25.06.2019, 14:51
Қараулар: 302
Мемқызметке белсенді жастар керек

Мемқызметке белсенді жастар керек

Биыл елімізде Мемлекеттік қызметші күні алтыншы мәрте аталып өтілді. Айта кетейік,  2013 жылдың 20 желтоқсанында ҚР  Президентінің №716 қаулысымен 23 маусым –  Мемлекеттік қызметші күні болып бекітілген  болатын.

Өткен аптаның жұма күні өңірдегі мемқызметшілер өздерінің кәсіби мерекесін атап өтті. Облыстық мәслихаттың залында өткен салтанатты жиынға облыс әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық-қа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы Болат Исақов, мемлекеттік қызмет саласының қызметкерлері мен ардагерлері, үкіметтік емес ұйым мүшелері қатысты.

– Елге қызмет ету – абыройлы міндет. Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген екен. Әрбір мемлекеттің дамуына мемлекеттік қызметшілердің қосар үлесі зор екені даусыз. Мемлекеттік қызметші атану, адамның жан-жақты білімді, жауапкершілігі мол және білікті әрі кәсіби маман болуын талап етеді. Біз мемлекеттік қызметті тартымды әрі тұрақты ету мақсатында меритократия қағидасының сақталуы, ашықтық пен жариялылықтың қамтылуы, көрсетілетін қызметтерді цифрландыру секілді үш басым бағытты ұстанудамыз. Бүгінгі таңда өңірімізде төрт мыңнан аса мемлекеттік қызметші бар. Меритократия қағидасына және ротацияға сәйкес соңғы екі жылда «Орталық – өңір», «Өңір – орталық» және «облыс – аудан», «аудан – облыс» жүйесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік құрылымдардағы 100-ге жуық басшылық лауазымға осы қағидаттарға сай тағайындалды. Қызметі бойынша жоғарылаған азаматтардың 95 пайызы жергілікті кадрлар. Елбасымыз «Бола-шақ» бағдарламасымен шетелдерде білім алған жастарды елдегі жаңа реформаның негізгі күшіне айналуы үшін ауылдық жерлерге қызметке жіберу керектігін тапсырған болатын. Бүгінгі таңда облыс аумағында 140-тан аса «болашақтықтар» ел игілігіне қызмет етуде. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызмет саласына меритократия негізінде тек білімді де лайықты жастарды тарту керектігіне баса назар аударып отыр. Өткен жылдың өзінде біздің облыстағы 40-қа жуық мемқызметкер меритократия қағидатына сәйкес қызмет бабында жоғарылады. Сондықтан өңір жастарын белсенділік танытып, мемлекеттік қызметке келіп, ел әлеуеті мен экономикасын дамыту жолында өз үлестерін қосуға шақырамын. Жауапкершілігі мол салада адал қызмет етіп жүрген барша әріптестерімді бүгінгі кәсіби мерекелерімен шын жүректен құт-тықтаймын, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Сондай-ақ салтанатты шараға қатысушыларды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы Болат Исақов, мемқызмет саласының ардагерлері атынан Есберген Әжібаев, өңір кәсіпкерлері атынан Лилия Хайруллина құттықтады.

Жиын соңында мемлекеттік қызмет саласында жемісті еңбек етіп, абыройлы қызмет атқарып жүрген біраз батысқазақстандыққа облыс әкімі мен департамент басшысының алғысхаттары табысталды.

Олардың қатарында БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Асқар Әбуғалиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, Тасқала аудандық білім бөлімінің бас маманы Дәметкен Хаирова сынды мемқызметшілер бар. Сонымен қатар аталған шарада мемқызметшілер күніне орай өткізілген дәстүрлі спартакиаданың жеңімпаздары марапатталып, мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған жас мамандар ант берді.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар