25.06.2019, 14:55
Қараулар: 168
Саяжайдағы ұрлық ашылды

Саяжайдағы ұрлық ашылды

Маусым айының басында Орал қалалық полиция басқармасына «Малиновый сад» саяжай қоғамында бірнеше ұрлық фактілері орын алып, ал күдіктінің саяжайда тұрып жатқаны туралы жедел мәліметтер түсті.

Суыт хабар бойынша атқа қонған тәртіп сақшылары аталмыш саяжайды және іргелес орын тепкен «Коммунальник» саяжай қоғамын мұқият тексеріп шықты. Жіті қадағалау мен іздестіру барысында бірнеше қылмыс жасаған күдікті В. есімді азамат өз мекенжайынан ұсталды. Одан әрі күдіктінің үй-ішін және ауласын тексерген жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары, басқарманың жедел-тергеу тобы ұрланған заттар мен жеке мүліктерді тапты. Бұлтартпас айғақ заттарды көрсеткен кезде ұрлыққа жол бергенін мойындады. Бұл аз дегендей, үйінен есірткі тектес зат пен шолақ  мылтық  тәркіленді.

Нақтырақ айтсақ, 1977 жылы туған, еш жерде жұмыс жасамайтын, «Малиновый сад» саяжай қоғамының тұрғыны В. есімді азамат «Никель» саяжай қоғамындағы бір үйден қара түсті бейнекамера ұрлаған. 1975 жылғы үй иесіне 90 мың теңге шығын келді. Тәртіп сақшылары бейнекамераны тәркілеп, иесіне тапсырды. Өзі мекендейтін саяжай қоғамындағы бір үйдің сыртқы есігін бұзып кіріп, Ресейде жасалған моторлар жиынтығын, «Бирюса» тоңазытқышының электр моторын ұрлаған. Орал қаласының тұрғы-ны, 1936 жылғы зейнеткерге 210 мың теңге шығын келді. Тағы бірде «Коммунальник» саяжай қоғамындағы үйдің пластик терезелерін сындырып кіріп, су айдайтын моторды, перфораторды, ағаш кесетін құралды, 150 метр изовер сықылды жеке мүліктерді ұрлаған. 1989 жылғы саяжай иесіне 163 мың  теңге  шығын  келді.

Бірнеше ұрлыққа қатысы бар деп танылған күдіктінің үйін тінткен полиция қызметкерлері сыйымдылығы бір литр болатын бес бөтелке және сыйымдылығы жарты литр болатын төрт бөтелке есірткі тектес заттар тапты. Есірткі тектес заттар сот-медициналық сараптамасына жөнелтілді. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктері мен қырағылықтары нәтижесінде қос ауызды шолақ аңшы мылтығы табылды. Мылтық та сот-медициналық  сараптамаға  жіберілді.

Бүгінгі күні Орал қалалық полиция басқармасы бұл күдіктінің өзге де қылмыстар мен құқық-бұзушылықтарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында тергеу амалдарын жүргізуде. Күдікті деп танылған азаматқа 17 рет ұрлық жасағаны, заңсыз қару сақтағаны және есірткі тектес затты сақтағаны үшін айыпталып, тергеу  абақтысына  қамалды.

Бірнеше ұрлықтың ашылуына Орал қалалық ПБ ЖПҚб №9 учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Марат Байарыстанов, учаскелік полиция инспекторының көмекшісі, полиция аға лейтенанты Медет Рахадилов, тәуліктік кезекшілікте болған жедел-тергеу тобындағы тергеуші, полиция майоры Талғат Жүсіпқалиев, криминалист, полиция аға лейтенанты Қолқанат Аққұнанов, жедел уәкіл, полиция старшинасы Ринат Биғалиевтің зор септігі тиді.

Қылмыстық іске қатысты барлық материал жинақталуда, әрі қарай сотқа жолданатын болады.

Орал  қалалық  полиция  басқармасының баспасөз қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар