ұл балалардың басым бөлігіне Тұрар, Нұрислам есімдері берілді. Қазіргі таңда жас ата-аналар сәбилеріне ат таңдарда ерекше әзірлікпен, жауапкершілікпен қарайтынын көріп жүрміз. Құлаққа жағымды естілетін, нәзік те әуезді Інжу, Іңкәр, Айару, Айсана, Тайыр, Рауан, Санжар, Аян, Әзім т.б. есімдерді рәсімдеуге келіп жатқандар көп, — дейді Шыңғырлау ау-дандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әлия Имашева.

Десек те, Әзім, Әмір, Темір, Рахым т. б. тым жақсы есімдерді құжатқа «Азим, Тимур, Амир, Рахим» деп жазуды сұрайтындар да жеткілікті. Осы жерде де бөлім қызметкерлері қазақы болмысымызды сақтап, есімнің ерекшелігін ашып тұратын шынайы нұсқасын таңдауға кеңес беріп отырғандары жөн секілді. Өйткені Құран Кәрімде: «Әлбетте қиямет күні сендер өз есімдеріңмен және әкелеріңнің атымен шақырылатын боласыңдар» деген ескерту мұсылман қауымына бекерден-бекер айтылмаса керек.

Ендеше, баланың болашағына нұр шашып, өмір жолында ізгілікке жетелейтін, кеудесіне имандылықтың сәулесін сеуіп тұратын әдемі   есімдерді таңдайық.

Гүлшат  ИБРАГИМҚЫЗЫ,

Шыңғырлау  ауданы