13.06.2019, 20:23
Қараулар: 110
583 борышкер алимент төлемей жүр

583 борышкер алимент төлемей жүр

 

Сейсенбі  күні  облыс  әкімінің  бірінші  орынбасары  Ғали  Есқалиевтың  және  құқық  қорғау  құрылымдары басшыларының  қатысуымен  өткен  жиында  алимент  өндіру  мәселесі  талқыланды.

Жиынға жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының басқарма төрағасы Ернар Ибраев, облыстық сот төрағасы Бек Әметов, облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев, облыстық әділет департаментінің басшысы Аманжол Абдрахманов қатысты.

Жеке сот орындаушылардың республикалық палатасының басқарма төрағасы Ернар Ибраевтың айтуынша, бүгінгі таңда облысымызда 85 жеке сот орындаушы қызмет атқарады.

– Қазіргі уақытта облыста алимент төлемдерін өндіру туралы 7861  іс орындалуда, оның 583-і проблемалық іс болып табылады. Қарызы көп борышкерлердің көптігіне қарамастан бірде-бір адам жауапқа тартылмаған. Борышкерлерді  іздеп, тіркеуге алу мен алимент төлеуді өндіріп алуда кемшін тұстар жетерлік. Сондықтан бұл жұмыстарды ширата түсу құқық қорғау орындарының міндеті деп ойлаймын, –  деді Ернар Еркінұлы.

Биыл өңірімізде жеке сот орындаушыларға 66 арыз-шағым түскен. Оның 30-ы алимент өндіріп алуға қатысты екен.  Борышкердің тұрақты жұмысының және өз атында жылжымалы мүлік пен тұрғын жайының болмауы алимент төлемеудің басты себептері болып отыр. Кейбір борышкердің жұмыс берушімен келісу арқылы табысын азайтып көрсетуі де алимент өндіріп алуға кері әсерін тигізіп жатқанын айтады мамандар.

Облыстық әділет департаментінің берген мәліметі бойынша 5087 борышкердің жалақысынан алимент бойынша берешек мерзімді ұсталып тұрса, 2191 борышкер өз еркімен алимент төлейді.  Ал 583 борышкер алименттен мүлдем жалтарған ата-ананың санатына жатады. Олардың берешегі бүгінде 75 млн. теңгеге жетіп жығылыпты. Биыл жыл басынан бері 47 борышкер әкімшілік жауапқа тартылса, 91 борышкерге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Өз баласынан безіп, алимент төлемей жүрген ата-аналардың көбейіп кеткендігі – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Жиында түрлі сылтаулармен өз міндетін атқармай жүрген ата-аналарға заңды талапты қатайту туралы ұсыныс айтылды. Сала мамандары  қоғамның басты мәселелерінің біріне айналған алимент мәселесімен бетпе-бет келмес үшін некені нығайтып, отбасылық құндылықтарды насихаттап, ерлі-зайыптылардың ажырасуына жол бермеу керек деген ойларын ортаға салды.

Гүлжамал    ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар