13.06.2019, 20:21
Қараулар: 305
Облысқа жаңа әкім тағайындалды

Облысқа жаңа әкім тағайындалды

ҚР  Президенті  Қасым-Жомарт  Тоқаевтың  Жарлығымен  Ғали  Есқалиев  Батыс  Қазақстан облысының  әкімі  болып  тағайындалды.  Кеше  ҚР Президенті  әкімшілігінің  басшысы  Бақытжан  Сағынтаев  облыс  активіне  өңірдің  жаңа  басшысын  таныстырды.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен және ҚР Конституциясының 87-бабының 4-тармағына сәйкес облыстық мәслихаттың келісімімен Ғали Есқалиев Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ғали Нәжімеденұлы осы өңірдің тумасы. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұзақ жыл мемлекеттік қызметте жемісті еңбек еткен әке жолын қуып, көптеген жауапты қызметтер атқарды. Біраз облыста әкімнің орынбасары болды, орталықта да тәжірибесін шыңдады. Соңғы жылдары туған елге оралып, облыс әкімінің бірінші орынбасары ретінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысты. Жаңа қызметіне сәттілік тілеймін, – деді Б. Сағынтаев.

Президенттің әкімдерге қоятын басты талабы – халықпен диалог орнату екендігін баса айтқан Бақытжан Әбдірұлы әкімдердің жұмысын бағалауда өңірде қанша жұмыс орны ашылғандығы басты назарға алынатынын жеткізді.

– Қасым-Жомарт Тоқаев өңірге сапары барысында атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Алыс аудандарға сапалы жол салу және таза ауыз су жеткізу жалғасатын болады. Ауыл мен қаланың арасын жақындату, ауыл халқының тұрмысын жақсарту – негізгі мақсат-міндеттің бірі. Ауылда қаладағыдай жағдай жасап, халықтың қалаға үдере көшуін тоқтату қажет, – деді ҚР Президенті әкімшілігінің  басшысы.

Актив мүшелері алдында сөз алған өңірдің жаңа басшысы Ғали Есқалиев облыс халқының өмір сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық бағдарламаларды нәтижелі, сапалы, бұлжытпай іске асыруға бар білімін, күш-жігері мен уақытын жұмсауға  уәде  етіп,  ант  берді.

Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметіне тағайындалған облыстың бұрынғы әкімі Алтай Көлгіновке нәтижелі қызметі үшін алғыс айтты. Алтай Сейдірұлы өңірдегі барша әріптестері мен актив мүшелеріне, жалпы облыс жұртшылығына ризашылығын жеткізді.

– Қадірменді батысқазақстандықтар, сіздермен бірге жеті жыл қоян-қолтық жұмыс істедім. Елбасының саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда әрқашан қолдап жүргендеріңіз үшін рақмет айтқым келеді. Осы өңірде жинаған барлық тәжірибемді, барлық күшжігерімді елордамыздың дамуына жұмсайтыныма сенім білдіремін, – деді Алтай Сейдірұлы.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»

Ғали Нәжімеденұлы ЕСҚАЛИЕВ

1970 жылы туған. Білімі жоғары. Батыс Қазақстан аграрлық университетін экономика, Халықаралық бизнес академиясын менеджмент мамандықтары бойынша  бітірген.

Әр жылдары:

–  «Банк ТуранАлем» АҚ Орал қаласындағы филиалында маман, бөлім басшысы, «Темірбанк» АҚ филиалының  директоры;

– БҚО кәсіпкерлікті қолдау және даму департаментінің директоры, «Қазақстан даму банкі» АҚ атқарушы директоры, вице-президенті, басқарма төрағасы;

– Жамбыл облысы әкімінің орынбасары;

– Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары;

– Астана қаласы әкімдігі қалалық ортаны регенерациялау басқармасының басшысы;

– 2019 жылдың қаңтар айынан бастап Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары  болып  қызмет  етті. 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар