25.06.2019, 14:48
Қараулар: 248
Тағы екі адам…

Тағы екі адам…

Өкінішке орай, біздің өңірде биыл суға бату тым жиілеп тұр. Мәселен, Батыс Қазақстан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің кеше редакцияға жолдаған мәліметіне қарағанда, өткен сенбі-жексенбі күндері және екі адам суға батып, жан тәсілім қылған.  22 маусым күні Бәйтерек ауданының Январцево ауылдық округіне қарасты Петрово ауылының маңында Ембулатов өзеніне шомылған 1964 жылғы ер адамның ажалы судан болған. Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандарының мәліметіне қарағанда, ол суға мас күйінде түскен көрінеді. Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері марқұмның жансыз денесін қайғылы оқиға орын алған күннің  ертеңіне  тауып,  судан  алып  шықты.

23 маусым күні Орал қаласының маңындағы «Вишневка-1» бау-бақша қоғамдастығының аумағында Шаған өзеніне шомылған 1966 жылы туған жігіт ағасы да суға батып, жан тапсырған. Түстен кейін сағат төрттің шамасында рұқсат етілмеген жерде суға түскен әлгі жазған судан шықпай қалған. Оның мүрдесін сол күні кешкісін БҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы судан алып шықты.

Биылғы суға шомылу маусымы басталғалы бері облыс бойынша 20 адамның ажалы судан болды. Осы марқұмдардың төртеуі – он екіде бір гүлі ашылмаған бейкүнә балалар. Асылы, үлкеніміз де,  кішіміз  де  абай  болайықшы,  ағайын!

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар