21.06.2019, 11:33
Қараулар: 551
Нұрданат БЕРКІНҒАЛИ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Дұрыс тамақтанбау қатерлі ісікке шалдықтырады»

Нұрданат БЕРКІНҒАЛИ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Дұрыс тамақтанбау қатерлі ісікке шалдықтырады»

– Нұрданат Беркінғалиұлы, мәселені бірден қабырғасынан қойып, сұхбатымызды ең көкейкесті мәселеден бастайық. Бүгіндері аудан-ауылдарды айтпағанда, облыс орталығының өзінде дәрігерлердің жетіспейтіндігі халыққа да, билікке де мәлім жайт. Даладағы-қаладағы дәрігер жетіспеушілігін жою үшін сала басшысы ретінде қандай қам-қарекет жасаудасыз?

– Қазіргі уақытта кадр тапшылығы бар екені рас. Жыл сайын денсаулық сақтау басқармасының өкілдері және облыстағы медицина мекемелерінің басшылары  жоғары медициналық оқу орындарымен өткізілетін «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысады. Аталған шара барысында жас мамандар өңіріміздің медицина ұйымдарында жұмыс істеу үшін облысымызға тартылады. Биыл 115 маман  келеді  деп  жоспарлануда.

– Батыс Қазақстан облысы бойынша қанша адам квота кезегінде тұр? Былтыр және биыл қанша адам квотамен емделіп үлгерді? Жалпы, қандай диагноздар бойынша алысты-жақынды шетелдерде емделу үшін квота бөлінеді?

– Облысымызда жоғары мамандандырылған медициналық көмек алу үшін Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы ғылыми орталықтарда ем алу мақсатында 2018 жылы жолданған науқастардың саны (ересектер мен балалар) 1942, биылғы жылдың қаңтар–сәуір айларында 565 науқас жіберілді. Бүгінгі таңда ересектер мен балалар арасында кезекте 43 науқас тұр. Олар көз аурулары ғылыми-зерттеу орталығы, кардиохирургиялық, педиатриялық, нейрохирургиялық, медициналық, травматологиялық, ЭКО (экстракорпоральді ұрықтандыру) орталықтарына жолданбақ-шы. Ал шетелдерге ем алу үшін жолданған науқастар тіркелген жоқ.

– Біздің газеттің оқырмандары ішінара тегін берілетін дәрі-дәрмектің сапасына өкпе білдіріп жатады. Сіз қалай ойлайсыз, осы орынды реніш пе?

– Амбулаториялық деңгейде халықты тегін қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар тізіміне елімізде тіркеуден өткен және Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілгендер кіреді. Өнімнің қауіпсіздігін, сапасын бағалау дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың айналысқа шығуына дейін және олардың  фармацевтикалық нарықтағы айналымы кезінде жүзеге асырылады. Сол себепті дәрілік заттардың сапасына қойылатын талап қатал. Осынау талаптарға сай деп танылған дәрілік заттар халыққа қолжетімді болады. Кейде белгілі бір дәрілік заттар науқасқа жақпауы мүмкін. Ондай жағдайда науқас тіркелген медициналық ұйымға немесе дәріханаға  барып  шағымдануына  болады.

– Қандай медициналық қызметтер тегін көрсетіледі, реті келіп тұрғанда, ел-жұртқа соны айта кетсеңіз?

– ҚР Үкіметінің «Тегін медици-налық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысының негізінде бюджет қаражаты есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) еліміздің азаматтарына және оралмандарға ұсынылады. ТМККК-ға жедел медициналық көмек пен санитарлық авиация, амбулаториялық-емханалық көмек, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, консультациялық-диагностикалық көмек, стационарлық медициналық көмек, стационарды алмастыратын медициналық көмек, қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту, ҚР Үкіметі белгілеген халық санатына паллиативтік көмек және мейіргер күтімі кіреді.

Сонымен қатар ҚР Денсаулық сақтау министрінің «ТМККК шеңберінде дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен, оның ішінде белгілі бір аурулары бар азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық деңгейде тегін немесе жеңілдікпен берілетін дәрілік заттармен және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес тегін дәрі-дәрмектер де қарастырылған.

– Қалалық емханалардағы электрондық кезек жүйесінің тиімділігін халық әлі түбегейлі сезіне қойған жоқ. Дәрігердің қабылдауына алдын ала жазылып, күн ілгері белгіленген уақытында барған науқастың өзі дәрігерге кіру үшін кемі бір–екі сағат кезек күтуге мәжбүр. Осы мәселені қалай реттемек ойларыңыз бар?

– 2018 жылдың қаңтарынан облысымызда пилоттық режімде медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу енгізіле бастады. Осы жобаның аясында қағаз нысандары біртіндеп алынып тасталады.

Облыстың медициналық ұйымдарында мынадай ақпараттық жүйелер енгізілді: «Kazmedinform» медициналық ақпараттық жүйесі, қаланың 6 емханасында электрондық кезекті басқару жүйесі, жедел медициналық жәрдемді басқарудың «АДИС» аутоматтандырылған жүйесі.

2017 жылдың қараша айынан бастап k-vrachu.kz мобильдік қосымшасы енгізілді. Оны PlayMarket, App Store арқылы тегін жүктеп алып, Android, iOS операциялық жүйесінде жұмыс істейтін мобильдік құрылғылар арқылы дәрігердің қабылдауына жазылуға болады. Аталған мобильдік қосымшада тіркелген пайдаланушылардың саны бүгінде 32 мың адамды құрайды.

Мобильдік қосымшаның мүмкіндігі көп. Яғни дәрігерлер жұмысының кестесімен танысуға, тұрғылықты жері бойынша тіркелген учаскені анықтауға, дәрігер карточкасын қарауға, облыстың медициналық ұйымдарын қарауға және оларды картадан табуға, дәрігерді үйге шақыруға, дәрігердің қабылдауына жазылуға және қажет болған жағдайда жазылуды өзгертуге болады. Сондай-ақ Push хабарламалар және дәрігерге бару жөнінде ескерту функциялары бар.

Дәрігердің қабылдауына жазылуға арналған k-vrachu.kz веб-порталы жұмыс істейді. Веб-порталдың тіркелген учаскені іздеуге, дәрігердің (жалпы тәжірибелік дәрігер) қызмет көрсететін ауданын қарау, дәрігерді үйге шақыру, дәрігердің қабылдауына онлайн жазылу, дәрігердің кестесін, оның біліктілігін қарау, дәрігерді бағалау  мүмкіндіктері  бар.

Медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарында кезектілікті азайту үшін қаланың барлық емханасында «Электронды табло» электрондық кезекті басқару бағдарламасы енгізілді.

Қаланың алты емханасында және «Деркөл» дәрігерлік амбулаториясында «Казмединформ» медициналық ақпараттық жүйесімен интеграцияландырылған электрондық кезекті басқару жүйесі енгізілді.

– Орал қаласындағы гемодиализ орталықтарының жұмысы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығын қанағаттандырады ма? Бұл нысандар бойынша ел-жұрттан шағым бар ма?

– Орал қаласында «Нефрос Азия» ЖШС және «Биос» ЖШС гемодиализ орталықтары және Ақсай қаласында «Нефрос Азия» ЖШС филиалы жұмыс істейді. Үш орталықтағы жалпы орынның саны – 49. Осы орталықтарда ем алатын 200-дің үстінде науқас орталықтың медицина қызметкерлерінің көрсететін қызметіне қанағаттандырарлық баға берді, арыз-шағымдар түскен емес. Бағаларды орталықтарда анонимді түрде жүргізілетін сауалнамалардың нәтижелерінен көруге болады.

– Нұрданат Беркінғалиұлы, біздің өңірде трансплантация мәселесі бойынша ахуал нешік? Сіздің ойыңызша, бұл тақырыпты ел ішінде, халық арасында насихаттау кемшін емес пе?

– БҚО бойынша ағзалардың трансплантациясын жасайтын арнайы медициналық мекеме жоқ.

Ағза трансплантациясы бейінді маманның шешімімен анықталады. Дәрігер көрсетілімі болған жағдайда науқастар Нұр-Сұлтан қаласындағы онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығына жолданады. Бүгінгі таңда облыста ағза трансплантациясы жасалған 44 науқас бар. Оның 38-і бүйрек, екеуі жүрек, төртеуі бауыр трансплантациясы бойынша. Кезекте тұрған науқастар да бар. Жалпы, ағза транс-плантациясын қажет ететін науқастарды денсаулық сақтау бас-қармасы назарда ұстап отыр.

– Қазіргі кезде халық арасында «Соңғы жылдары қатерлі ісік, яғни онкологиялық дертке шалдығу жиілеп кетті» деген пікір жиі естіліп қалады. Бұл жаны бар сөз бе, өзі? Егер осы рас болса, онкологиялық ауру атаулы қандай факторлардың кесірінен белең алып тұр деп ойлайсыз?

– Бүгінгі таңда БҚО бойынша 6 мыңнан астам адам онкологиялық диагноздармен диспансерлік есепке алынған. Соңғы бес жылдың ішінде облыс бойынша қатерлі ісікпен ауырғандар 100 мың адамға шаққанда 222,5-ті құрап отыр немесе жылына алғаш есепке алынғандар саны – 1444 адам.

Халықаралақ зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, қатерлі ісіктің дамуына темекі тарту, дұрыс тамақтанбау (қуырылған, маринадталған тағам түрлерін жиі пайдалану), инфекциялық факторлар (түрлі инфекциялардың ағзаға түсуі), обыр ауруын тудыратын кәсіптік канцерогендік зат-тар, ауаның ластануы, ультракүлгін сәулесінің әсері (жасанды загар алушылар) шамадан тыс көп болуы, спирттік ішімдіктер, тұқым қуалаушылық әсер етеді. Бұл ретте ауру-сырқауды бастапқы кезеңде скринингтік сараптамалық анықтаудың алар орны ерекше. Қатерлі ісікті дер кезінде анықтаған жағдайда науқасты нәтижелі және толық емдеп шығуға болатыны бүгінде дәлелденіп отыр. Сондықтан скринингтік тексерулердің маңызы зор. Медициналық қызметкерлеріміздің онкологиялық дерт атаулыны анықтауын жоғарылату мақсатында Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандарымен оқытулар жүргізілді. Осы жылдың І тоқсанында 204 медициналық қызметкеріміз оқыды.

Қатерлі ісік ауруларына шалдығу қаупін төмендету үшін мынандай қарапайым ережелерді сақтау керек: темекіден бас тарту, артық салмақтан арылу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, күнделікті мөлшерде жеміс-жидек, көкөніс жеу, ашық күн астында және соляриде ұзақ болмау, профилактикалық скринингтен уақтылы өтіп отыру.

– Батыс Қазақстан облысының тұрғындары жүрек-қан тамырлары дерттеріне шалдығудан республика бойынша бастапқы орында көрінеді. Мұндай жағдай нендей себеп–салдарлардың кесірінен қалыптасып  отыр  деп  ойлайсыз?

– Облыс бойынша қан айналым жүйесінің ауруларынан болатын өлім-жітім өткен жылдың қорытындысы бойынша 2017 жылмен салыстырғанда 2,8%-ға төмендеді және республика бойынша 4-орында тұр. Жүрек-қан тамыр дерті әлемнің көптеген дамыған елдерінде де кең етек жайған. Жыл сайын қан айналым жүйесі ауруларының скринингтік тексерулері ұйымдастырылып отырады. Қазіргі күні облысымыздағы барлық медициналық ұйым «Ауруды басқару бағдарламасына» қосылған. Онда артериалды гипертензия (жоғары қан қысымы) және созылмалы жүрек жетіспеушілігі нозологиялары (ауруы) бақыланып отырады, адамдардың өз денсаулықтарын өздері басқаруы (самоменеджмент) арқылы  оң нәтижелерге қол жеткізуге болады. Оның басты себептері адамдардың сапасыз тамақтануы, қоршаған ортаның жағымсыз факторлары, артық салмақ, күйзеліс, зиянды әдеттерге әуес болудан, туа біткен жүрек ақаулары, т. с. с. болып табылады. Қазіргі таңда адамдардың өздерін кірістіре отырып, өз денсаулықтарына жауапкершіліктерін арттыруды қалыптастыру мақсатында және жалпы өлім-жітімді, соның ішінде жүрек-қан тамыры дерттерінен болатын келеңсіз жағдайларды азайту мақсатында ауру-сырқауды басқару бағдарламасы облысымыздағы барлық медициналық мекемеде енгізілген. Медициналық ұйымдарда салауатты өмір салтын ұстану кабинеттері, денсаулық мектептері жұмыс істейді.

– Нұрданат Беркінғалиұлы, облыс аумағында ауру-сырқауды алдын ала анықтау үрдісі сізді қанағаттандырады ма?

– Ауруды алдын ала анықтаудың негізі – скринингтік талдаулар. 2018 жылдан бастап 6 түрлі скринингтік талдаулар жүргізіле-ді. Олар қан айналым жүйесінің ауруларын, қант диабеті, глаукома, сүт безінің, жатыр мойнының және тік ішек қатерлі ісіктерін анықтау. Скринингтік талдауға жататын нысаналы топтың жас мөлшері кеңейтіліп, скринингтен өтуі жоспарланған адамдардың саны артты. Облысымызда скринингтік талдау үрдісі Қазақстанның басқа өңірімен салыстырғанда қанағаттанарлық. Биылғы жылдың  І тоқсан қорытындысы мен былтырғы жылды салыстырғанда анықталған қатерлі ісіктердің саны жиілегені байқалады, яғни бұл ауру ерте кезінде анықталса, оны емдеу жеңіл әрі тиімді, сонымен қатар сауығып кетуге мүмкіндік мол.

– Аудан-ауылдардағы медицина қызметкерлерінің білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мәселесі назарыңыздан тыс қалып жатқан жоқ па?

– Қызметкерлеріміздің біліктілігін арттыру курстары басты назардағы мәселенің бірі болып табылады. Әр бес жыл сайын медициналық қызметкерлер біліктілік арттыру курстарынан өтіп, сертификаттар алуда. Сертификатсыз маман жұмысқа алынбайды. Сонымен бірге түрлі оқыту циклдарына қатысып, тәжірибе алмасып отырады. Мысалы, өткен жылы 1856 дәрігер біліктілігін арттыру, 38 дәрігер қайта даярлау курстарынан өтті.

– Медицина қызметкерлерінің арасында салауатты өмір салтын нығайту үшін қандай іргелі істерге ұйытқы болып жүрсіз?

– Салауатты өмір салтын нығайту үшін жыл сайын медицина қызметкерлерінің арасында спартакиада ұйымдастырамыз. Спартакиадада жалпы спорт түрлері (волейбол, баскетбол, футбол) бойынша жарыстар өтеді. Бұл әріптестерді ынталандырып, денсаулығын нығайтуға негіз болады. Мәселен, таяуда қаладағы  медициналық ұйымдар арасында волейболдан жарыс өтті. Енді облыстық деңгейде болады. Жалпы, сайыстар аудандық, қалалық, облыстық деңгеймен шектеліп қалмайды. Әріптестеріміз республикалық сайыстарға да қатысып, жақсы өнер көрсетіп жүр. Мысалы үшін биыл Атырауда еліміздің батыс өңірлеріндегі медицина қызметкерлерінің арасында волейболдан жарыс өтіп, біздің облысымыздың командасы 3-орынға ие болды.

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар