19.06.2019, 11:32
Қараулар: 550
«Өрісті өнер өнегесі»

«Өрісті өнер өнегесі»

Осындай атаумен жаңа кітап жарық көрді. Кітапта республикалық «Үкілі домбыра» байқауларының екі дүркін лауреаты, дәстүрлі күйші, домбыра жасаушы шебер Едіге Нәбиевтің өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндалған.

Белгілі фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор, домбырашы-ұстаз Кәрима Сахарбаева және журналист Нұртас Сафуллин бірлесе құрастырған жинақ Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көріп отыр.

Кітапта өнер иесінің өнегелі өмір жолы, өскен ортасы мен балалық шағы, шығармашылығы туралы материалдар, сондай-ақ белгілі журналистер мен өнертанушы мамандардың Едіге Нәбиев туралы жазған мақалалары топтастырылған.

Алматы қаласындағы «Қазақ кітабы» баспасынан шыққан жинақ арнайы білім беретін оқу орындарына, зерттеушілер мен өнертанушыларға, жалпы оқырман қауымға арналған.

Жаңа кітаптың салтанатты тұсаукесер рәсімі және Едіге Нәбиевтің 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеші Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның үлкен залында 20 маусым күні сағат 17.00-де басталмақ. Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтетін аталмыш кеште Едіге Нәбиев және дәстүрлі өнердің өзге де танымал өкілдері өнер көрсететін болады.

Өз   тілшіміз

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар