17.06.2019, 20:17
Қараулар: 407
Нарыннан келген нағыз өнер туындылары

Нарыннан келген нағыз өнер туындылары

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген құндылықтарды дәріптеу мақсатында Қадыр  Мырза  Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының көрме залында Бөкей ордасы ауданындағы сурет және қолөнер шеберлерінің көрмесі ашылды.

Көрмеде Бөкей ордасы ауданындағы «Мектептен тыс тәрбие орталығы» үйірме мүшелерінің, орталық жетекшілері мен Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығы фотосуретшілерінің, жеке қолөнер шеберлерінің кескіндеме, графика, мүсін, фотосурет, зергерлік, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.

Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы директорының орынбасары Мәди Сабыровтың айтуынша, игі бастама жыл бойы жалғасып, алдағы уақытта облысымыздың барлық ауданы мен жергілікті оқу орындары өнер шеберлерінің көрмесіне ұласады деп жоспарлануда.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Асқар  АЖҒАЛИЕВ,

Бөкей ордасы аудандық  ішкі саясат бөлімінің басшысы:

– Бөкей ордасының сұлу табиғаты, құмды өлкенің айшықты бейнелері, бармағынан бал тамған қолөнер шеберлерінің керемет туындыларымен танысқысы келетін қала тұрғындары мен қонақтары үшін Нарыннан келген нағыз өнер туындыларының көрмесі бір ай уақытқа созылатындығын қаперлейміз. Аталмыш көрмеге 100-ден астам өнер туындысы қойылды, көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын.

Мират  ҚОРЖЫНБАЕВ,

Хан ордасы музей-қорының қызметкері, фотосуретші:

– Фотосуретке қызығушылық танытып, ден қойып айналыса бастағаныма төрт жылдай уақыт болды. Негізінен, табиғаттың әсем келбетін, адамның көңіл күйін сипаттайтын қас қағым сәттерді суретке түсірген ұнайды. Көрмеге облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылған «Рухани жаңғыру» байқауында бас жүлде иеленген 26 фотосуретімді ұсындым.

Әсел  ИСАҒАЛИЕВА,

қала тұрғыны:

– Хан ордасында туып-өскеніммен, Оралға ұзатылған, туған жерге табаны бір-екі жыл дегенде әрең тиетін мен үшін ерекше әсер сыйлады бұл көрме. Әсіресе, ауылымның табиғаты бейнеленген туындылар жанымды айрықша толқытты. Көрмені аралап жүріп, ауылға барып қайтпасам да, сағынышымды аз да болса басқандай болдым. Ауылын сағынған, туған жерін шын сүйетін жерлестерімді көрмені тамашалауға шақырамын.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар