17.06.2019, 20:51
Қараулар: 183
Ақ желеңділерге алғыс жауған күн

Ақ желеңділерге алғыс жауған күн

Өткен  аптаның  соңында  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  ҚР  Медицина  қызметкерлері  күніне  арналған  салтанатты  шара  өтті.

Мерекелік шарада алдымен лэд экран арқылы өңіріміздегі медицина саласының жетістіктері туралы фильм көрсетілді. Аталмыш сала ардагерлерінің есімдері аталып, оларға қошемет жасалды.

– Құрметті денсаулық сақтау саласының ардагерлері, қызметкерлері, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Дені сау ұлттың келешегі кемел. Денсаулықтан асқан байлық жоқ. Өңір тұрғындарының денсаулығын сақтаудағы адал еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін!

Облысымыз бойынша медицина саласында оң нәтиже бар. Тұрғындардың денсаулығы жақсарып, бала туу көрсеткіші артып келеді. Ал медициналық көмектің өзі қолжетімді әрі сапалы бола түсті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлердің рейтингінде біздің облысымыз топ бастағаны бұл сөзіме дәлел.

Ардақты ақ халатты абзал жандар! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың денсаулығын сақтау мәселесі өзінің жеке бақылауында екенін атап өткен болатын. Өңірімізде медицина саласына мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілді және ол қолдау алдағы уақытта да жалғасады, – деді шарада құттықтау сөз алған облыс әкімі Ғали Есқалиев. Ол медицина саласының бірқатар қызметкерлеріне ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Еңбек ардагері» белгісін, сондай-ақ өз атынан алғысхаттар табыстады.

Облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева сала қызметкерлерін ҚР Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерін, ал Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев өз атынан алғысхаттармен марапаттады.

Ал  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали сала қызметкерлеріне ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамоталары мен алғысхаттарын табыс етті. Марапатталғандардың қатарында ауылдық жерлерде жұмыс істейтін медқызметкерлер де бар. Сондай-ақ шара барысында «Үздік жас дәрігер», «Үздік жас медбике» аталымының жеңімпаздары анық-талды. №4 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Бибінұр Есләмғалиева «Үздік жас дәрігер» атанса, аталмыш емханада медбике қызметін атқаратын Әйгерім Әжіғалиева «Үздік жас медбике» аталымына лайық деп танылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының алғысхаттары да өз иелерін тапты. Басқарма басшысының алғысхатын иеленгендердің қатарында БАҚ өкілдері де болды. Олардың арасында әріптесіміз, облыстық «Приуралье» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Евгения Максимованың болғанын айта кетейік.

Салтанатты шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрілді.

Шара соңында Орал қаласындағы медициналық ұйымдардың басшылары мерекелік тосынсый жасады. Сахна төріне көтерілген олар әріптестеріне арнап «Ақ желеңді абзал жандар» атты әнді шырқап  берді.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар