13.06.2019, 20:13
Қараулар: 98
Кісілік пен кішілікті қатар қойған

Кісілік пен кішілікті қатар қойған

Өмірде ісі мығым, тиянақты, ешбір жанға зәредей  зияны жоқ, тым қарапайым, жер қозғалса да қозғала қоймайтын, сөзі байсалды жандар болады. Әрқашан адалдықтың ақ жолынан айнымай, ғұмыр деген кемеде асыл жары мен өзінен өрбіген  ұрпағына, көркем мінез бен қайсар рух беруге үндеп жүрген жан болатын болса, соның бірі де бірегейі – Талап Абдушев дер едік.

Атакүлдігі Жаңақала өңірінен алыс қонбай, сол аумақта жігіт болып, ат жалын тартып мініп, қызметке араласып, отау құрған екен. Өмірі бір жанның бетінен алып немесе пендеуи жаңсақ пікір таратып, ауыл-елдің ірілі-ұсақты сөзіне араласып көрмеген, сыбай-салтаң жүріске араласпаған, тек сіз-біз десіп  қана жүруді өзіне абырой көретін Талап Хасанұлы – задында тағдырлы адам. Ата-анадан бала күнінде бір күнде бірдей айырылып, алдындағы апасы Бақыт екеуі арттағы ұлардай шулаған шиеттей бауырларына бас-көз болып қалған. Балалықпен ерте  қоштасып, сегізіншіні бітіргесін тек еңбекті білген, кеңшар жұмысына етене араласқан ол содан бері 40 жылдан астам уақыт өтсе де, жүргізушілік мамандығын тастаған емес.

Әсілі, оны бұл жолға салған әрі сол жолдағы алғашқы баспалдағын нығыздап қалап берген жан болатын болса, ол – сол кезеңдерде «Пятимар» совхозының директоры және Көшім жылқы зауытының негізін салушы болған Бейсенбі Ғұбашев еді. Жастай жетімдіктің қамытын киіп, мектепті енді бітірген бозбала екеніне қарамастан үлкен сенім артып, 1977 жылы  Жаңақаладағы жүргізушілер курсына оқытады. Шаруашылықтың қайнаған ортасына салып, шыңдап, кейін өзіне жеке жүргізуші етіп қызметке алып, басына жаңа баспана беріп, ел қатарына іліктірген-ді. Артынша басқа қызметке ауысса да, одан кейін директорлық қызметке келген Мүсір Айтасов, Марат Қоспаев, Мәлік Еркеғұловтар да қосшы алмастырмастан, оған бірден бауыр басыпты.  Дәмдес-дастарқандас болып, ағайынша араласып кеткені сонша, арада бірнеше ондаған жылдар өтсе де, әлі күнге сыйласып, қуаныштарына шақырысып, қайғыда бірге болып келеді. Әлі күнге дейін өзі де қайсыбір қол жеткізген жетістігі болса, соған бірден-бір себепші болған осы ел ағаларын және өзіне тәлімгер, алдыңғы толқын жанашыр бола білген  Құрманбай Стамғазиев пен Болат Досмағанбетовті жылылықпен есіне алады.

Сол бір ауыр кезеңдерде жігіт болып, қалағанынша ойнап-күліп жүретін қауқары да, уақыты да, жағдайы да жетпегеніне қарамастан бағына орай адал сүт емген жаңақазандық Гүлайым апамыз кездеседі.  Содан бері өмірдің түрлі сынағы мен жүгін бірге көтерісіп келеді. Ағайын-туыс пен қаумалаған ауылдастың барлығына бірдей тең қарап, ешкімді алаламай, тек мейірім мен кең пейілімен жан жарының жанын емдеп жазып, отасқандарына 40 жылға жуық уақыт өтсе де, әлі күнге өкпелескен немесе бір-біріне көңілі қалып, реніш артқан кездері болмапты. Сол қасиетіне орай өңірдегі барша жұрт ол отбасыны өздеріне үлгі етеді.

Бүгінде асқаралы 60 жасқа келіп отырған Талап Хасанұлы — Жаратқанның қалауымен мәуелі бәйтерек атанып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған немере-жиендерінің бақытты атасы. Балаларының бәрінің жоғары білім алуына қолдау көрсетіп, өзі көрмеген қызықты солар көрсінші деген ниетінің арқасында ұрпақтары да жанұяларында жарасым тауып, өмірдің әр қырында табысты еңбек етіп келеді. Ал өзі өмірде қаншама абыройлы, мансаптағы жоғары адамдармен тең араласып, құрбы-құрдас болып достығы жарасса да, олардан ешқашан пайдакүнемдік мақсатта ештеңе дәметпеген.  Ешкімге ешқашан қол жаймастан, арына шаң жуытпай, кісіліктің тұғырын биік ұстап жүр. Кеңестік алып держава тоқырап, кеңшар-совхоздар тарағанда ортақ шаруашылықтан үлесіне тиген техникаларымен ауылдағы сыйласатын үлкен-кіші замандастарының кеңесімен атакәсіпті серік етуге бел буып, өзінің жеке шаруа қожалығын құрып, бүгінгі күні азды-көпті дәулет құрап, ел ішінде ел қатарлы өмір сүруде.

Осынау мерейлі шағында Талап ағамызға алдағы зейнеттік жасқа анамызбен бірге аман-сау жетіп, Жаратқан берген ырыздық-несібенің арқасында елі ішінде жасай беруіне тілектеспіз. Әр күні қуанышқа толы болып, қаумалаған сыйлас құда-жекжат, туыстарының арасында жасай бергей!

Аслан  МҰРАТҰЛЫ,

Атырау  облысы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар