13.06.2019, 20:39
Қараулар: 305
Жарқын болашаққа жолдама

Жарқын болашаққа жолдама

Орал  қаласында  «Болашақ  жастардікі»  деген  атаумен  мектеп бітірушілердің  салтанатты  кеші  өтіп,  шараға  облыс  әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  қатысты.

Блалықтың ауылын артқа тастап, үлкен өмірге қадам басқан жастар үшін бұл кеш әрі қуанышты, әрі көңіл толқытар әдемі әсер сыйлағаны анық. Осынау ерекше сәтте түлектер мен ата-аналарға, ұстаздар қауымына ізгі лебізін білдірген Ғабидолла Абдоллаұлы: «Жарқын болашаққа жолдама алып, алысқа қанат қаққан жас түлектер, қайда жүрсеңіздер де өздеріңіз түлеп ұшқан алтын ұя мектептеріңіз бен аяулы ұстаздарыңызды ұмытпай, ата-ана үмітін ақтап, сенім үдесінен шыға біліңіздер. Сіздердің алаңсыз білім алып, биікке өрлеуіңіз үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық мол. Әлемнің кез келген елін таңдап, білім-білігіңізді дәлелдеу арқылы «Болашақ» бағдарламасы негізінде ең мықты деген жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндіктеріңіз бар. Қандай мамандықты таңдап, қай саланы бетке алсаңыз да, елі-міздің болашағы мен қарышты дамуы жолында аянбай еңбек етесіздер деп сенемін», – деп атап өтті.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Зәуре Ғұмарованың мәлімдеуінше, биылғы жылы облыс бойынша 5 031 түлек мектепті тәмамдаса, оның 340-ы «Алтын белгі», 161-і ерекше аттестат иегері атанып отыр.

Қаламыздағы 46 мектептен 1 796 түлек және облыстық мектептерден жалпы саны 267 түлек қатысқан салтанатты кеш соңында түлектерге арнап әсем ән мен көңілді би тарту етіліп, әдемі сәт отшашумен қорытындыланды.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Әмина БАҚЫТЖАНОВА,

Орал  қаласындағы №42  «Ақ ниет» мектеп-гимназиясының  түлегі, «Алтын белгі» иегері:

– Бұл күн – мен үшін ерекше әрі ең жауапты сәт. Кішкене кезімнен мектеп бітіру кешін ойша елестетіп, салтанатты кеште дәл ханшайымдай болуды армандасам да, дәл осы сәтте мектебім мен аяулы ұстаздарымды қимайтынымды түсіндім. Сапалы білім мен тәлім-тәрбие берген жандардың сенімін ақтау басты міндетім деп санаймын. Маған үміт артқан жандардың сенімін аяқасты етпей, келешекте еліміздің дамуына елеулі үлес қосатын мықты маман болу – мақсатым. Болашақ мамандығыма келер болсам, арман қала – Алматыға аттанып, экономика саласында білім алуды жоспарлап қойдым.

Армат  ӘЖІГЕРЕЕВ,

Орал  қаласындағы

Х.  Доспанова  атындағы  №30  ЖОББМ  түлегі:

– 11 жыл бойы білім берген ұстаздар үшін де, өмірдің жаңа белесіне қадам басқан біздер үшін де жауапты кезең басталды. Барлық түлекті құттықтап, өмірлік таңдау жасауда қателеспей, білікті де білгір маман атануларына тілектестік білдіремін. Өзім бұрыннан армандағанымдай, инженер-технолог мамандығы бойынша білім аламын деп шештім. Жоғары білімді Оралдағы Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да немесе еліміздің басқа қаласындағы жоғары оқу орнында алмақпын, әзірге нақты таңдау жасамадым.

Дана   ШЫНБАЕВА,

облыстық  дарынды  балаларға  арналған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернатының түлегі,  «Алтын  белгі» иегері:

– Ел ішінде ІТ-лицей деген атпен танылып, шаңырағының астына білімге құштар, әлемді тануға құмар дарынды шәкірттерді топтастырған білім ордасында үш жыл білім алып, «Алтын белгі» иегері атандым. Мен үшін ең әдемі естеліктер, сапалы білім мен сарқылмас қазына – тәрбиені тарту еткен мектеп қабырғасындағы үш жыл зу етіп өте шықты. Осы уақыт аралығында әр шәкіртке айрықша көңіл бөліп, біздің үздіктер қатарынан табылуымыз үшін жанын салған ұстаздарыма, мектеп ұжымына биылғы жылдың түлектері атынан бас иіп, алғысымды айтамын. Болашақта мұнай ісі мамандығы бойынша елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында білім алғым келеді.

Даниил  ИВАНЧУК,

Орал  қаласындағы  №3  орта  мектеп  түлегі:

– Ең алдымен, біз үшін маңызды күні көңілді кеш тарту еткен жандарға ризашылығымды білдіремін. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан барлық достарым мен түлектер қауымына сәтті сапар, ақ жол тілеймін. Алға қойған мақсат-міндетім өте көп. Ең алдымен, Ресей Федерациясындағы жоғары оқу орындарының біріне тапсырып, техникалық мамандық игеріп шықсам деймін.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар