19.06.2019, 11:31
Қараулар: 266
Теректі ауданының әкімі Әділ ЖОЛАМАНОВ: «Кәсіпкерлік қарқынды дамуда»

Теректі ауданының әкімі Әділ ЖОЛАМАНОВ: «Кәсіпкерлік қарқынды дамуда»

– Әділ Тауфиқұлы, биыл экономиканың нақты секторы бойынша сіздің ауданның аума-ғында қандай іргелі іс, ауқымды шаруа іске аспақ?

– Аудан экономикасы негізінен ауыл шаруашылығына маманданған. Сол себепті осы саладағы ауқымды жобаларға тоқталайын. Бізде мал шаруашылығымен айналысуға, егін салып, бау-бақша шаруашылығын өркендетуге ынталы адамдар көп. Инвестиция салушылар да бар. Мәселен, «RINGO-MILK» ЖШС Подстепный ауылдық округінің аумағында 600 бас ірі қара мал ұстауға арналған және тәулігіне 25 тоннаға дейін сүт өндіретін сүт-тауар фермасын салуға ниет білдіріп отыр. Инвестиция мөлшері жаңағы мекеменің өз қаражаты есебінен – 3,9 млрд. теңге. «RINGO-MILK» ЖШС құрылысты осы жылдың шілдесінде бастап, алдағы жылдың қыркүйегінде аяқтамақ. Болашақ сүт-тауар фермасының  құрылыс жұмыстарына  шамамен 150 адам тартылады. Ал нысан іске қосылған соң қырық шақты адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.  Бұл жоба жүзеге асқан соң, жоба авторлары бірінші кезеңде  жылына 7 мың тоннаға дейін сүт, суармалы жерлерде 8 мың тонна жем өндірмек. Екінші кезеңде дайын сүт өндіру жылына 300 тоннаға жетеді. Жобаның іске асырылу мерзімі – 2020 жыл.

Жайық ауылы маңында орын тепкен «Сырым-КЗ» шаруа қожалығы 1 млрд. теңге қаржы салып,  3000 бас мал  бордақылау алаңын, құрама жем зауыты мен ет комбинатын салуды қолға алды. Қазір құрылыс аяқтала келді, бүгіндері жаңа нысандардың құжаттары рәсімделуде. Толық іске қосылған соң өңірдегі ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорын – «Кублей» ЖШС-ға жылына 250 мың тонна ет тапсыру жоспарлануда.

Өсімдік шаруашылығына ден қойған «Жайна» ЖШС-ның басшылығы 100 млн. теңге инвестиция салып, осы жылдың аяғына таман немесе келер жылы көкөніс қоймасын салуды жоспарлап қойды.

Теректі ауданының тасжол және теміржол әлеуетін тиімді пайдалану мақсатында Ақсуат ауылдық округіндегі Пойма стансасы маңында аумағы 281 гектар индустриалдық аймақ салынуда.  Аймақ 14 шағын аумаққа бөлініп, машина жасау, былғары аяқ киім, буып-түю ыдысы, шыны, химиялық, тоқыма, тамақ, электр құрылғылары, құрылыс материалдары, жиһаз, резіңке және пластмасса өндірісімен айналысатын болады.

Алғабас ауылының төңірегінде мұнай өңдеу зауытын салуды қолға алған   «ABS-мұнай» ЖШС 2018 жылы бөлінген 50 га жер телімін толықтай қоршап, әкімшілік ғимаратының іргетасын құйып қойды. Биыл олар 30 млн. АҚШ доллар  (11,4 млрд. теңге) инвестиция құйып, әкімшілік ғимарат пен жылыту қазандығын салып, техникалық жарақтандыруды жүзеге асырмақ.  Жобалық құны 400 млн. АҚШ долларын (152 млрд. теңге) құрайтын зауыт құрылысы 2021 жылы аяқталуы тиіс.

Әлеуметтік қажеттіліктерге де инвестиция салушы кәсіпкерлер баршылық. Мысалы, «Теректі» шаруа қожалығы   қоғамдық монша кешенін салып жатыр. Кешен құрамында қоғамдық моншаға қоса, пиццерия және бассейн қарастырылған. Инвестиция мөлшері – 200 млн. теңге. Қазір ғимараттың сырты қапталып, монолитті іргетас құйылуда. Ішкі сылау-сырлау жұмыстары, қажетті қондырғылар орнату  маусым айында басталып, алдағы қыркүйекте кешен іске қосылады деп отырмыз.

«Таза ауыл» жеке кәсіпкерлігі  Подстепный  ауылдық округі аумағында, жол бойында асхана мен мейрамханасы бар кешен,  Подстепный ауылында супермаркет салу, сол маңдағы Барбастау ауылында жылыжай салуды жоспарлаған. Қазір кешен құрылысын қаржыландыру үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие алуға құжаттар рәсімдеу, бизнес-жоспар жасау үдерісі жүріп жатыр. Инвестиция көлемі – 430 млн. теңге. Және бір жеке кәсіпкер – «Сұлтанова» Жаңа өмір ауылында 100 орындық балабақша салуға бекініп, 0,5 га жер телімін аукцион арқылы алды. Жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.  Құны  80 млн. теңге болады деп жобаланған құрылыс 2019 жылдың  шілде айында басталады деп күтілуде.

Жалпы, аудан бойынша 157,8 млрд. теңгенің инвестициялық жобалары жасақталған. Мен тек ең ірілерін ғана айтып өттім.

– Былтыр Теректі ауданы кең байтақ Қазақстан бойынша кәсіпкерлікке ең қолайлы аудан ретінде танылып, сіз Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан жүлде алдыңыз. Биылғы жағдайыңыз қалай, кәсіпкерліктің қанат жаю қарқыны бәсеңдеп қалған жоқ па?

– Иә, өткен жылы Тұңғыш Президентіміздің қолынан марапат алып, кәсіпкерлікке ең қолайлы үздік аудан атандық. Біз үшін бұл зор мәртебе.  Аталмыш марапаттан серпін алған біз кәсіпкерлікті одан әрі өрістетудеміз. Ауданда қазір белсенді 1410 кәсіпкерлік нысаны бар.  Шағын кәсіпкерлік бойынша 4987 адам жұмыспен қамтылған. Күні бүгінге  кәсіпкерлер 17 миллиард 900 миллион теңгеннің тауарын өндіріп, қызметін көрсетіп, ауданның қаржы қазынасына  994 400 000  теңге салық түрінде кіріс құйды.

Кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды насихаттап, толғақты мәселелердің шешімін табу үшін тұрғындармен, кәсіпкерлерімен жиналыстар, дөңгелек үстелдер, жеке қабылдаулар және аудан әкімдігі жанынан құрылған кәсіпкерлердің консультативтік кеңесінің отырыстарын өткізіп тұрамыз. Кәсіпкерлікті ілгерілете түсу үшін аудан кәсіпкерлерінің «Теректі-инвест» форумы да өткізілді.

Жастарды және жергілікті жұрттың жұмыссыз бөлігін өз кәсібін ашуға шақырудамыз. Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын деушілер көп. Біз тек мал шаруашылығы, сауда-саттық немесе қызмет көрсету ғана емес, өнеркәсіп бағытын дамытуға да мүдделіміз. Өткен жылы аудан бойынша 943 млн. теңгеге 130 несие берілді. Соның ішінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған  бағдарламасы» аясында аудан бойынша 365,4 млн. теңгеге 96 несие берілді. Ал 2017 жылы 128 млн. теңгеге 36 несие берілген. Міне, осы дерек-дәйектердің өзі-ақ кәсіпкерліктің бұрынғыдан бетер қарқын ала түскендігін аңғартады.

Халықты тұрақты табыс, яғни тұрақты жұмыспен қамтудың бірден-бір көзі – кәсіпкерлік. Өткен жылы «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 224 тыңдаушы кәсіпкерліктің бастапқы теориялық даярлығынан өтсе, биыл алғашқы лекпен 45 тыңдаушы кәсіпкерліктің қыр-сырына  қанығуда.

– Әділ Тауфиқұлы, аудан кәсіпкерлерінің арасында ортақ іске жиі-жиі оң иығын тосатыны, көпке қолын созатындары бар ма?

– Тіл-көзіміз тасқа, шүкір, «Атымтай жомарт» жандар көп бізде. Ақшаңқан «Тақсай ханшайымы» кесенесін  біздің  ауданның 12 кәсіпкері күш біріктіріп, тізе қосып салып шықты.

 «Теректі» шаруа қожалығының басшысы Сержан Идиятов Федоров ауылындағы мектепті техникалық жабдықтауға көмек көр-сетіп келеді. Ол кәсіпкерлікпен айналысамын деген ынталыларға Федоров ауылында өзі салған  екі аялдама павильонын тегін пайдалануға ұсынды. «БатысЭкоТранс» ЖШС басшысы Роллан Меңдібаев бір еңбек ардагерінің үйіне газды тегін кіргізіп берді. Аудандағы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Майра Исенова табыс-кірісі мардымсыз, көп балалы отбасыларға киім-кешек алып берді. «Жайна» ЖШС-ның басшысы Нұрлан Нұрбаев та тұрмысы төмен отбасыларға әр кез көмек беруге дайын тұратын азамат. Егер тізе берсем, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға қолұшын беруге пейілді теректілік кәсіпкерлер аз емес. Қайырымды жандардың еңбегі жана бергей!

– Мемлекет басшылығы ішкі туризмді дамытуды қоғамдық санада қазақстандық патриотизмді нығайтудың маңызды бір бағыты ретінде қарастырады. Теректі ауданының туристік тартымдылығын арттыруға қатысты қандай жоба-жоспарларыңыз бар?

– Тарихы терең, табиғаты тамаша Теректі ауданының туристік тартымдылығы жоғары. Өзіміздің облысты айтпағанда, алысты-жақын біраз жерге танымал, біздің ауданның оңтүстік-батысындағы Шалқар көліне қатысты туризмді дамыту – бұл бағыттағы біздің жұмысымыздың ең маңызды күретамыр арнасы. Суының құрамы теңіздей айдын көлдің айналасын жанға жәйлі демалыс орнына айналдыру үшін жасаған жоспарымыз бар.  Қазір инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Теректі ауданының аумағында Шалқар көлінен өзге де туристік тұрғыдан тартымды нысандар баршылық. Бұл орайда бірінші кезекте көптеген дертке дауа емдік минералды Әлжан сорын, Тақсай ханшайымы кесенесі мен әлемге әйгілі жазушы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолоховтың саяжай-мұражайын атаған орынды болар. Бұларға қоса Жайық жағалауындағы ерекше қорғалатын табиғат ескерткіштері Ақжар (Белоглинный яр), Еменді (Дубрава) қорықшасы, Ахмади сайы, Сәуір жары, Алебастрово жары және Әлпи сайы да туристердің назарынан тыс қалмауы тиіс табиғи нысандар. Ең бастысы, Теректі ауданында туризмнің тынысын ашып, көкжиегін кеңейтуге, осы саланы дамытуға  жергілікті кәсіпкерлер ықыласты. Бұл бағыттағы дайын жобалар да бар. Мәселен, биыл Федоров ауылдық округі аумағындағы  Корейка тоғанында демалыс орталығын іске қосуды көздеп отырмыз. Бұл жер балық аулауға,  таза ауада демалуға  тамаша орын. Сондай-ақ Донецк ауылындағы мектеп ғимаратында балалар туризмі орталығын ашуды ойластырып отырмыз. Бұл нысан іске қосылған соң, аталмыш орталықта мектеп оқушылары жаз айларында демалуға, жазғы кани-кулдарын мәнді де мағыналы өт-кізуге керемет мүмкіндік алады.

– Сіз тізгінін ұстаған ауданда төртінші деңгейлі бюджетке іліккен қанша ауылдық округ бар? Ондай ауыл-аймақтың басшы-лары қазынаның қаржысын қандай мақсаттарға жұмсауда?

– 2018 жылдан бастап ауданның 6 ауылдық округі төртінші деңгейлі бюджеттік қаржыландыру жүйесіне ілікті. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға жағымды әсер етіп, қаржыландыру жүйесі мен коммуналдық меншікті басқару тиімділігін арттырды.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі бойынша дербес бюджетпен қамтылған  Ақжайық, Ақсуат, Подстепный, Федоров, Шағатай және Шаған ауылдық  округтерінің жалпы бюджеті 400 387,0 мың теңге, соның ішінде өз кірістері 73 546,0 мың теңгені құрайды. Түскен кірісті тыңғылықты есептеп, орнымен жұмсаған округтер қаржыны негізінен ауыл көшелерін жарықтандыру, жолдарды талапқа сай ұстау, балаларды мектепке дейін тегін тасымалдауды  ұйымдастыру сықылды ортақ шаруаларға бағыттауда.

– Әділ Тауфиқұлы, биылғыдай Жастар жылында ауыл жастарының тыныс-тіршілігіне тың серпін беретіндей жоба-жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Аудан халқының  24,1 пайызы жастар, яғни бұл Теректі ауданының 8160 жас тұрғыны бар деген сөз. Теректі жастары жаңашыл, белсенді. Тұңғыш Президентіміз ағымдағы 2019 жылды Жастар жылы деп жариялағалы бері теректілік жастардың белсенділіктері еселенді. «Жастар жылы ғой, маған не көмек бересіз?» деп орынсыз міндетсімей, «Жастар жылында жарқыраған істер көрсетейік!» деп білек сыбанып кірісті іске. Қыстай қариялардың үй-жайының ауласындағы қарды тазалап, отын-суын жеткізіп берді. Мұз ойып, балыққа ауа жіберу барысында да жастарымыз осындай сауабы тиер істің бел ортасында жүрді. Аудандағы бірде-бір игілікті шара жастарсыз өтпейді. Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастыруымен өтетін мәдени-танымдық, спорттық-көпшілік шараларды тізбектесем, сіздің біраз уақытыңызды аларым анық. Спорттық сайыстар, білім мен өнер додаларына қатысып, жеңімпаз немесе жүлдегер атанып, ауданның абыройын асқақтатқан қыз-жігіттеріміз де аз емес. Біз өз тарапымыздан жастарға қолдан келгенше жағдай жасап бағудамыз. Подстепный ауылында «Жігер» коворкинг орталығы ашылды. Биыл орталықтандырылған кітапханада тап сондай орын ашамыз деп отырмыз. Осы айда аудан қаржысынан 4 миллионнан астам теңге бөліп, сол ауылда көше спорты – уоркоут стритпен айналысуға алаң салып бердік. Сәуірдің 27-сі күні жартылай марафон өткіздік. Жастар жаппай қатысты. Енді қыркүйек айында толық марафон өткіземіз деген ой бар. Теректіде спортқа қызығушылық керемет. «Лига Жастар» волейбол лигасы басталып кетті. Шілдеде  футболдан әлгіндей жарыс басталады.

Қыстай спорт залдарында, жазда таза ауада жаттығады жастар. Сондықтан спорт алаңдарын әр ауылда салып, жабдықтаймыз деген ойымыз бар. Биыл спорт алаңдары, спорт қалашықтары Жаңа өмір, Аңқаты, Покатилов ауылдарында салынады. Таланты тұнып тұрған Теректіде күні кеше жас ақын Әділет Орынбасаровтың бастамасымен «Ғазал» жас ақындар клубы ашылды. Қазірдің өзінде 15 өрен «Ғазал» клубының аясында әдеби қарым-қабілеттерін ұштауда.

Тағы бір  тың жоба – пікірсайыс. Былтыр алғашқы аудандық турнир ұйымдастырып, мектептерде семинар-тренингтер өткіздік. Биыл қарашада облыстық пікірсайыс турнирін өткізу  жоспарда бар. Мамыр айында лига түрінде «Білімділер бәйгесін», тамызда жас отбасылар арасында «Үздік жас отбасы» байқауын өткіземіз. Жыл бойы «Жас маман» бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізіліп, «Жастарға – кеңес» шаралары жүйелі түрде жүргізілетін болады.

 «Жастар жылына» орай биыл  «Жас проджект» жобасы іске қосылды. «Грант жеңіп аламын, өз ісімді ашамын» деген жастар баршылық. Күні бүгін 15 азаматымыз оң шешім алып, 1 миллион теңгеден грантқа ие болып, кәсіпкерлер қатарын толықтырды.

Өткен аптаның сенбісінде Подстепный ауылдық округіне қарасты Юбилейный ауылында «Қымызмұрындық» ұлттық думанын өткіздік. Осы шара аясында  қыз қуу, ат жарыс, аударыспақ, асық ату, көкпар, қазақ күресі, қой көтеру және тазы жарысы сықылды ұлттық спорт түрлері ұйым-дастырылды. Тай жарыс, құнан жарыс, топ бәйге, аламан бәйге сықылды ат жарыс түрлеріне өз облысымыздың аудан-ауылдарына қоса, көршілес облыстардан да келіп, ат қосқандар да болды. Сондай-ақ ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті. Осылайша «Қымызмұрындық» ұлттық думаны ел ішінде, әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын нығайтып, спорттың бұқаралығын арттыруға қалтқысыз қызмет еткені шүбәсіз.

Сұхбаттасқан   Бауыржан  ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар