25.06.2019, 15:05
Қараулар: 123
Жолдарымыз қалай жөнделуде?

Жолдарымыз қалай жөнделуде?

Жуырда облысқа жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі жол мәселесі әлі де сын көтермейтінін айтқан еді. «Бұл азаматтардың күнделікті өмірінде қиындық туғызады, экспорттық және транзиттік әлеуетін төмендетеді», – деді ол. Олқылықты жою үшін өңірде республикалық жолдармен қоса, жергілікті жолдарды да жөндеу қолға алына бастады. Мәселен, облыс орталығынан қашықта орналасқан Қазталов ауданында 11,4 шақырым жол жөнделіп, асфальт төселген.

– Аудандағы ауылішілік жолдарды жөндеу, негізінен, 2009 жылдары басталды. Десек те, әлі де жөндеуді қажет ететін жол көп. Әрине, олар – уақыт пен қаражат-қа байланысты шешімін табатын мәселелер. Сол үшін нақты жоспар да бар. Қазір Қазталов ауылында жалпы ұзындығы 6,5 шақырым 9 көшеге жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) дайын тұр.

Бұл көшелерге жаяу жүргінші жолы да жасалатын болады. Ал Жалпақталдағы ұзындығы 4,1 шақырым 7 көше жолын жөндеу жөнінде ЖСҚ әзір. Осы ауылдағы ұзындығы 2,3 шақырым болатын ауылішілік жолды жөндеуге облыстық бюджеттен 310 млн. теңге бөлінді. Мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланып отыр. Тағы бір айта кететін жайт, жалпы ұзындығы 41,7 шақырым Талдыапан, Бостандық және Әжібай ауылдарына кіреберіс және ауылішілік жолдарын жөндеу үшін ЖСҚ жасақталды. Қаражат бөлінсе, бұл жұмыстар да қолға алынады, – дейді Қазталов ауданы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов.

Осы ауданмен көршілес орналасқан Жәнібек пен Бөкей ордасында да бұл мәселе күн тәртібінде тұр. Өткен жылдың мамыр айында облысқа келген іссапары барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш үш ауданды облыс орталығымен байланыстыратын жолды салуға тапсырма берген еді. Ол үшін ұзындығы 245 км құрайтын Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы және Өнеге – Бисен – Сайқын аутожолдарында асфальтбетонды жабынды салуды тапсырды. Ал бұл жолдардың тұрғындар үшін де, облыстағы туризм саласын дамыту үшін де маңызы зор. Облыстық жолаушылар көлігі және аутомо-биль жолдары басқармасының берген мәліметіне қарағанда, Ел-басының тапсырмасын орындау мақсатында Қазталов – Жәнібек – РФ шекарасы жолын 5 телім, яғни  0-1 км, 4-53 км, 53-95 км, 95-138 км, 158-165 км және Өнеге – Бисен – Сайқын  аутожолының 0-50 және 50-103 шақырымдарын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталған. Бүгінде жобалар мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысын алып отыр. Бұл жобаларды іске асыру мақсатында биылғы бюджеттен 3,7 млрд. теңге қарастырылған. Аталған жолдарды жөндеу  мерзімі 2019-2021 жылдарға жоспарланған екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жергілікті әкімдікпен бірлесіп, бұл жұмыстарды 2021 жылдың соңына дейін аяқтауды міндеттеді. Аталмыш мәселе оның жеке бақылауында болмақ. Айта кету керек, осынау жолдарды жөндеу жұмыстарына қажетті құм өз өңірімізден болса, қиыршықтас Ақтөбеден және жол битумы Маңғыстау облысынан жеткізілмекші. Қиыршықтасты жүк көліктерімен және теміржолмен жеткізу қарастырылып отыр. Ол үшін Жәнібек және Сайқын теміржолдарының қызметі пайдаланылатын болады. Ал зерттеу нысанына айналған Жамантау кен орнының тастары бұл жұмыстарға  қолданылмайды.

Ақсай – Жымпиты жолын жөндеу жұмыстары 2017 жылы қолға алынған еді. Талай жылдан бері ойқы-шойқы болып, шұңқыр мен жыраға айнала бастаған бұл жолды қайта жасақтау Ақсай  қаласынан басталды. Былтыр осы облыстық маңызы бар Бөрлі – Ақсай – Жымпиты аутокөлік жолының 38-68 км телімінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Ал биыл 139-149 км және 149-159 км телімдерінде күрделі жөндеу жұмыстарын бастап, 2020 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар аталмыш жолдың  68-139 км телімін қайта жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттама жа-сақталуда. Қаржыландыру болған жағдайда жобаны орындау мерзімі 2020-2022 жылдарға көзделген. Өңірдегі жолдарды қайта құ-ру және жөндеу жұмыстарының басым көпшілігін жергілікті мер-дігерлер атқаруда.

Мамандардың айтуынша, облыстық маңызы бар аутокөлік жолына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 км жолға 1,3 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсалады екен. Яғни ағымдағы жөндеуге шұңқырларды жөндеу, жолды тегістеу, маршруттық жөндеу және жер қабатын қалпына келтіру жұмыстары кіреді. Ал  күрделі жөндеуге шамамен 200 млн. теңге қажет. Бұл қаражатқа  жер төсемін, жол негізін (қиыршық-тасты қоспалар), төменгі және беткі жол жабынын салу, жол  жиектерін нығайту жұмыстары жасалады. Соңғы жылдары облыс орталығындағы көшелер әлемдік стандарттарға сай неміс технологиясымен жөнделуде. Ал өткен жылдары облыстағы жергілікті жолдардың шамамен 300 шақырымы салқын ресайклинг әдісімен орташа жөнделді. Бұл әдіс жаңа материалды қосу арқылы қолданыстағы асфальтбетонды жабындыны пайдалануға мүмкін-дік береді. Салқын ресайклинг әдісі арқылы 1 км жолға 70 000 мың теңге қаражат жұмсалады екен. Тағы бір айта кететін жайт, осы  әдісті пайдаланғанда он сағаттық жұмыс барысында бір шақырымға дейінгі жолды жөндеуге болады. Бұл – уақытты да, бюджет қаражатын да үнемдеуге мүмкіндік береді деген сөз. Осы әдіспен Чапаев – Жаңақала (0-76 км), Жымпиты – Қаратөбе (0-55 км), Орал – Кирсанов (1-48 км), Ақсай – Шыңғырлау (0-51 км), Аңқаты – Сарыөмір (0-23 км) жолдары, Сырым ауданының Бұлдырты ауылына кіреберіс жол орташа жөнделген. Ал Федоров – Ақсай жолының 0-28 км жолын орташа жөндеу жобасы іске асырылуда. Биыл Тасқала – Аққурай – РФ шекарасының 0-96 км, Шыңғырлау – Лубен – Лебедевка жолының 0-12 км, Чапаев – Жаңақала – Сайқын жолының 113-130 км, Үлкен Шаған – Переметный жолының 32-42 шақырым аутомобиль жолдарын осы әдіспен жөндеу жоспарланған.

Жалпы, биыл  өңірде 32,0 млрд. теңге қаражатқа 340 км жол жөндеу жоспарлануда. Соның ішінде аудандық маңызы бар жолдар бойынша 6 ауданда Алғабас стан-сасы, «Ақжайық» шипажайы, 2-Шежін  ауылы (Тасқала ауданы), Ақсуат ауылы (Теректі ауданы), Чапаев ауылы, Жаңажол мен Жалпақтал ауылдарына кіреберіс жолдары және Жәнібек – Талов – Кіші Өзен жолының 0-2 шақырымы жөнделетін болады. Соңғы үш жылда облыста  республикалық маңызы бар 551 км, жергілікті  352 км жол жөнделген. Ал  елді мекендерде аталған мерзімде 260 км жол жөнделген екен. Соның ішінде Орал қаласында

137 км, Ақсай қаласы  мен ауылішілік жолдардың 123 шақырымы жөнделген. Жолдарды жөндеу бойынша көш басында тұрған аудандардың қатарында Бөрлі, Қазталов және Тасқала аудандары  бар.

Облыстағы аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 6496,7 км құрайды. Оның  1414 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, жергілікті жолдар – 5082,7 км. Ал аудандардағы көше жолдардың ұзындығы  2233,4 км екен. Соның ішінде жергілікті жолдардың 71,3%-ы, аудандардағы көше жолдарының 56,5%-ы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Биылғы жылдың соңына қарай жақсы және қанағаттанар-лық жағдайдағы жергілікті маңызы бар аутомобиль жолдарының үлесін 30,0%-ға дейін жеткізу жоспарланып  отыр.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар