25.06.2019, 15:01
Қараулар: 160
«Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін»

«Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін»

Қаратөбе ауданында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрмет ордені және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Ақұштап Бақтыгерееваның 75 жасқа толу мерейтойына арналған «Жайықтың бағы – Ақұштап» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Ақ Жайықтың ақын қызын аудан шекарасынан күтіп алған Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев бастаған топ қонақтарға құрмет көрсетіп, ақ  дәм ұсынды.

Ақұштап Бақтыгерееваның мерейтойына орайластырған шарада кеш иесі мен келген қонақтар Саралжын ауылдық округіне аттанып, Ақбақай жеріндегі дарынды дала бұлбұлы Мұхит Мерәліұлының басына барып, Құран бағыштап, тағзым етті.

Қонақтар аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесіндегі ақынның шығармашылығына арналған «Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін» атты көрмені тамашалады.

Ақынның өнері мен өмірі ұштасқан шығармашылық әлеміне арналған әдеби-сазды кеш Нұршат Исламғалиевтың орындауындағы сал Мұхиттың «Айнамкөз» әнімен шымылдығын түрді.

Сахна төріне көтерілген ауыл ақсақалы Мәулен Қожақметов келген қонақтарға қош келдіңіз айтып, әдебиет әлемінде айшықты қолтаңбасы қалыптасқан ақынға шығармашылық табыс тіледі. Кеш барысында Ақұштап Бақтыгереева:

– Еліміздің батыс өңірінде өзіндік ән мектебін қалыптастырған Мұхит пен Ғарифолла сынды тұлғалардың туған топырағындағы өнерлі өлкенің халқымен сырласқалы келдім. Мен сіздермен жүздескеніме, оның негізі жастар, қыздар болғанына қуаныштымын. Үлкеннің айтқанын ұғатын, көкірегінде өнер тұнған ел-жұртпен қауышу – мен үшін мәртебе. Қазақ қыздары, оқыңыздар, ғылым іздеңіздер.  Дегенмен, ең қиын мамандық – ана болу екендігін ұмытпаңыздар. Саналы, есті ұрпақты сіздер тәрбиелейсіздер. Біз де ана болдық, әже болдық. Намыс пен арыңды қорға, сонда болашағың жарқын болмақ, қыздарым! Даңғырлаған, өлеңі мен әуені келіспейтін әнге қарағанда, домбыра үнін, Мұхит пен Ғарифолланың әнін тыңдаңыздар. Мейірімді болыңыздар, елдің тарихын біліңіздер, – деп жастарды ұлттың тарихы мен дәстүрін қадірлеп, қастерлеуге шақырды.

Ақын Ертай Бимұханов жүргізген шығармашылық кеште Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңіне жазылған «Оралдың ерке самалы», «Алғашқы көктем», «Мен сені ойлайтынмын», «Жіберілген хат» әндерін аудандық мәдениет үйінің әншілері шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Рухани кеште облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен аудан әкімі Жанат Асантаев құттықтау сөз сөйлеп, ақынға зерлі қамзол кигізді.

Тағылымды шарада оқырмандар шеру құрып, кеш иесінің «Сәби мен жылан», «Ана махаббаты», «Болашақ бойжеткендермен сырласу» сықылды өлеңдері оқылды.

Ақ Жайықтан қанат қағып, қазақ поэзиясы айдынының Ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлең сүйер қауымға етене таныс. Әдеби-сазды шараға арнайы келіп «Қаратаудың басынан көш құлады», «Ақ Жайық», «Қап арқалап бара жатыр қыз бала» өлеңдерін оқыған халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, белгілі ақын Ғалым Жайлыбай Ақұштап  ақынға ақжарма тілегін арнады.

Кеш соңында өз өлеңін тебірене оқыған Ақұштап Бақтыгереева мерейлі кешке жиналған өнерсүйер қауымға және кешті ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.

Әсерлі шара «Қаратөбем» әнімен қорытындыланды.

Раушан   МЕРГЕНОВА,

Қаратөбе   ауданы