17.06.2019, 20:52
Қараулар: 426
Қымызмұрындықтың қызығы мол екен

Қымызмұрындықтың қызығы мол екен

Теректі  жерінде  қазақтың  тағы бір әдемі дәстүрі  жаңғырды. Юбилейный ауылында  жылқы  ұстайтын  азаматтар  халықты  жинап, қымызмұрындық  ұйымдастырды.

Әнебір жылдары ұлттық дәстүр-ғұрпымыздан көз жазып қалдық. Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында игі дәстүрлер оралды ортамызға. Соның бірі – біз сөз еткелі отырған  ауылдағы қымызмұрындық.

Бұрында қымызмұрындықтың (бие байлағаннан  кейінгі  ауылдастарын  алғашқы қымыз  ішуге  шақыру салты)  дәрежесі Құрбан айт, Наурызбен тең болған деседі. Қытымыр қыстан аман шыққан ел жаз жайлауына жетіп, жадырап, сағынған сүйікті сусынына ерін тиер күнді нағыз мейрамға айналдырады екен. Теректіліктер де нағыз той жасады. Аудан басшылығынан  бастап, сала-бөлім, мекеме-ұжымдар жабыла кірісті той қамына. Той қызығын ән-жырымен әрлеген мәдениет қызметкерлерінің үлесі бір төбе.

Қымызмұрындық өткізуге мұрындық болған азамат –  Юбилейный ауылында жылқы ұстап отырған Бағдат Едресов тойға өз төрін ұсынды. Бас демеуші болған да өзі. Ибрагим Жақсымбетов, Құсайын Бақтиярұлы, Ермұхан Үмбетов, Қамбар Махметов, Жанғабыл Сәтбаев, Қанат Дакишевтай іскер азаматтар да ауыл тойына үлес қосып, демеушілік көрсетті. Ауылдың бас көтерер азаматы Бейбіт Қуанышқалиев «тойдың болғанынан боладысы қызық» күндерінде білек сыбанып, ұйымдастырумен  айналысты.

Той дәстүрге сай қымыз татудан басталды. Аудан әкімі Әділ Жоламанов қымызмұрындықтың терең тамыры жайлы сөз қозғап,  той қызығы жарассын деген тілегін айтты.

Содан той басталып кетті. Аудандық этнофестиваль дәрежесімен ұйымдастырылған тойға Ақтөбе облысы, Жаңақала, Қазталов, Бәйтерек, Тасқала аудандарынан жылқы баптап, тазы салған небір  атпал  азаматтар  арнайы  келіп, ой,  бір дәуірлетті қызықты! Той басталғаннан жүргізуші міндетін атқарған жәнібектік Орынбасар Ғилымов халыққа жаршы қызметін мінсіз атқарды. Тай, құнан жарыс, топ бәйге мен аламан өтті қиқулатып. Қыз-бозбаланы бір-біріне таныстырып, жарастырған қыз қуу көрсетілді.

Білек күші, ептілік пен қайсарлық сыналған күрес, қой көтеру кезінде қазақ даласынан әлі талай батыр шығарына сендік. Тойдағы ең таңсығы – тазылар жарысы, көкпар  мен аударыспақ болды.

Той тарту-таралғы, сияпатсыз бола ма?! Ат жарыста топжарғандарға Қамбар ата баласынан бастап, ірі қара, қой-торпақ байланды. Тазысы озғандардың қоржыны томпайды. Күрескен палуандар, асық атқандар, аударыспаққа түскендер, көкпар тартқандарға рет-ретімен жүлде берілді.

Тай жарысында Ақжайық ауданынан келген Мерген Әйтімовтың Торғын тайы бірінші келді. Құйрық тістесе келген Бәйтеректің Айқасқасы екінші орында. Қазталовтың Көктерегінен Ықылас деген тайын қосқан Мершат На-сыровтың қанжығасына үшінші орын  бұйырды.

Құнан шабыста бірінші болып  казталовтық Елнұр Есболовтың Айсұлтаны келді. Екінші – қаратөбелік Нұрбек Сағынбаевтың Байторысы. Үшінші болып келген Болат Жанабевтың Барбос атты құнаны қонақ қабылдап отырған Юбилейный ауылы тұрғындарының мерейін тасытты.

Топ бәйгеде басты жүлде Ақтөбеден келген сәйгүлікке бұйырды. Алыстан келіп, Жебесін қосқан Қазбек Әлішев қосағына ат жетектеп қайтты. Шыңғырлаулық Талғат Бисембаевтың Домбырасы екінші, бәйтеректік Марат Мұхтаровтың Нарқызылы үшінші келді.

Бәйгенің төресі – аламанда сөреден топ алдын бермеген қазталовтық Анарбек Жаулаубаевтың Джекпоты  бірінші, бөрлілік Серікбол Төлепбергеновтың Паутинасы екінші, ақтөбелік Бекбол Байжарқыновтың Тұраны үшінші келді.

Ат жарыстан соң кезек тазыларға берілді. Сүйретпеге Салауат Қажығалиевтың тазысы бірінші болып ауыз салды.

Қазақ күрессіз той өткізе ме?! Алқа-қотан жиналып, халық дем берген палуандар небір әдіс-тәсілдерін көрсетіп бақты. Қарсы келгенін алып жыққан Бөрлі ауданының Теміржан Көлбайы кілемнен «Қымызмұрындықтың түйе палуаны» атағын алып шықты.

Ұмытыла бастаған ұлттық ойын – аударыспаққа қос-қостан жұпталып шыққан жігіттер арасында ат үстінен аумаған Ақжайық ауданының белдісі Мағжан Жеңісов жеңімпаз танылды.

Асық атуда алдына жан салмаған Юбилейный ауылының сұр мергені Дархан Сұлтанбеков бірінші орын алды. ІІ орын  Ақжайық ауылынан келген Бекзат Сәбитовке, ІІІ орын подстепныйлық Ерлан  Оңаловқа  бұйырды.

Қымызмұрындық болған соң, қымыз ішілмей ме?! Қымызды кім көп ішер деп, сегіз адам жарысты. «Мешкей» деген жақсы атақ болмағанмен, Мерлан Сайман қымызға да тойды, жүлдені де ілді.

Бие байлап, тәнге қуат сусын дайындап жүрген он шақты қожалық қымыз бәсекесіне түсті. Қымыз дәмін татып, әділ бағасын берген қазылар – Меңдіхан Халықұлы, Асқар Ишанғалиев, Бейбіт Қуанышқалиев Ақылбек Ишановтың қымызын ең дәмді деп мойындап, І орын байлады. Той тарту-таралғы, сияпатсыз бола ма?! Ат жарыста топжарғандарға Қамбар ата баласынан бастап, ірі қара, қой-торпақ байланды. Тазысы озғандардың қоржыны томпайды. Күрескен палуандар, асық атқандар, аударыспаққа түскендер, көкпар тартқандарға рет-ретімен жүлде байлады.

– Аудандағы әрбір елді мекен осы мерекені ұйымдастырса екен деймін. Құдайға шүкір, оған қазір мүмкіндік бар ғой. Біріншіден, ата салтымызды ұлықтар едік, екіншіден, дені сау ұрпақ өсірер едік. Соңымыздан ерген жастар дұрыс жол таңдап, аттан түспесе, нағыз ұлттық болмысымызды сақтаймыз. Менің идеямды қолдап, іліп әкеткен азаматтарға ризашылығым шексіз, – дейді қонақжай, жылқылы аула иесі  Бағдат Едресов.

Кең далада тігілген киіз үй ішінде қанша қымыз ішілгенін есептей алмадық. Теректінің жылқылы ауылдары нағыз қазақ екендерін көрсетті. Әрісі, Алматы, Маңғыстаудан келген қонақтар ішінде «Қымызмұрындық мерекесін алғаш көруіміз», – деп тамсанғандар бар.

Өткен жылы Абай ауылында берілген қымызмұрындық Юбилейныйда тап осылай жалғасты. Алдағы жылы Аңқатыда қымыз тойын тойлаймыз деген жоспар бар. Ендігіде тек ат шаптырып, палуан белдестірумен шектелмей, алтыбақан құрып, ай астында ақсүйек те ойнаймыз дейді жастар.

Сапырып құйып, сіміріп ішкен бал қымыздың қызығы мол болды. Көргендер көрмегендерге қымызмұрындық қызығын жеткізе айтса, нұр үстіне нұр…

Айтпақшы, қымызмұрындық мерекесі аяқталғанмен, қымызды ауыл орнында. «Бал қымыз ішем, әл жинаймын» деген жанға төрін жайып,  сабасын  пісіп  отыр!

Камелия   ҚАРЕКЕСОВА,

Теректі   ауданы