21.06.2019, 11:21
Қараулар: 165
Аттракцион қауіпсіздігі бақылауға алынбақ

Аттракцион қауіпсіздігі бақылауға алынбақ

Облыс аумағындағы  аттракциондар  мен  батуттар қызметі  елімізде  2019 жылдың  1  шілдесінен  бастап қолданысқа  енетін  «Аттракциондардың  қауіпсіздігі. Аттракциондарды  пайдалануға  беру  және  оларды  пайдалану кезіндегі  қауіпсіздік  талаптары»  ұлттық  стандартына  сәйкес  бақылауға  алынбақ.  Бұл  туралы  апта басында облыс  әкімінің орынбасары  Миржан  Сатқановтың  төрағалығымен  өткен облыстық  төтенше  жағдайлардың  алдын  алу  және жою бойынша  комиссия  отырысында  айтылды.  Селекторлық режімде  өткен  жиынға  комиссия  мүшелерімен  қатар барлық  аудан  әкімдері  де  қатысты.

Биыл Қарағанды және Қостанай қалаларында қауіпсіздік шаралары дұрыс сақталмаған үрлемелі батуттарда қайғылы жағдайлардың орын алғаны мәлім.

Бірнеше баланың жарақаттануы мен бір жеткіншектің өліміне әкеліп соққан бұл оқиғалар қоғамда үлкен алаңдаушылық туғызды. Жұртшылық әлеуметтік желілер арқылы кез келген жерге батут орнатып, пайда тауып жүрген кәсіпкерлерге бақылау орнатуды сұрап, олардың біразының қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамайтынын жарыса жазған болатын. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін ұлттық стандартқа сәйкес аттракциондардың қауіпсіздігін бақылау қызметі жергілікті атқарушы құрылымға жүктелмек.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, Орал қаласында 18, Ақжайық ауданында екі, Бөрлі, Тасқала және Теректіде бір-бір батуттан орнатылған. Рейд барысында батут иелеріне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы жадынамалар таратылған.

– Өңірдегі барлық аттракционның қауіпсіздігі ұдайы бақылауда болуы тиіс. Әсіресе, үрлемелі батуттардың қызметі назардан тыс қалмағаны жөн. Батуттарды рұқсат етілмеген жерге таңертең құрып, кешқұрым жинап алатын пысықайлардың бар екені рас. Олардың бәрі бірдей қауіпсіздік шараларын сақтап отыр деп айту қиын. Аттракциондарда балалар мен жасөспірімдердің жарақатын болдырмау үшін қоғам болып атсалысуымыз қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары Миржан Сатқанов.

Комиссия отырысында талқыланған маңызды мәселенің бірі – тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Таубековтің айтуынша, өңірде жыл басынан бері 237 өрт тіркелсе, 158-і тұрғын үй секторында орын алған. Тілсіз жаудан төрт адам қаза тауып, сегіз адам зардап шеккен, біреуі кішкентай бала. Келтірілген шығын мөлшері 9,9 млн. теңгені құраған.

– Қаңтар-сәуір айлары аралығында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі бойынша айлық өткізілді. Түсіндіру шаралары 25 437 үйдегі 51 мыңнан астам тұрғынды қамтыды. Тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі тақырыбында БАҚ арқылы 231 материал таратылды. Қаладағы қоғамдық көліктер әлеуметтік жарнамалармен безендірілді, өрт қауіпсіздігі туралы ақпарат жазылған 100 мың дана автобус билеті сатылды. Сондай-ақ  60 мыңға жуық нан өнімдеріне өрттің алдын алу туралы жапсырмалар жапсырылды. 329 өрт қауіпсіздігі бұрышы, 1800-ден астам улы газ дабылқаққышы орнатылды, – деді Нұрлан Сейдаханұлы.

Жыл басынан бері жалпы аумағы 13,5 га құрайтын екі табиғи өрт пен 119 табиғи жанулар тіркелген. Тілсіз жаудың орын алу себептері – халықтың отты абайсыз пайдалануы мен құрғақ шөптерді рұқсатсыз өртеуі. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы құрылымдармен аудандарда 10 өрт сөндіру бекеті құрылып, жақын орналасқан 39 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жиында Қаратөбе, Бөрлі және Жаңақала аудандарында далалық бекеттер әлі құрылмағаны белгілі болды.

– Биыл суға батудың 13 фактісі тіркеліп, 14 адам қаза болса, соның үшеуі балалар. Жалпы, 2009-2018 жылдар аралығында облыста суда барлығы 262 адам қайтыс болды, оның ішінде 72-сі кәмелетке толмағандар.

Адамдардың суға батуының екі түрлі себебі бар. Балалар, әсіресе, мектеп жасындағы жасөспірімдер қарапайым суда жүзу дағдысын меңгермеген. Ал ересектердің ішімдік ішкен күйде суға шомылуы – қайғылы жағдайлардың орын алуына басты себеп, — деді Миржан Сатқанов.

Жиынға қатысушылар жазғы демалыс маусымында балалардың қараусыз қалуы, үй иелерінің электр жүйесіндегі ақауларға немқұрайлық танытуы, өрттің алдын алатын қарапайым қауіпсіздік шараларының орындалмауы төтенше жағдайлардың орын алуына әкеліп соғатын негізгі факторлар екенін бүгіп қалмады. Халықты жаппай құлақтандыру, БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы ақпа-раттық-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу қажеттігі айтылды. Бұл бағытта жергілікті атқарушы құрылымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың, жалпы қоғамдағы белсенді азаматтардың күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуі маңызды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі» 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар