17.06.2019, 20:21
Қараулар: 189
«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» немесе «сауда салқыны» жаурата ма?

«Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» немесе «сауда салқыны» жаурата ма?

ҚР Ұлттық банкі Батыс Қазақстан филиалының директоры Сәуле Шенолдың айтуынша, ҚР Ұлттық банк басқармасының жуырдағы  отырысында базалық ставканы 9% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданған. Мұндай шешім қабылдауға ішкі және сыртқы факторлар әсер еткен. Жылдық инфляция деңгейі, инфляцияның ықтималдығы, ішкі сектордағы жағдайлар ескерілген. Ұлттық банктің бағалауынша, жылдық инфляция ішкі және сыртқы факторлардың ықпалын ескере отырып, 2019-2020 жылдары нысаналы дәліз шегінде болмақ. Биылғы мамырда жылдық инфляция деңгейі одан бұрынғы айдағы 4,9%-дық көрсеткішпен салыстырғанда 5,3% деңгейіне жетті. Азық-түлік тауарларына жатпайтын инфляция және ақылы қызметтер инфляциясы мамырда жылдық көрсеткіште тиісінше 6,1% және 1,3% деңгейде қалыптасқан. Инфляцияның қазіргі деңгейі көбіне өндірістік сектордағы инфляцияның ұлғаюынан және импорт өнімдерінің қымбаттауынан азық-түлік тауарлары бағасының өсуі (2019 жылғы мамырда 7,9%) есебінен  қалыптасты.

– Сыртқы сектордағы жағдай көбіне мұнайдың әлемдік бағасының құбылуымен байланысты айқындалады. Биылғы қаңтар-мамыр айларында BRENT маркалы мұнайдың бір баррелінің орташа бағасы 66,7 АҚШ долларынан жоғары болып қалыптасты. Алайда соңғы онкүндікте мұнай бағасы әлемдік экономикада сауда талаптарының қатаңдауына байланысты бірден 9 АҚШ долларына немесе 13%-ға төмендеді. Сыртқы монетарлық жағдайлар өзгеріссіз қалды. Инфляциялық қысым сауда-саттықтағы әріптес елдеріндегі бағаның өсуінің әсерінен шамалы күшейді. Сәуірде Ресейдегі инфляция 5,2%, Қытайда 2,5% болды. 2019 жылдың соңында Ресейде сыртқы фактордың инфляцияға ықпалы әлсіреп, соның нәтижесінде Қазақстандағы инфляциялық қысым төмендейді деп күтілуде. Сыртқы талаптар жағынан басты тәуекел АҚШ пен басқа елдер, бірінші кезекте Қытай арасындағы сауда қатынастарындағы шиеленіс болып отыр.  Бұл әлемдік экономиканың бәсеңдеуіне әкелуі мүмкін және әлемдік саудаға, сондай-ақ тауар және қор нарықтарына теріс ықпал етеді, – деді Сәуле Шенол баспасөз мәслихатында.

Ғаламтордағы деректерге жүгінсек, әлемдік ЖІӨ-нің 40%-ына жуығын АҚШ пен Қытай экономикасы құрайды. Бірақ, 2018 жылдан басталған екі ел арасындағы сауда қақтығысы кесірінен Қытайдың экономикасы зиян шегіп, ЖІӨ мөлшері ең төменгі көрсеткішке түскен. Әлемде өз «биліктерін» орнатуға тырысатын екі алып держава жуықта тағы да бір-біріне санкция жариялап, «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайдыны» дәлелдей түсті. Осы уақытқа дейін АҚШ Қытайдан келетін тауарларға баж салығын 10%-ға көтерген болса, енді 200 млрд. доллар болатын тауарға салық мөлшерін бірден 25%-ға көтеретін болды. Аспан асты елі де қарап қалмай, АҚШ-тан импортталатын 60 млрд. доллар тауарларға баж салығын 5%-дан 25%-ға бір-ақ көтерді. Жуықта АҚШ ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді деген сылтаумен шетелдік телекоммуникациялық жабдықтарды қолдануға тыйым салатынын мәлімдеді. Тіпті қытайлық «Huawei» компаниясының өнімдерін америкалық компаниялар пайдаланбасын деген өктем шарт та қойды. Ондағысы қытайлық компанияның өнімдері тыңшылық мақсатта пайдаланылады дегенге саяды. Екі елдің арасындағы «сауда салқыны» дүние жүзі және Қазақстанның экономикасын «жауратады». Өйткені бұл екі мемлекет әлемнің көптеген мемлекетімен, соның ішінде Қазақстан да тығыз байланыста.

Екі   пайызға   өсті

Биылғы сәуір айында «Қазақстанның кепілдік беру қоры» АҚ 1 маусымнан бастап шетел валютасындағы мерзімі 12 ай және одан жоғары жинақ, мерзімді депозиттер бойынша шекті мөлшерлемені 2%-ға  дейін өсірді. Ал қайтарып алынатын салымдар, сонымен қатар 12%-ға дейінгі мерзімді және жинақ салымдар бойынша шекті мөлшерлемелер бұрынғыша 1% күйінде қалды. Сәйкесінше, 1 маусымнан бастап валютадағы салымдар теңгедегі салымдар сияқты мерзімді, мерзімсіз және жинақ депозиттер болып топтастырылуда. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық банктің БҚ филиалында өткен басқосуда айтылды.

«ҚДКБҚ» мұндай шешімді бірқатар себептермен байланыстырады. Өйткені шетел нарығы мен қаржылық институттарында валютадағы депозиттер бойынша нарықтық мөлшерлемелер біздегі қаржы институттарындағы қолданылып келген 1%-дан жоғары. Нақты мысал ретінде келтірсек, банк аралық қаржылық қорларды тарту құнын көрсететін LIBOR мөлшерлемесі 2018 жылғы наурыздан бастап биылғы шекті мөлшерлеме деңгейінен екі есеге асып түсті.

Және де бұл процесс долларсыздануға айтарлықтай әсер етпейді екен. Мамандардың айтуынша, валютадағы салымдарды, негізінен, қомақты ақша ұстаушылар таңдайды. Оларға қаражат шамасының мүлтіксіз сақталуы маңызды. Оған қоса ақшаның әртараптандырылуын (бір бөлігін теңгемен, екінші бөлігін шетелдік валюта сақтауға) жөн көреді, ал табыстылық екінші кезекке сырылады.

Берешегі   көпке   несие   шектеледі

БҚО бойынша биылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша несие берешегінің жалпы шамасы 262,1 млрд. теңгені құрады. Берешек көрсеткіші былтырғы сәйкес мерзімдегі көрсеткішпен салыстырғанда 15%-ға ұлғайған. Жеке тұлғалардың несиелік қарызы 159,9 млрд. теңге (21,1%-ға өсті), заңды тұлғалардың берешегі 102,2 млрд. теңге (өсімі 6,6%) болды. Ал шағын кәсіпкерлік субъектілерінің несиелік қарызы 57,3 млрд. теңге болып, өткен жылғыдан 4,9%-ға өсіп отыр. ҚР Ұлттық банктің төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың мәліметіне сүйенсек,  әрбір үшінші қазақстандықтың несиесі бар және көптеген азаматтың бірнеше несиесі бар, тұтынушылық несиесінің шамасы 4 триллион теңгеден асып кеткен. Осындай бірнеше несиесі бар азаматтарға Ұлттық банк  несие беруге шектеу енгізбек.

ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес қаржы нарығын қадағалау функцияларын бөлу, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеу тәуекелдерін шектеу үшін Қазақстан Ұлттық банкі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледі. Жобаны ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары мақұлдады. Онда еліміздегі қаржы секторын реттеумен айналысатын жаңа агенттік құру жайы айтылған. Яғни Ұлттық банк екіге бөлінеді. Жаңа агенттік те Ұлттық банк секілді Мемлекет басшысына тікелей бағынышты болады, республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Ұлттық банктің басшысы Ерболат Досаевтың айтуынша, жаңа агенттік 2020 жылдан бастап қызмет көрсетеді.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар