25.06.2019, 14:46
Қараулар: 118
«Ақжайық» «академиктерді» жеңді!

«Ақжайық» «академиктерді» жеңді!

Өткен жексенбіде бірінші топ командалары арасындағы футболдан ел чемпионатының кестесіне сәйкес Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Шымкенттің «Академия Оңтүстік» командасын қабылдады.

П. Атоян атындағы стадионда кешкі сағат жетіде басталған ойынның 43-минутында «Ақ-жайықтың» жартылай қорғаушысы Даниил Кочнев (№78) есеп ашып, біздің команданы алға шығарды. Алғашқы таймда «Ақжайық» басымдық танытқанымен, екінші кезеңде ойын барысы қос команданың шабуыл шоғын алма-кезек көсеуімен ерекшеленді. Сондай сәттердің бірінде, ойынның бітуіне бар болғаны бес-ақ минут қалғанда қарсыластар жандәрмен таразы басын теңестіріп үлгерді. Осыдан кейін Жайық жанкүйерлерінің салы суға кеткендей болған. Алайда қарайған тілеулестеріңнің алдында «жан беру» оңай ма?..

Абырой болғанда, негізгі уақыттың ең соңғы минутында біздің жартылай қорғаушы Руслан Қайыровтың (№18) зергерлік дәлдікпен берілген пасын және бір жартылай қорғаушымыз һәм хорватиялық легионер Денис Главина (№3) голға айналдырды. Осылайша «Ақжайықтың» аяқдопшылары оңтүстіктен келген «академиктерден» айласын асырды.

Айтпақшы, қос таймның арасындағы үзіліс кезінде осы ойынға кірер билеттердің нөмірі бойынша лотерея ойнатылды. Осы шараның нәтижесінде жолы болған жанкүйерлер біздің футбол клубының жейдесі мен шәлісіне, сондайақ екі көрермен жылдық абонементке, яғни биылғы біріншіліктің соңына дейін «Ақжайықтың» «үйдегі» ойындарын стадионнан тегін тамашалау құқына ие болды. Ал лотерея ұтысындағы ең басты жүлде – спорттық велосипед Абзал Молдағалиев есімді жанкүйердің тақымында кетті).

Күні бүгін Оралдың «Ақжайығы» 11 ойыннан кейін иеленген 19 ұпаймен бесінші орында келеді. Осы айдың жиырма тоғызыншы жаңасында Жайықтың жігіттері Қызылорданың «Байқоңырына» «қонаққа» барады. Ал туар айдың алтысында «Ақжайық» Алматының «Қайрат-жастар» командасын қабылдайды. П. Атоян атындағы стадионда өтетін үшбу ойынның сағат нешеде басталатындығын кездесуден бірер күн бұрын хабарлаймыз.

Өз  тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар