21.06.2019, 11:49
Қараулар: 267
Жерлестер жеңіс тұғырында

Жерлестер жеңіс тұғырында

12-20 маусым аралығында Орал қаласында волейболдан ҚР V жазғы спартакиадасы өткізілген болатын. Еліміздің алты өңірінен келген командалар қатысқан додада батысқазақстанның ерлер командасы бас жүлдені, әйелдер командасы екінші орынды иеленіп, жерлестерінің мерейін үстем етті.

Биыл еліміздің барлық ірі қалаларында ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының V жазғы спартакиадасының өтуі спорт саласындағы маңызды жаңалықтардың біріне айналуда. Спартакиаданың басты мақсаты – республикамыздың өңірлеріндегі үздік спорт мекемелерін анықтау, 2020 жылғы Токиодағы ХХХІІ жазғы олимпиада ойындарына қатысатын мықты спортшылар мен командаларды іріктеу.

Батысқазақстандық волейболшылар жарыстың бірінші күнінен-ақ керемет ойын өрнегін көрсете білді. Алғашында Алматы, кейін Ақтөбе, Атырау, Солтүстік Қазақстан өңірлері командаларын ойсырата ұтып, финалдық бәсекеде Маңғыстау облысының командасынан басым түсті.

– Республикалық деңгейдегі бұл бәсекеге біздің өңірден түлеп ұшып, бүгінде еліміздің жоғары деңгейдегі құрамалар сапында ойнап жүрген жерлестеріміз бас қосып, мықты команда шығарды. Бұл осы өңірде өсіп, шынығып, үлкен спортқа бағыт алған спортшыларымыздың бірлігі және туған жерге деген құрметі деп білемін. Тартысты бәсекеде біздің жігіттер командасы бірінші, ал қыздар командасы екінші орын иеленді. Бұл өте жоғары көрсеткіш, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева.

Айта кетейік, батысқазақстандық команда капитаны Виталий Вориводин, ойыншылар Антон Кузницов пен Петр Чурзин бүгінде Атырау облысының құрамасында, Владимир Прокофьев, Қайрат Байбеков, Данияр Нұрмұханбетов Маңғыстау командасында өнер көрсетеді. Ал Мирлан Бадашев, Денис Кучеров «ТНК-Казхром» құрамасында, Михаил Пономоренко «Есіл», Азамат Рахов «Қайсар», Айдын Әділбеков «Жайық», Евгений Гоф «Тараз» құрамалары сапында ойнайды.

Волейболдан әйелдер арасында өткен жарыста Алматы өңірінің командасы бірінші, БҚО командасы екінші, Қарағанды облысының құрамасы үшінші орынды иеленді.

Сайыстың жабылу салтанатында жеңімпаз командалар мен спортшыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Александр СТОЛЬНИКОВ, БҚО командасының бапкері:

– Өз командамды бүгінгі жеңістерімен құттықтаймын. Барлығы да біз ойлағандай болды. Жарысқа қатысушы командалар тыңғылықты дайындықпен келген. Біз бұл спартакиадағы негізгі және қосалқы құрамаларды дайындаған едік. Финалдық ойында негізгі құрамдағыларды тынықтырып, қосалқы саптағы ойыншыларды шығардық. Нәтиже жаман емес. Туған жердің намысын қорғау үшін бас қосқан жерлес спортшыларға өте ризамын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар