25.06.2019, 14:59
Қараулар: 682
«Балаусалықтардың» мұң-мұқтажына құлақ түрді

«Балаусалықтардың» мұң-мұқтажына құлақ түрді

Орал қаласы аумағындағы Зашаған кентіне қарасты «Балауса» шағынауданының тұрғындары көше жолдары құрылысы жүйелі жүргізілмей жатқанын айтып, дабыл қақты. Жақында тұрғындармен кездесуге Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев арнайы келді. Кездесуде «балаусалықтар» бірқатар мәселе шешімін таппай келе жатқанын мәлімдеді.

– Бүгінге дейін «Балауса» тұрғындарына есеп беруге Зашаған кентінің әкімі бой көрсетпеді. Сол себепті WһatsАpp желісінен топ ашып, күрмеулі түйткілдерді ашық айтуға бірауыздан ұйғардық. Зашағанға 2012 жылы Қазталов ауданының Жалпақтал ауылынан көшіп келдім. Бірақ қалаішілік жолдардың өзі әлі күнге асфальтталмаған екен. Жаңбыр жауған кезде көше бойы лайсаң, адам аяғын  алып  жүруі  қиын батпаққа айналады. Былтырдан бері жол құрылысы дұрыс жүргізілмей, қыс ішінде қайтадан жөнделді. Қалаішілік маршрут бойымен қатынайтын аутобустарға міну қиындады. Мердігер неге өз міндетіне салғырт қарайды? Қала әкімдігі және жол құрылысын қадағалайтын мекемеден тиісті деңгейде бақылау болмады. Сондықтан жол құрылысын аяқтап, барлық көшені асфальттауды қолға алуды талап етеміз, – деді «Балауса» шағынауданының тұрғыны, зейнеткер Меңзипа Қаматаева.

Тұрғындар көше жолдары құрылысының тиянақты бітпегеніне наразы. Сорақысы, құрылыс компаниясы былтырғы қараша-желтоқсан айларында жол бетіне төселген асфальт қабатын кесіп, астына су өткізетін құбырлар салған. Шаһар басшысы бұл сауалға жауап бере келіп, қаланы дамытуға бөлінген бюджет қаражатының басым бөлігі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға және жол салуға жұмсалып жатқанын айтты. «Балауса» шағынауданында асфальт салуды бастаған мердігерге әкімдік бережақ болып қалған.

— Республикалық бюджеттен қаражат былтырғы жаздың ортасында бөлінді. Қоғамдық көліктер қозғалысына кедергі келтіретін болған соң және уақыт жоғалтпас үшін «Приоритет» ЖШС асфальттың бірінші қабатын құйып шықты. Кейін оны бұзып, жол асты құбырларын салды. Енді серіктестік құбыр салынған тұстарды тегістеп, ретке келтіреді, – деп түсіндірді қала әкімі.

«Приоритет» ЖШС директорының орынбасары Ерлан Кенжиннің айтуынша, қала әкімдігі мердігер мекемеге 200 млн. теңге қарыз. Егер бюджеттен қаражат толық бөлінсе, серіктестік жоспарланған жұмысты аяқтауға дайын.

– Былтыр жаздың соңында «Балауса» шағынауданындағы 7 көшеге жалпы ұзындығы 3,5 шақы-рым асфальт төсеуді бастадық. Жоба құны – 600 млн. теңге. Бұған дейін жоспарланған көшелер бо-йындағы жол бетіне асфальттың төменгі қабатын төседік және тротуар тарттық. Енді асфальттың беткі қабатын құйып шығуымыз керек. Биыл жол құрылысына бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Бірақ сәуір және мамыр айларында 400 млн. теңгенің жұмысын орындадық. Қазіргі кезде жол құрылысына қаражат болмай, тоқтап тұр,  – деді  Ерлан Кенжин.

Зашаған арқылы өтетін №7 маршрут аутобустарының «Пост» аялдамасына және қалалық №6 емхана алдына тоқтамайтыны да «балаусалықтарға» қиын тиюде.

— Ал №6 маршрут бойынша жүретін «ГАЗельдер» аялдамаға 30-40 минут кешігіп келеді. Бұл бағыт-та да тиісті деңгейде қадағалау жоқ. №7 маршрут көліктерінің тең жартысы ескірген және уақыты кешкі сағат 20.00-ге дейін ғана. Аялдамалардағы таңғы және кешкі қарбалас өте қауырт. Зейнет жасына жетпеген егде адамдар жұмыс орнына, науқастар емханаға, балалар мектепке уақтылы бара алмай, кешігіп жатады. Сондықтан №22 маршрут аутобустарын «Балауса» арқылы түнгі сағат 23.00-ге дейін жүруін ұсынамыз. Қоғамдық көліктер қозғалысын қадағалауға қаражат қажет емес қой. Әкімдік жолаушылар тасымалымен айналысатын ұйымдар жұмысын қадағаласа болды емес пе?! – деді жиынға қатысқан тұрғындардың бірі Гүлмария.

– №7 маршрут бағыты бойынша 36 аутобус жолаушы тасымалдайды. Алғашқы және соңғы аялдамаға дейінгі уақыт интервалы 1,5 сағат шамасында.

Аутобустардың белгіленген кестеден кешігіп жүретіндігінен хабардармыз. Қазіргі уақытта қала ішіндегі «Омега» көпірі күрделі жөнделуде. Соған байланысты маршруттар кестесіне өзгеріс енгізіліп, көліктер қозғалысының уақыты ұзарды. №6 маршрут көліктерінің қала маңындағы Асан ауылынан бермен келіп жетуіне 90 минут белгіленген. Алдағы уақытта сала мамандарымен кеңесе отырып, «Балаусаға» қатынайтын қоғамдық көліктер қозғалысын тиімді ұйымдастырылуына көңіл бөлеміз,  – деді М. Мұқаев.

Айта кетейік, «Балауса» шағынауданында 1500 адам тұрады. Тұрғындар мектеп пен балабақша және балалардың ойын және спорт алаңдары қашан салынатындығын сұрады. Қала әкімінің айтуынша,

Шолан батыр көшесінде бой көтеретін 900 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы бір-екі ай турасында мемлекеттік сараптамадан өтеді.

– Жобалық типтік үлгідегі балабақша ғимаратын салуға 1 млрд. теңге шамасында қаражат қажет. Бюджеттен бұл жобаға қаржы қарастырылмаған. Осы қаражатқа жол саламыз ба, әлде балабақша тұрғызамыз ба? Балабақша ғимаратын тұрғызу мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асуы тиіс. Оған жергілікті кәсіпкерлердің шамасы келмей отыр. «Балауса» аумағында қажетті жер телімдері қарастырылған. Балабақша ашу – тиімді бизнес. Мектепке дейінгі ұйымдардың біразы демеуқаржы (субсидия) алып отыр, – деген  Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев тұрғындар сауалына орай «Samruk-Kazyna Trust» АҚ-мен балалар ойын алаңын салуға келіссөз жүргізетінін жеткізді.

Тұрғындар қоқыс салатын контейнерлердің өте аз екенін және жазғы мезгілде өртенетін қоқыс полигонының иісі ауаға таралатынын, улы түтін зардабы денсаулыққа қауіпті екендігін де алға тартты. «Жол батпақ болған кезде, мектепке резеңке етікпен барамыз. Қоғамдық көліктер ерте тоқтайды. Қоқыс контейнерлері басты көшелерге ғана қойылған. Оған қоқыс төгудің өзі мұң. Тұрмыстық қалдықтар уақтылы тасымалданбайды, контейнерлерге сыймай төгіліп жатады. Иесіз жүретін бұралқы иттерге тосқауыл жоқ, қоқыстарды қопарып, шашып тастайды», – деді №30 мектепте оқитын Аружан Базарғалеива. «Балаусалықтармен» кездескен қала әкімі Мұрат Мұ-қаевқа тұрғындар жобалардың жүзеге асатын мерзімін нақты айтуды талап етіп жатты.

– «Қашпаған қашардың уызынан дәметпе» дейді ғой, наразылық білдірген тұрғындар шақыртуымен келген қала әкімі Мұрат Мұқаев қалыптасқан ахуалды түзейтініне уәде берумен ғана шектелді. Шаһар басшысы келеді деген соң, көшедегі көзбояушылық көзге ұрып тұрды. Күн батуға таялса да, №6 және 7 маршруттағы  аутобустар әлі жүріп жатқанына таңмын. Жолшылар көшедегі құбыр салғанда ойылған тұстарды тегістеп, жолды жөндеп жатқан сықылды көрінді. Ат үстіндегі  азаматтар, әкімқаралар мұндай көз алдауға жол бермеуі, көзбояу-шылыққа төзбеуі тиіс, – деді Зашаған кентінің тұрғыны Жаниха Сәресова.

Нұртай    АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар