25.06.2019, 15:03
Қараулар: 167
Қаламды допқа айырбастаған күн

Қаламды допқа айырбастаған күн

Өткен сенбі күні байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің мерекесіне орай БАҚ өкілдері арасында спартакиада өтті. Орал қаласындағы «Park Hotel» кешенінде ұйымдастырылған жарысқа онға жуық команда қатысты.

– Байланыс және ақпарат саласы қызметкерлерінің төл мерекесі алдағы аптаның соңында болғанымен, біз бұл мейрамды ертерек бастай беруді ұйғардық. Соған орай осындай тимбилдинг ұйымдастырылды. Өздеріңіз білесіздер, 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күні. Қоғамда БАҚ өкілдері мен мемқызметшілердің жұмыстары өзара етене байланысты. Өйткені мемлекеттік қызметшілер ньюсмейкерлер деп есептеледі. Көпшілікке түсінікті тілмен айтқанда, олар ақпаратты жасаушылар, ұсынушылар болса, журналистер – сол ақпаратты халыққа таратушылар. Сондықтан бәріміз бір терінің пұшпағын илеудеміз. Одан бөлек, қазір әлемде түрлі трэнд бар. БАҚ саласында да олар жоқ емес. Мәселен, бүгінде қолында мобильді құрылғысы бар кейбір жандар өздерін журналистпін деп есептеп жүр. Мұндай жандар журналистиканы үйінде, диванда жатып алып, әлеуметтік желі арқылы ойына келген нәрселерді жазу деп ойлайды. Оқиға орнына барып толыққанды ақпарат алмастан, жалған хабар таратуды да өздерінше міндет санайтыны жасырын емес. Алайда, көпшілік оларды кәсіби журналист ретінде қабылдамайды. Олар сіздер секілді құрметке бөленбейді. Мен оқыған Ұлыбританияда екінің бірі медиа саласының маманы атана алмайды. Себебі, онда журналистикадан бөлек, салалық мамандықты да оқып үйрену керек. Нақтылап айтқанда, егер ол саяси бағыттағы шолушы болғысы келсе, онда қосымша саясаттануды оқуы тиіс. Ал білім саласы бойынша мұғалімдікті меңгеруі қажет. Сонда ғана ол аталмыш саланы жіті білетін болады. Британдық журналистер мәселені көтеріп қана қоймай, сол жайтқа баға беріп, оның шешу жолдарын да ұсынады. Қоғамда оның пікірі сол саланың сарапшысының пікірі ретінде бағаланады. Сөздің шыны керек, біздің қоғамда, біздегі тілшілер қауымында мұндай бағалау, талдаулар аз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысымызды жетілдіруіміз керек, – деді шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

БҚО ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырған спартакиадада БАҚ өкілдері волейболдан, шағын футболдан, асық атудан, үстел теннисінен, шахмат пен дойбыдан сынға түсті. Сайысқа тамаша ұйымшылдықпен әрі жіті дайындықпен келген «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы» АҚ БҚО филиалының командасы барлық спорт түрі бойынша жақсы ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде олар шағын футболдан, үстел теннисінен, ерлер арасында дойбыдан, асық атудан бас жүлдені еншіледі. «Жайық Пресс» медиахолдингінің командасы шахматтан, қыздар арасындағы дойбыдан топ жарса, футболшыларымыз бен теннисшілеріміз күміс, волейболшыларымыз қола медальдарды иеленді.

Мерекелік шара соңында ақпарат құралдары өкілдері өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән шырқап, би билеп, жиналған әріптестердің көңіл күйін онан сайын әуелетті.

– Спартакиаданы БАҚ өкілдері арасында салауатты өмір салтын насихаттау, достық пен әріптестікті арттыру мақсатында ұйымдастырған едік. Соған байланысты мұнда тек спорттық сайыс емес, бейресми кездесулер болды. Шарамыз көпшіліктің көңілінен шыққан сияқты. Тілшілер қауымы тек қаламмен ғана емес, спортта да, өнерде де мықты екендерін көрсетті. Шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барлық жанға ризашылығымызды білдіреміз. БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, шығармашылық табыстар тілейміз, – дейді «Болашақ» қауымдастығының жетекшісі Салтанат Тұманбаева.

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

«Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары:

– Жыл сайын кәсіби мерекеміз қарсаңында осындай спорттық шаралар өткізіліп келеді. Биыл былтырғымен салыстырғанда ұйымдастырылу деңгейі жоғарылау болды. Дегенмен, бұл жолы да олқы тұстар болмай қалған емес. Мәселен, волейболды былтыр да күннің астында, еш жабдықталмаған алаңда ойнасақ, бұл жолы да сондай жағдай қайталанды. Биыл тіпті, қызып тұрған, тазартылмаған құмның үстінде ойнау оңайға соққан жоқ. Сондықтан болашақта осындай олқылықты ескеріп, жабық ғимаратта өткізілсе деген ұсыныс бар. Сондай-ақ журналистер арасында волейболдан облыстық құрама жасақтап, олардың тұрақты түрде дайындалуына жағдай да жасау керек сияқты.

Шәрипа БАЗАРБАЕВА,

«Aqjaıyq» телеарнасының редакторы:

– Бағым жанып, үстел теннисінен бас жүлдені еншіледім. Өзім бұл спорт түрімен бала кезден айналысамын. Сонау Жәнібек ауданының Қамысты ауылындағы Е. Ниетқалиев атындағы орта мектептің қабырғасында жүргенде қолыма алғаш рет ракетка алғаным есімде. Бертін келе елордамыздағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де ойнап жүрдім. Сол себепті бұл жеңісімді ауылдағы ата-анама, ұстаздарыма арнағым келеді. Осы сәтті пайдаланып, әріптестерімді кәсіби мерекемізбен шын жүректен құттықтап, толайым табыстарымыз толастамасын деп тілеймін.

Гүлфия ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,

«Орал өңірі» газетінің корректоры:

– Кәсіби мерекемізге орай БАҚ өкілдері арасында өтетін спартакиадада дойбыдан сайыс болатынын естіген күннен бастап дайындықты бастадым. «Қалайда бірінші орын алуым керек» деген мақсат қойдым. Адам өзіне сене білсе, жеңіске ұмтылса, мақсаты орындалатынын осы сайыс кезінде тағы бір мәрте көз жеткіздім. Шынымды айтсам, бұл спорттағы алғашқы жетістігім.

Айта кету керек, «Жайық Пресс» медиахолдингінде  қызметкерлердің спортпен айналысуына барынша жағдай жасалған. Газет шықпайтын күндері әріптестеріміз спортзалға барып, футбол, волейбол ойнайды. Өзара спорттық сайыстар ұйымдастырылады. Қыста ұжым болып шаңғы, коньки тебеміз. Міне, осылайша салауатты өмір салтын ұстану арқылы ұжымымыздың береке-бірлігі нығаюда.

Арайлым  ТІЛЕПБЕРГЕНОВА,

«Жайық үні» газетінің дизайнері:

– Жыл сайын мұндай спартакиадаға ұжым болып барамыз. Ұжымымызда 6 кісі. Сол себепті командалық ойындарға қатысуға мүмкіндік жоқ, тек жекелей сындарда бақ сынап жүрміз. Бұл жолы асық атудан сынға түстім. Бала кезден асық ойнап өскен соң бұл сайыс еш қиындық туғызған жоқ. Асық атуға қатысқан 15 шақты әріптесімнің арасынан жеңімпаз атандым. Биыл спартакиададағы ойын түрлерінің арасына өзіміздің асық атуды кіргізгенін естіп қуанған едім. Сол қуанышым жалғасын тауып жатыр. Алдағы уақытта да өзге ұлттық спорт түрлерін енгізуді қажет деп санаймын.

Элдар АЮПОВ,

«Aqjaıyq» телеарнасының қызметкері:

– Спортқа бала кезден жақын өстік. Жаңақала ауданының Көпжасар ауылындағы орта мектепте оқыған кезімізде бізді дене тәрбиесі пәнінен сабақ берген ұстазым Жанболат Сүйінов ағай футболға да, волейболға да, үстел теннисіне де дайындады.

Телеарнада жеті жылдан бері қызмет істеп келемін. Мұнда бізде спортпен айналысу, салауатты өмір салтын ұстану жолға қойылған деп айтуға болады. Әріптес жігіттер міндетті түрде аптасына 1 рет алаңға барып, доп тебеміз. Тек Рамазан айында демаламыз. Кейде шағын футболдан өтетін қалалық турнирлерге, түрлі сайыстарға да қатысамыз. Қол босағанда жұмыста үстел теннисін ойнаймыз. Міне, соның нәтижесі болса керек, осы спартакиадада командамыз шағын футболдан бас жүлдені алды. Маған «Үздік ойыншы» деген аталым берді. Жекелей сында үстел теннисінен 1-орын алдым. Волейболдан күміс жүлдегер атандық. Бір сөзбен айтқанда, жеңістеріміз төгілген теріміздің өтеуі болды.

Гүлзинат ИБРАГИМОВА,

«Пульс города» газетінің тілшісі:

– Спартакиада жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Бізге бәрі ұнады. Тек біздің кәсіби мерекеде емес, басқа уақыттарда да осындай спорттық, мәдени шаралар өткізіліп тұрса, нұр үстіне нұр. Біздің командамыз волейболдан бас жүлде алды. Өзім волейболды оқушы кезімнен ойнаймын. Жаңақала орта мектебінің құрамасында өнер көрсеттім. Алдағы уақытта да жеңісті күндеріміз көп болсын деп әріптестеріме арнап тілек жолдаймын.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар