21.06.2019, 11:37
Қараулар: 341
Майор «Джимми»!

Майор «Джимми»!

Германияның Хиллерслевен қаласында әскери борышын өтеген жас жігіт Жымпитыға сержант шенімен оралды. Бұла күші бойына сыймаған сержантты Жымпиты аудандық ішкі істер бөлімі бірден қызметке қабылдады.

Еңбек жолын уақытша қамау абақтысының басшысы қызметінен бастаған Алтай Жұмажанов басшылық қай лауазымға тағайындаса да, өзінің милициялық міндетін мінсіз атқаруға тырысты. Жұмажановтың іздеу бөлімінің маманы, анықтаушы, учаскелік полиция инспекторы болып қызмет еткен кезеңі ХХ ғасырдың соңғы  дүрбелеңіне  тап  келді.

Алтай Жұмажановтың Жымпиты және Қаратөбе аудандарының шекарасында қылмыскерлермен болған атысқа қатысатыны да осы тұс еді. 1990 жылы жазда Жымпитыдан «Диагностика» автомобилін заңсыз айдап әкеткен екі жігіт жолай малшыларды тонайды. Қылмыскерлерге милиция жігіттер екі ауданның шекарасындағы егістіктің басында бетпе-бет келді.

Тарс-тұрс атыс басталады. Қылмыскердің біреуі оқиға орнында өледі, милиция қызметкерлерінің біразы жараланды. Осы операцияға қатысқаны үшін Алтай Жұмажанов «Қоғам тыныштығын сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды. Осынау оқиға туралы журналист Мүсірбек Айташев «Даладағы атыс» атты мақала жазды.

Алтай бала күнінен өнерге әуес еді. Гитара шертіп, ән шырқайтын. Қоғам тыныштығы жолындағы қауырт қызметке кірісіп кеткеннен кейін, өнер қалды-ау деп ойлады өзі. Бірақ  қалмайды екен.

1985 жыл. Орал қаласындағы «Зенит» зауытының мәдениет үйінде ішкі істер саласы қызметкерлерінің концерті өтіп жатыр. Сахнаға ұзын бойлы, иықты, шашын шалқасынан қайырған жігіт шықты. Үстінде қызметтік формасы, қолында  гитара. Гитараны ырғаққа салып алды да, бір кезде шырқай жөнелді.

– Горо ки на кало ки – и – и ,

– Дуния хайн дилуало ки – и — и!

Халық шу ете түсті. Үндінің әйгілі «Танцор диско» кинофильміндегі басты кейіпкер Джимми орындайтын әнді Жымпитыдан келген әдемі жігіт орындап тұр.

– Бұл әнді кинодан естідім. Ауылға жұмысқа келген шешен жігітінде осы әннің мәтіні бар екен. Бірінші рет «Зенит» мәдениет үйінде орындадым. Халық өте керемет қабылдады. Концерт біткеннен кейін, мені жібермей, бәрі қолымды алды. Бір жылдары Алматыға үнді әндерінің конкурсына қатысу мүмкіндігі туды. Тек бір өкініштісі, қызметіммен қат-қабат келіп бара алмадым, – деп еске  алады сол күндерді Алтай ағамыздың өзі.

Расымен де, «Goron kin a kalon ki» әні Алтай Жұмажановтың өнердегі төлқұжатына айналып кетті. Ол қонақ болып барған мерекелік кештерде, тойларда, отырыстарда халық міндетті түрде Алтай ағамыздан үндінің әнін орындауды сұрайды. «Қалағандарың сөз болса, Сұрағандарың біз болса…» деп Ақтан жырау айтпақшы, ағамыз ешқашан сұраған елдің көңілін қалдырған емес. Әрі-беріден соң, Жымпиты өңірі Алтай ағамызды «Джимми» деп атайтын болды. Бұл – оның өнеріне берілген халықтық баға еді.

Доғарыстағы майор Алтай Жұмажанов бүгінде зейнеткерлік демалыста. Демалыс деген аты ғана, ол кісінің демалатын уақыты жоқ. Біріншіден, ол – әке, ата. Жары Қарлыға апамыз екеуі ұрпақ қызығына бөленуде. Екіншіден, Алтекең – Сырым ауданындағы ішкі істер саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы, ал үшіншіден – «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің штаттан тыс тілшісі. Оның үстіне, концерттерде ән салады.

Полицейлердің кәсіби мерекесі қарсаңында осы мақаланы жазып, Алтай Жұмажановты басқа қырынан танытуға тырыстық! Аман жүріңіз, майор «Джимми!»

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар