13.06.2019, 20:18
Қараулар: 291
Өнерпаздар боз кілемнің шаңын қақты

Өнерпаздар боз кілемнің шаңын қақты

Сәрсенбі күні Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының амфитеатрында қазақ күресінен «Өнер барысы»  сайысы  өтті.

Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған айтулы додаға 12 аудан мен Орал қаласынан барлығы 40-тан астам өнер адамы қатысты.

БҚО қазақ күресі федерациясының вице-президенті Артур Шерғалиевтің айтуынша, жарысқа қатысушылар бір ай бойы қалада дайындалған.

– Палуандар 70 келіге дейін, 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде белдесетін болады. Жалпы, бұл жарысты өткізудегі негізгі мақсатымыз – өнер саласында жүрген азаматтарды спортқа тарту. Бүгінгі жарысқа қатысқан палуандардың ішінен іріктеп, алдағы уақытта республикалық «Өнер барысы» сайысына жіберуді көздеп отырмыз, – дейді Артур Мұратұлы.

Алдымен боз кілемге бөкейордалық Асхат Қален мен жәнібектік Жасұлан Пайдин шықты. Баржоғы бір минуттың ішінде қарсыласын алып жыққан Асхат өнерде жүрсе де, спортқа етене жақын екенін көрсетті.

Бұдан кейін Данияр Елеуов (Ақжайық ауданы) пен Ахан Жекеков (Жаңақала ауданы) белдесіп, Ахан жеңіске жетті. Оралдық Омар Исмағұлов пен бәйтеректік Естеміс Мұқанбетовтың арасындағы белдесу де тартысқа толы болды.

Өзге белдесулерде де өнерлі жандар жеңіске жету үшін барын салып, қазақ күресінен алыс емес екендерін дәлелдеді.

Сонымен, жарыстың нәтижесіне тоқталсақ, 70 келіге дейінгі салмақта Сырым ауданынан келген Бауыржан Бисқалиевтің мерейі үстем болды. Тағы бір сырымдық Бекболат Хайруллин ІІ орын алды. Бөкейордалық Асхат Қален ІІІ орын иеленіп, «Үздік техникасы үшін» аталымын иеленді. Бәйтерек ауданының өнерпазы Естеміс Мұқанбетов «Жеңіске деген жігері үшін» аталымына қол жеткізсе, сырымдық Мейірбек Қанатовқа «Жас палуан» аталымы бұйырды.

70 келіден жоғары салмақта бөрлілік Бақытжан Тәуекел жеңімпаз атанды. Дәулет Шәмелов (Ақжайық ауданы) ІІ орынға, Жігер Маусымов (Қазталов ауданы) ІІІ орынға ие болды.

Жеңімпаздарға «Өнер барысы» белдігі мен диплом және қаржылай сыйлық берілді.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар