21.06.2019, 11:54
Қараулар: 357
«Қыз Жібек» қойған қойылым

«Қыз Жібек» қойған қойылым

Қасиетті өлкемізде дүниеге келіп, әр салада өзіндік із қалдыру арқылы есімдері ел есінде жатталған біртуар тұлғалар баршылық. Солардың бірі әрі бірегейі – Қазақстанның халық әртісі, театр және кино майталманы Меруерт Өтекешова өңірімізге келіп, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақтың ұлттық өнер университетінде өзі ұстаздық тәлім-тәрбие беріп жүрген бір топ талантты жастың өнерін туған елге тарту етті.

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысып, өңірімізге алғаш аяқ басқан жастарға «Қош келдіңіз!» айтты.

– Қойылымды көріп отырып, алыста қалған аяулы сәттер, бақытты бал балалық шағым есіме оралды. Осындай әдемі әсерге бөлеген жастарға ел-жұрттың атынан зор алғыс білдіремін. Біздің өңіріміздің ғана емес, жалпы еліміздің мақтанышына айналған Меруерт апамызға, жалпы талантты жандарға өнер десе, ішкен асын жерге қоятын біздің өлке халқының құшағы әрқашан айқара ашық. Ақ ерке Ақ Жайыққа сағындырмай келіп тұрыңыздар! – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Қазақтың ұлттық өнер университеті актерлік шеберлік және режиссура кафедрасының 2-курс студенттері сахналаған «Сол бір кез» музыкалық спектаклі бір топ жастың ауылда өткен бақытты балалық шақтары турасында сыр шертеді. Мектептегі қызықты сәттер, ең алғашқы аяулы сезімнің бүр жарған әдемі мезеті, мектепті бітіріп, ересек өмірге қадам басқан кездегі жастардың жүрек толқынысы әсем ән және қағытпа қалжыңмен сәтті әрленген. 17 қыз-жігіттің басынан өткерген он жеті түрлі тағдырға қарап отырып, еріксіз туған ауылың, алыстағы сол мекенде қалған ұмытылмас шақтар, аяулы сыныптастарың, ардақты достарың еске түседі. Бұл көрініс әр көрерменнің көңіліне ой салып, жүректегі сағыныш отын маздатқаны анық.

Талантты да талапты жастардың ұстазы Меруерт Қаратайқызының айтуынша, өзі жетекшілік ететін бұл топтың студенттері шеттерінен алғыр, белсенді әрі жаңашылдыққа, үйреніп-білуге ерекше құштар.

– «Бұл топ – республикалық пәндік олимпиадада үшінші орын, Қарағанды қаласында өткен «ТТТ» халықаралық фестивалінде екінші орын алып, Қазақтың ұлттық өнер университетінде өткен «Жыл студенті» байқауында ең үздік студенттер тобы деп танылған, нағыз мықтылар тоғысқан топ. Өздерінің таланттары да, талаптары да таудай, болашақта бас біріктіріп, өз алдарына жеке театр ашуды армандайды. Өңірлерге, соның ішінде алыс ауылдардағы өнерге сусап отырған жандарға рухани азық сыйлау бірінші мақсат болса, одан кейінгі мақсатым – балаларымның кәсіби шыңдалуына, түрлі тағдырлар мен сан қилы жолды көру арқылы жан-жақты рухани толысуына септігімді тигізу. Ең алғашқы әсер ешқашан ұмытылмайтындықтан, әрдайым жүректің төрінде сақталатындықтан, шәкірттерімнің ең алғашқы сапарын ару Жайықтан бастауды жөн санадым, – деп әңгімеледі М. Өтекешова.

Оралдық көрермендерге әдемі әсер сыйлаған «Сол бір кез» қойылымы одан әрі қарай Қазталов, Жаңақала аудандарындағы және Атырау қаласындағы көрермендердің  назарына  ұсынылады.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар