13.06.2019, 20:20
Қараулар: 169
Үш департамент қосылып, жаңа атау алды

Үш департамент қосылып, жаңа атау алды

БҚО  қоғамдық  денсаулық  сақтау  департаменті  өзге  екі департаментпен  қосылып,  қайта  құрылды.  Бұл  туралы өңірлік  коммуникациялар  қызметі  ақпарат  алаңында айтылды.

Биылғы 10 сәуірдегі Үкіметтің тиісті қаулысымен Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті мен Фармация комитетін осы министрлікке қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қосып, қайта ұйымдастырылды. Соған орай Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мен Фармация комитетінің БҚО бойынша департаментін қосу жолымен Батыс Қазақстан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті болып қайта құрылды. Департамент әділет басқармасында мемлекеттік қайта тіркеу рәсімінен өткен. Енді атауы жаңартылып, қайта құрылған департамент ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін  бақылау  комитетіне  қарайды.

Брифингте Батыс Қазақстан облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ринат Құбатаев биылғы бес айда өңірде санэпидемиологиялық жағдай тұрақты болғанын айтты. 18 жұқпалы ауру бойынша, оның ішінде ротавирустық энтерит 4,7 есеге, анықталмаған жіті ішек инфекциялары 2,5 есеге төмендеген, скарлатина  6 оқиғаға, жіті вирустық гепатиттер 7 оқиғаға, ЖРВИ, тұмау 21,2 есеге, энтеробиоз 25,1%, дерматомикозбен 6 оқиғаға төмендеген.

Сондай-ақ облыста жіті ішек инфекциялары бойынша жағдай қалыпты. Өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 2,04 есеге төмендеген, бұл аурулармен 62 жағдай тіркелді. Одан басқа қызылша ауруының 100 жағдайы анықталған, соның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 43 жағдай (43,0%) тіркеліп отыр. Сырқаттанғандардың жалпы санынан, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар арасында 19 оқиға анықталған және ауру балалардың жалпы санына шаққандағы үлес салмағы 44,1%-ды құрады. Қызылшамен ауру бойынша Бөкей ордасы ауданында алты, Бәйтеректе 20, Бөрлі ауданында жеті, Сырым және Теректі аудандарының әрқайсында төрт,  Орал қаласында 59 оқиға тіркелген.

 Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалы есепті мерзім ішінде сауда нысандарынан сараптама жүргізуге 1564 өнім үлгісін сатып алған. Оның 1094 сынамасы (70 %-ы) – тамақ өнімі, 470 сынамасы (30%-ы) – өнеркәсіптік тауар.

– Сараптама нәтижесінде өнім үлгілерінің ішінен 294 сынама немесе 19%-ы Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды. Зерттеуге алынған 1094 азық-түлік өнімінің үлгілерінен 130-ы (12%-ы) талапқа сәйкес болмай шықты. Азық-түлік өнімдері үлгілерінің басым көпшілігінде, яғни 79,2%-ы (103 сынама) негізінен таңбалау талаптары бұзылған.

Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 10,7%-ында (14 сынамада) сәйкессіздіктер анықталды. Санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер аудан орталықтарынан да, Орал қаласында да табылды. 52,5 келі өнім сөреден алынып, жойылды.

Сатушылар мен өнімді өткізушілерге 404 000 теңгеге бес Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс қозғалып,  бұзушылықтарды жою туралы 72 ұйғарым берілді, – деді брифингте аталмыш департамент басшысы  Ринат  Құбатаев.

Департамент басшысы ұсынған мәліметке сүйенсек, Орал қаласындағы «Антипов» ЖК-ның «Алтын» дүкенінен «Турбаслинский бройлер Филе»,  «Старкова М.А.» ЖК-ның «Лилия» дүкенінен «Пельмени народные замороженные», «Силантьева О. А.» ЖК-ның «Гастроном» дүкенінен «Тушка цыпленка бройлера 1 сорт», «Идеал Маркет» ЖШС-ның «Лидер» дүкеніне «Колбаса полукопченая «Краковская» және Тасқала ауданындағы «Мүсенов А. Т.» ЖК-ның «Айгүл» дүкенінен «Пельмени говяжьи» өнімдерінен микробиологиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздік анықталды.

– Маусымның 3-інде қалалық көпбейінді балалар ауруханасына ауыр халде түскен 10 айлық  бала 10 маусымда қайтыс болды. Облыста менингококк жұқпасының екі жағдайы тіркелді.  20 жастағы және 9 айлық науқастарда менингококкты инфекцияның генерализацияланған түрі тіркелген. Бірінші жағдайда науқастың диагнозы зертханалық түрде расталып, С тобының менингококк қоздырғышы анықталды. Екінші  жағдайда  диагноз клиникалық деректер негізінде расталды. Ошақта эпидемияға қарсы іс-шаралар кешені жүргізілді. Барлық бактериологиялық зерттеу менингококкты инфекцияны жоққа шығарды, екі науқас та дін аман. Менингит түрліше болады. Мысалға, қайтыс болған 10 айлық сәби іріңді менингитпен ауырған, ол менингококкты инфекцияға жатпайды, – деді брифингте БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің бөлім басшысы  Валентина  Кенжеғалиева.

Маманның айтуынша, қазіргідей жаздың ыстық күндері суға шомылғанда, саяжайға барғанда сероздық жұқпалы менингиттен сақтанып жүрген абзал. Өйткені жуылмаған жеміс-жидекті, көкөністі жеу және суға шомылу кезінде сероздық менингитті жұқтыру қаупі күшті. Сондықтан департамент басшылығы ата-аналар менингитпен сырқаттанудың маусымдық көтерілуіне орай ұл-қыздың денсаулығына мұқият қарауды  сұрады.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар