25.06.2019, 14:53
Қараулар: 197
«Баланың бөтені болмайды»

«Баланың бөтені болмайды»

Жақында жұмыс сапарымен Сырым ауданына барып қайтқан едік. Аудан орталығында ағайынды балаларды патронаттық тәрбиеге алған екі отбасы тұрады екен. Кейіпкерлерімнің бірі

Әділжан – Тұрсын Абдоллақызының бауырына басқан үлкен ұлы. Ол болашақта суретші-мүсінші болуды армандайды. Бізді Әділжан салған суреттер таңғалдырды. Ол суретті, шынымен де, әйбат салады екен. Өзі әр сөзін ойланып, қаққан шегедей нықтап айтады.

– Ауылда тұрып жатқаныма бір жылдай болды. Қазір бесінші сыныпты бітірдім. Кураторым – Ернар Тайманұлы.  Маған қазақ тілі, орыс тілі, көркем еңбек пәндері қатты ұнайды. Бұл жерде менің өз үйім, өз отбасым, ағам, тума-туыстарым бар. Қыдыратын жер көп. Атқа мініп, асық ойнаймын. Сурет, күрес үйірмелеріне қатысып жүрмін. Өзімді сурет өнері бойынша дамытқым келеді, – деп ақтарыла сөйлеген Әділжан сәл үнсіздіктен соң,  «Сіздер бізге келе бермеңізші» деді ойлы көздерімен тура қарап. Керемет әңгімелесіп отырып, тосыннан дүңк еткізген оның сөзіне таңданып, «Сен өзің туралы газетке жазғанымды қаламайсың ба?» деп сұрадым. «Жоқ, жаза беріңіз, тек менің жаңа өмір бастағым келеді», – деді ол.  Осы арада әңгімеге араласқан Тұрсын Абдоллақызы «Сіздерді  «Балалар ауылынан» деп ойлап қалған ғой.

Олар балалардың жағдайын білу-ге жиі келеді. Сол кезде  бұлар сәл-пәл алаңдап, мазасызданып қалады» деп жуып-шайып жатыр. Басқа бөлмеден жүгіріп келген сүйкімді балапан Равиль маған суреттерін көрсете бастады.

– Мынау – гүлдер. Бұл гүлдерді мамама беремін. Мынау – біздің отбасымыз! Мамам, Бағыжан көкем, Әділ ағам, мен және мысығым. Кисуля сүт ішіп жатыр. Мынау – велосипед теуіп келе жатқан досым Жанерке. Жаз мезгілін жақсы көргесін жаздың суретін салдым. Жазда күшті ғой, ойнаймыз, қыдырамыз, – дейді еркелей сөйлеген  бес жасар Равиль.

Наурыз мерекесінде Тұрсын Абдоллақызы екі ұлын алып,  мерекені  тамашалау үшін орталық алаңға шығады. Жағалай тігілген киіз үйлер, ән айтылып, мереке қызып жатыр. Бір кезде үстелдің үстінде тұрған құмыра толы қызғалдақты көрген Равиль жүгіріп барып, гүлдерге жабысады. Қолына қысып ұстап алып, «Бұл гүлдерді мамама беремін!» деп тұрып алады. «Тақпақ, өлең айтсаң ғана береміз» дегенге, киіз үйдің ішіне кіріп, тақпақ айтып, ақыры әлгі қызғалдақты мамасына алып береді. Онымен қоймай, сүйкімді бала аудан әкімінің батасын әрі сыйлығын алып шығады.

«Үлкен ұлым 8 наурызда қызғалдақ сыйлап еді. Соны көріп, гүл сыйлағысы келген ғой. Равиль кез келген адамды өзіне баурап алады. Ақылды, алғыр бала», – дейді Тұрсын апа.

«Ұлдарым   –   Алланың   сыйы»

– Бұл балалар – біздің үйге келген Алланың сыйы.  М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың үшінші курс студенті, жалғыз ұлым  Бағыжаным да бауырлары болғанын қалады. Өзім де «Балам жалғыз болмасыншы» деп қолдадым. Ұлым өзіне бауырларын өзі таңдап алды. Өзім өмірде жалғызбын. Отбасында жалғыз қыз болып өскендіктен, анам мені қатты еркелетіп, мейірімге бөлеп өсірді. Ұлым қалаға кеткенде босап қалған үйім Әділ мен Равиль келгелі күміс күлкіге бөленіп, жарқырап шыға келді. Өзім бұл балаларға туған ұлдарымдай бауыр басып қалдым. Бірге қуанамыз, бірге күлеміз, бірге жылаймыз. Мектепте мұғалім болып жасайтындықтан, баланың балалығы мен шалалығы болатынын жақсы түсінемін. Сондықтан қиналдым деп айта алмаймын. Балалар өте еңбекқор. Әділжаным бастаған ісін аяқтамай, орнынан тұрмайды. Үлкен ұлыммен керемет тіл табысады. Ол да қаладан інілерін сағынып келеді. Бағыжанның бойы ұзын ғой. Сондықтан екеуі оған «Бәйтерек» деп ат қойыпты. Әділжан кейде оны «Қыраным» деп те атайды екен. Ұлдарым маған үй шаруасына көмектеседі. Бір шелек су көтеріп келе жатсам, «Мама, көмектесейік!» деп ойындарын тастай салып, жүгіріп келеді.  Кешкілік күбір-күбір әңгіме айтып, жатып болмаймыз. Жұмыстан шаршап келгенде ұлдарым келіп «Мама!» деп мойныңа асылғанда бәрін ұмытасың. Баланың бөтені болмайды ғой. Балалардың бәрі жақсы. Біз тек оларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, мейірімге бөлеп, тура жолға салып жіберуіміз керек. Өзім кейде анамның маған берген шексіз мейірімін осы кереметтеріме беріп жатқандай боламын. Алда жоспарымыз көп, ең бастысы, балаларым аман болсын! – дейді бізбен ақтарыла сөйлескен Тұрсын апа.

«Балам   жалғыз   болмасыншы   деп…»

Келесі кейіпкеріміз – Гүлнәр Кабулова – Бұлдырты ауылының тумасы. Жұбайы бес жыл бұрын өмірден өткен. Жалғыз ұлы Асұлан – Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың магистранты. «Мама, мен бауырларым болғанын қалаймын. Бала асырап алайық» деп ұсыныс айтып, қажетті мекемелермен сөйлесіп, құжаттарды жинасқан да сол жалғыз ұл екен.

– Алғашында «Жасым 55-ке келді. Бізге бермейді ғой. Бір-екі жылда өзің де үйленесің, балалы боласың ғой» дегенімде, «Ағалап», анда-санда келіп тұрса да жақсы ғой» дегесін құжат жинап, ағайынды Берік пен Диананы өткен жазда үйге алып келдік. Жасыратыны жоқ, басында қатты қиналдым. Қараусыз қалған балалар ғой. Жұмысқа шығарда есікті кілттеп кетсем, терезеден сыртқа шығып кетеді. Көршілер «Балаларың сыртта жүр» деп хабарласады. Қарапайым жуынып, төсектерін жинауды білген жоқ. Қазір жайлап үй-реніп келеді. Мен оларға төсек жинауды, киімдерін жинап жүруді үйреттім. Үлкен ұлыммен жақсы тіл табысады. Үшеуі тату. Қазір олар үйдегі қол жуатын шелекті өздері төгеді. Өзім жалғыз ұлымды еркелетпей, жұмсап өсіріп едім. Қазір содан тек жақсылық көріп отырмын. Ал 10 жасар Берік пен 8 жасар Диананы еркелетемін. Арасында ұрсып аламын. Диана көп ренжімейді, Берік ашуланып, томсырайып қалады. Өзім ұрсып алып, аяп кетемін. Балалар, негізі, айқайға үйреніп қалған. Басында жаймен айтқанды түсінбейтін. Қазір біздің үйдің тәртібіне үйреніп келеді. Тоғыз айда балаларға бауыр басып кеткенім соншалық, үйден шығып кетсем, алаңдап, сағынып отырамын, – дейді Гүлнәр апа.

Бұл үйдегі Берік пен Диана томаға-тұйықтау, бұйығылау екен. Диана екінші сыныпты аяқтады. Анасының көмекшісі. Әнді жақсы айтады. Ол бізге әке-ана  туралы әдемі ән орындап берді. Ал Берік өскесін шаштараз болуды армандап жүр. «Неліктен шаштараз болғың келеді?» деген сұрағыма «Өзіме шаш қиған ұнайды» деп жауап берді. Одан бөлек Берік техникаға құштар. Бірде Гүлнәр апа  шай ішіп отырып, «Аспалы шамның шеті сынып қалыпты ғой» деп әңгіме етеді. Жұмыстан келсе, Берік «Мама, мен аспалы шамды алып қойдым» деп алдынан шығады. Анасы болса, «Өзінше маған көмектескісі келген шығар. Бірақ тоққа соғылып қалса, не істер едім?» деп сол күнді қорқынышпен еске  алады.

– «Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған» елміз ғой. «Жүрегіңнің жұмсақтығын қаласаң, жетімнің басынан сипа» демекші, соңғы кездері өзімнің жұмсарып бара жатқанымды байқаймын. Менің мақсатым – балама бауыр болсын деп, бауырыма басқан балаларға дұрыс бағыт-бағдар беріп, қатарға қосып жіберу. Олар аналарын жақсы көреді, іштей сағынатынын да сеземін. Егер балалардың анасы жаңа өмірге бет бұрып, оларды өз қолыма ала-мын десе, қарсы болмаймын, ренжімеймін. Өйткені әр бала өз анасының мейіріміне бөленіп өсуі керек  кой, – дейді  Гүлнәр  апа.

Сырым ауданындағы Қадыр Мырзалиев атындағы орта мектептің директоры Марат Хабиболлаұлынан «Патронат балалар жаңа ортаға үйренді ме?» деп сұрадым.

– Патронаттық тәрбиедегі төрт бала біздің мектепте оқиды. Өмірдің қиын кезіне тап болып, психологиялық соққы алған балалар ғой. Басында ата-аналарға қиындау болды. Бірақ мектеп психологі, әлеуметтік педагог үйге барып, ата-аналармен жұмыстанды. Жаман бала болмайды. Бауырымызға басып тәрбиелесек, еліміздің үлгі тұтар азаматтары ның бірі болатынына сенемін. Балалар пысық, сыныптастарымен тез үйренісіп кетті. Жазғы «Достық» лагеріне жібереміз. Мүмкіндік болса, облыс, республика көлеміндегі лагерьлерге жіберуді жоспарлап отырмыз, – дейді  Марат  Хабиболлаұлы.

Сырым аудандық білім беру бөліміндегі қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі бас маман Дамир Қажиахметовтың айтуынша, ауданда қорғаншылық және қамқоршылықта 21 бала бар. Оның 5-еуі патронаттық тәрбиеде болса, 14-і жетім, 7-еуі – атаана қамқорлығынсыз қалған балалар.

– 2011 жылы патронаттық тәрбиеге алған кішкентай қыз қазір он жасқа толыпты. Соңғы жылдары жетімдердің басынан сипауға ықылас танытқан ата-аналар-дың қатары көбейіп келеді. Қазіргі уақыттың өзінде үш кандидат патронаттық тәрбиеге бала алғы-сы келіп, дайындалып жүр, – дейді Дамир Махметұлы.

Бала асырап алу агенттігінің БҚО бойынша маманы Римма Көбейсінованың айтуынша, 2016 жылы «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» болып ашылған жобаның үш жылдық жұмысының нәтижесінде 8,5 мыңнан астам адамға баланы отбасына орналастыру мәселесі бойынша кеңес беріліп, 700-ге жуық асырап алушы отбасыға құқықтық және психологиялық көмек көрсетілген. Бүгінгі таңда еліміздегі жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар-ға арналған 113 интернатты мекемелерде 5 444 бала тұрып жатыр. Соңғы үш жылда республикамызда 2 500-ге жуық бала отбасыларға берілсе, соның ішін-де 1 036 бүлдіршіннің отбасына орналасуына аталмыш қор ық-пал еткен.

2016 жылдан 2019 жылдың мамыр айына дейін біздің өңірде бала асырап алуды қолдау орталығында 301 отбасы мен жалғызбасты әйелдер кеңес алған. Биыл 39 отбасы агенттіктің қызметіне жүгінген. Үш жыл ішінде бала асырап алуды қолдау орталығының бала асырап алушы атааналар мектебінде 36 отбасылық жұп, 19 жалғызбасты әйел оқытылып, бірнеше отбасы жұмысқа орналастырылған. Соңғы  үш жылда өңірімізде аталмыш агенттіктің ықпалымен 55 бала отбасылармен өмір сүруге жолдама алған.

«Әрбір бала отбасында өмір сүруі керек» деген идеяның жүзеге асып, кейіпкерлеріміздің сауапты іске атсалысқандары көңіл қуантарлық-ақ. Біз олармен әңгімелесіп бола бергенімізде, Гүлнәр апаның үлкен ұлы Асұлан келді.

Ол бізге кішкентай кезінен көп балалы отбасыларға қызығып өскенін, қазір бауырларына аға болып, жол көрсетіп жүргеніне қуанатындығын айтты. Қайтар жолда біз көрші тұратын екі отбасыны ұл-қыздарымен суретке түсірдік. Алғашында  жаратыңқырамай қарсы алған Әділжан жай жымиып, бізбен жылы қоштасты. Маған ол ерте есейіп кеткендей, өз жасынан тым ақылды, тым сабырлы көрінді. Оның «Жаңа өмір бастағым келеді…» деген сөзі көпке дейін көкейіме оралып, санамда  жаңғырып  тұрып  алды…

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

Орал  –  Сырым – Орал