11.06.2019, 11:39
Қараулар: 26
Сайлау қалыпты жағдайда өтті

Сайлау қалыпты жағдайда өтті

ҚР Президентін сайлау күні облыс әкімі Алтай Көлгінов Орал қаласындағы №521 сайлау учаскесіне барып дауыс берді.

Алтай Сейдірұлы өз таңдауын жасауға Ақ Жайық өңіріне қыдырып келген ата-анасымен және отбасымен бірге келді.

– Бүгін өте маңызды күн. Себебі әр қазақстандық өзінің конституциялық, азаматтық борышын атқарып, еліміздің бірлігі мен болашағы үшін, әлемдік аренадағы дамыған мемлекеттердің қатарына қосылуы мақсатында өздерінің дауыстарын берсе екен деген тілегіміз бар.

Сайлауға отбасымызбен келдік. Ақ Жайық өңірі қашан да өзінің бірлігімен, ынтымағымен, мәдениетімен, тәртібімен ерекшеленген. Бүгін де солай болады деген сенімдеміз, – деді облыс әкімі журналистерге берген  сұхбатында.

«Ақ Жайық өңірінде сайлау қарқынды өтіп жатыр. Еліміздің өркендеуіне, халқымыздың болашағы үшін өз таңдауымызды жасап, дауыс бердік. Еліміз дамып, өсе берсін! Сайлаған азаматымыз халқымызды жақсылыққа бастасын!», – деп игі ниетін білдірді әкімнің әкесі Сейдір Көлгінов.

№521 сайлау учаскесінің төрайымы Гүлзия Иманбаеваның мәлімдеуінше, аталмыш учаскеге 2 692 сайлаушы тіркелген. Оның 583-інің жасы 60-тан асқандар болса, 58-і 18-ге жаңа толып, алғаш рет дауыс берушілер екен.

– Сайлау учаскесін сағат 7.00-ден бастап аштық. Егде тартқан сайлаушылар да, жастар да белсенділік танытуда. Сайлау учаскесінің жұмысы қалыпты жүріп жатыр, – деді ол.

Біз аталған учаскеге келіп, дауыс берген бірқатар сайлаушыны әңгімеге тартып, пікірлерін білген едік.

81 жастағы зейнеткер Әділ Рамазанұлы – Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі, еркін күрестен КСРО спорт шебе-рі. Еркін күрестен үшінші КСРО халқы спартакиадасының жеңімпазы, КСРО спорт шебері, сан мәрте шетелде күресіп, жеңімпаз атанған әйгілі Әбілсейіт Айхановпен Алматы қаласындағы Дене тәрбиесі академиясында бірге оқып, бірге жаттығыпты. Ол – бұрынғы Тайпақ ауданының тумасы. Әділ Рамазанұлы қазіргі Сырым ауданындағы Правда кеңшарында 50 жылдай жаттықтырушы әрі ұстаз болып қызмет атқарған.

–  «Халық үшін барымды салып жұмыс жасаймын» деген әдепті де білімді үміткерді қолдап, дауысымды бергелі келдім. Сайлау учаскесіне өзім үшін емес, өсіп келе жатқан ұр-пақ үшін, болашақ үшін келдім, – деді ол.

Виктория   КУЛИКОВА, студент:

– Ата-анам, тұрғылықты мекенжайым Орал қаласында болғандықтан, сайлауға Ресейдің Саратов қаласынан арнайы келдім. Саратов мемлекеттік техникалық университетінің 2-курс студентімін. Алғаш рет дауыс бердім. Қарызымды өтегендей күй кешіп тұрмын. Сайлауға қатысып, дауыс беру Қазақстан Республикасының әр азаматының борышы деп білемін. Еліміздің гүлденіп, дамуы үшін өз таңдауымды жасадым.

Мұрат МҰҚАЕВ, Орал қаласының әкімі:

– Сайлауға қатысу әр қазақстандықтың құқығы әрі міндеті деп білемін. Мемлекетіміздің болашағы үшін, одан әрі дамып, көркеюі үшін еліміздегі кәмелеттік жасқа толған әр тұрғын өзінің дауысын беруі керек деп ойлаймын. Мен де бүгін конституциялық құқығымды пайдаланып, отбасыммен бірге келіп, өз таңдауымды жасадым.

Роза КАРИЕВА,  2-топ  мүгедегі,  зейнеткер:

– Елімізде бәрі жақсы болсын, мен секілді мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығы қорғалсын, аналар мен ба-лалардың мәселесі шешілсін деген ниетпен дауыс беруге келдім. Елімізде тұрақтылық пен тыныштық жалғасып, жастардың болашағы  жарқын  болсын  деп  тілеймін!

Марат  ШОРАБАЕВ,  Орал  қаласының  тұрғыны:

– Президент сайлауына қатысу – әр азаматтың еркін таңдауы. Мемлекетіміздің болашақ тағдырын анықтау үшін сайлауға міндетті түрде қатысамыз деген ниетпен дауыс беруге келдік.

*  *  *

Қала орталығында орналасқан №7 орта мектепке қарасты №460 сайлау учаскесіне қала тұрғындары ертемен жинала бастады. Ең бірінші болып сағат таңғы жетіде Нұрлан Қабыкешов дауыс берген. Бұл жерде әдеттегідей түске дейін дауыс берушілердің қатары көп болды. Солардың бірі – Евдокимовтер отбасы еліміздің әрбір тұрғыны сайлауда белсенділік танытуы тиіс деп есептейді. Өз таңдауын жасауға асыққандардың қатарында жастардың көп екендігін байқадық. Сайлау учаскелерінде ең бірінші рет дауыс берген жастарға тәттілер ұсынылды.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов №521 сайлау учаскесінде дауыс берді. «Бүгін – қазақ елі үшін маңызды күн. Бұл – еліміздің болашағы айқындалатын күн. Себебі Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты мен экономикасы билікке келетін Президентімізге байланысты. Сондықтан ел тұрғындарының ертемен келіп, өз таңдауларын жасап жатқаны қуантады. Аға толқынның бала-шағасын ертіп, жақсы көңіл күймен келіп жатқанының куәсі болып тұрмыз. Мен қазақ еліне тек жақсылық тілеймін», – деді журналистермен тілдескен  Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Ермахан САДЫҚОВ,  Жоғары аграрлық-техникалық колледждің  ІІІ курс студенті:

 – Мен мұнай-газ саласында оқимын. Сайлауға келіп, өз дауысымды беру – бұл мен үшін үлкен жауапкершілік. Еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын әр адам өз таңдауын жасап, дауыс беруі керек деп есептеймін. Сайлауға қатысып жатқан үміткерлердің бәрінің сайлауалды бағдарламасымен танысып шықтым. Мұқият қарап, саралап, өз таңдауымды жасадым. Өзіме бағдарламасы ұнаған үміткерге дауысымды бердім. Ең  бастысы,  сайлаудан  әділдік  күтемін.

Серік АМАНАЙ,

Орал қаласының тұрғыны:

–   Мамандығым – аутомеханик. «Сайлау әділ өтсе екен» деп тілеймін. Бұл күн – әр адам өз таңдауын жасайтын маңызды күн.  Еліміздің экономикасын одан әрі  дамытып, әлеуметтік мәселелерге мән беретін, ел-жұртқа жаны ашитын адам Президент болса екен деп тілеймін. Ең бастысы, елімізде тыныштық болсын!

* * *

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да орналасқан №187 сайлау учаскесіне барлығы 2 327 сайлаушы тіркелген. 9 маусым – ҚР Президентін сайлау күні түскі сағат 12-ге дейін 1 092 сайлаушы дауыс беріп үлгерді.

№187 учаскелік сайлау комиссиясының  төрағасы Ринат Окум-бековтың айтуынша, еліміздің болашақ Президентін таңдап, өзі қалаған үміткеріне дауыс беруге келген халықтың белсенділігі сағат санап артқан. Аталмыш сайлау учаскесіне келген сайлаушылардың қатарында жастардың үлесі басым болған. Еліміздің келешегі және әр қазақстандық азаматтың болашағы үшін аса маңызды саяси доданың барысын 17 бақылаушы мен БАҚ өкілі қадағалады. Соның ішінде екеуі – халықаралық бақылаушы. Бұған қоса ҚР Президенттігіне үміткер 2 кан-дидаттың сенімді өкілдері сайлау комиссиясының жұмысын қадағалады. Жалпы, біздің учаске бойынша 1 884 сайлаушы  дауыс берді, – дейді Ринат Серікұлы.

– Біз асарымызды асап, жасарымызды жасаған жандармыз. Аға ұрпақтың тілегі – еліміздің тыныштығы, жұртымыздың амандығы. Түсіне білген адамға бейбіт өмір мен ынтымақтан артық бақыт жоқ. Сайлауға қатысу – азаматтық парызым және ұрпақ алдындағы аталық, әкелік жауапкершілігім. Аяқ астынан облыс орталығына жол шыққан соң, ауылдағы сайлау учаскесінен уақытша тіркеу қағазымды алып, қаладағы сайлау учаскесіне келіп дауыс бердім, –  дейді Қазталов ауданына қарасты  Қараөзен ауылының тұрғыны Ғиниятолла  Әлпейісов.

*  *  *

Орал қаласындағы №47 мектепте орналасқан №416 сайлау учаскесінде тіркелген сайлаушылардың 75 пайызы сағат 14.00-ге дейін дауыс беріп үлгерді. Сайлау учаскесінің төрайымы Дарья Қабдоллиеваның мәлімдеуінше, жалпы тізімдегі 749 сайлаушының барлығы да дауыс берген. Сайлаушылардың басым бөлігі түске дейін өз таңдауын жасап үлгерген.

Үш азамат үй жағдайында дауыс беру туралы өтініш түсірген. Солардың бірі – Мөңкеұлы көшесіндегі 101-үйдің тұрғыны Байжамал Мұқашева. Аяғына жасалған отадан соң жүріп-тұруы қиындаған Байжамал Зәкарияқызы еліміз үшін аса маңызды саяси науқаннан  қалыс  қала  алмапты.

– Отағасы бастап, үйдегілердің бәрі сайлау учаскесіне таңертеңмен барып дауыс беріп келді. Қазақстанның азаматы болған соң сайлауға қатысып, дауыс беру – біздің міндетіміз. Еліміздің өркендеуіне, бала-шағамыздың берекелі өмір сүруіне аянбай еңбек ететін кандидатқа өз дауысымды бердім, – дейді  ардагер  ұстаз.

*  *  *

ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко Орал қаласындағы №447 сайлау учаскесінде  дауыс  берді.

– Бүгін – жанымызды толқытатын, ел Президентін сайлайтын күніміз. Дауысымды елімнің болашағы, қоғамдағы прогресс үшін беруге туған жеріме келдім. Халқымыз  Елбасының даналығымен әрдайым мақтана алады. Ең бастысы, елімізде биліктің сабақтастығы, тұрақтылық, өзара түсінушілік бар және осы қағидаттарды басшылыққа алып, алға қадам басамыз. Қоғамдағы тұрақтылыққа, бейбіт өмірге, «үйіміздегі» көп ұлтты халықтың тату-тәтті тірлігіне, достығына дауысымызды бердік. Өз дауысыңды беріп, азаматтық белсенділікті танытудың мән-маңызы зор. Біле білсек, керемет елде өмір сүрудеміз, Ақ Жайық өңірі ылғи да дамудың, жетістікке жетудің айшықты үлгісін көрсетіп келеді. Ортақ үйімізде тұрақтылықпен, түсіністікпен, мейірімділікпен ғұмыр кешуге жазсын. Тәуелсіздік жылдары көптеген мемлекеттік бағдарлама қабылданып, бүгінде соның барлығы жүзеге асырылуда. Республика басшылығы мен Үкіметі белгілеген міндет-мақсаттар орындалу үстінде. Сондықтан ел ертеңі жарқын боларына сенемін. Президент сайлауына қатысып, дауысымды бергенімді мақтан етемін, – деді Елена  Тарасенко.

*  *  *

«Жайық Пресс» медиахолдингі ғимаратында орналасқан №467 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасауға келген тұрғындар дауыс берді.

Аталмыш учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Нұрсұлтан Мықтыбайдың айтуынша, бұл учаскеге 2 438 сайлаушы тіркелсе, соның 713-і өз таңдауын жасаған.

– Таңертең сайлаушылардың көп болғаны соншалық, кезекте тұрды. Тек түске таман ғана дауыс беруге келушілердің белсенділігі бәсеңдеді. Сондай-ақ үйден дауыс беруге 15 сайлаушы өтініш білдірді, – дейді Нұрсұлтан Ертуғанұлы.

Өз таңдауын жасауға келгендердің бірі – Орал қаласының тұрғыны Алтынғаным Есенғұлова. «Мен үшін қашанда еліміздің тыныштығы маңызды. Сондықтан халықтың мұң-мұқтажына құлақ түретін, еліміздің дамуы жолында аянбай еңбек етеді деп сенім білдірген адамға дауысымды бердім», – деді ол.

«EcoSem» қоғамдық қоры атынан осы учаскеде бақылаушы болып отырған Дәурен Айсиннің сөзінше, ертеңгі  сағат 07.00-ден бастап, кешкі 20.00-ге дейін сайлаудың барлық процесінде ешқандай заңбұзушылық орын алмаған.

№467 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері Азамат Айсағалиев және Сәбит Айтқожинмен бірге үйден дауыс беруге өтініш білдірген қала тұрғыны – 95 жастағы Бәтима әжейдің  үйіне  бардық.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, әжей орнынан тұра алмайды. Сондықтан еліміз үшін маңызды оқиғадан тыс қалмайық деп, үйден келіп дауыс алуға өтініш жазған едік. Келгендеріңізге көп рақмет! Еліміз аман, жеріміз тыныш болып, сайлаудың әділ өтуіне тілекшіміз, – деді Бәтима әжейдің келіні Қалуа Серғазиева.

Сондай-ақ осы күні Орал қаласындағы №478 сайлау учаскесінде тіркелген сайлаушылар да өз таңдауларын жасады. Сайлау учаскесінің төрайымы Ләззат Сағынғалиеваның сөзінше, тіркелген 2 571 сайлаушының 620-сы түскі сағат 13.30-ға дейін дауыс берген. 20 адам үй жағдайында дауыс  беруге  өтініш  түсірген.

«Ұлт тағдыры» қозғалысы атынан бақылаушы міндетін атқарған Қуанышбай Құтжанов күллі әлем көз тігіп, бақылап отырған бұл сайлау әділ өтуге тиісті екенін айтады. «Сайлаудың маңыздылығын жастар да жақсы түсінсе керек, таңертеңнен бері дауыс беруге көптеп келуде. Жастардың еліміздің болашағы үшін алаңдап, саяси науқанға белсене араласқандары қуантады», – дейді ол.

53  ескерту  жасап, үш  акт  толтырды

Оралдағы «Аманат» азаматтық платформасы штабы тәуелсіз бақылау жұмыстарының нәтижелері жөнінде есеп берді.

«Аманат» қоғамдық ұйымы еліміздегі кезектен тыс ҚР Президенті сайлауы үдерісіне қоғамдық мониторинг жүргізу мақсатында құрылған еді. Оның БҚО-дағы бөлімше кеңсесінің жетекшісі Асхат Өкшебаевтың айтуынша, «Аманат» – өткен президенттік сайлауда біреудің мүддесін көздеу үшін емес, сайлаудың өту барысын, қалай өткендігін, дауыс берудегі тұрғындардың белсенділігін және қандай құқықбұзушылықтар орын алғаны жайында  мониторинг жүргізу үшін құрылған ұйым. Өкілдік бақылаушыларға арнап 9 рет семинар-тренинг, бірінші рет сайлауға қатысатын жастардың құқықтық сауаттылығын арттыратын төрт жиын, зиялы қауым өкілдері және ҮЕҰ-мен алты кездесу, азаматтардың болашақ Президентке жолдаған бес аманаты бойынша бейнебаян түсіру жұмыстарын ұйымдастырған және өзге де шараларға ұйытқы болған. Бастысы,  бақылаушылар даярланған, кешегі өткен сайлауда сол жұмыстардың пайдасы тиген.

– БҚО-дағы 519 сайлау учаскесінде «Аманат» азаматтық платформасының 541 бақылаушысы сайлау процесін бақылады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері, журналистер, қоғам белсенділері, жастар, еріктілер болды. Мониторинг жасау жұмыстарын үйлестіру мақсатында облыста 38 (Оралда – 26, аудандарда – 12-сі) мобильді капитан, бес үйлестіруші, БАҚ-пен байланыста жұмыс істейтін 12 ерікті және заңгерлер жұмыс істеген. Таңғы сағат бестен алтыға дейін сайлау учаскелерінің дайындықтары тексеріліп, алтыдан жетіге дейін урналардың бекітілуі, сайлау бюллетеньдерінің, тізімдерінің дайындығы қадағаланып, сайлау учаскелері жетіден бастап жұмыстарын бастап кетті. Облыстағы барлық сайлау учаскесі жұмыстарын уақтылы бастады. Таңертеңгілік сағат 9 бен 12-нің арасында дауыс беруші азаматтардың учаскелерге көп келуі тіркелді. Соның нәтижесінде кейбір сайлау учаскесінде сайлаушылар кезекке тұрған жағдайлар болды. Біздің бақылаушылар осы кезекке қатысты ұсыныс-ескертпелерін айтып, түйткілді мәселелер көп кешікпей шешілді, – деді Асхат Өкшебаев.

Есеп беру жиынында мәлім болғанындай, БҚО бойынша «Аманаттың» тәуелсіз бақылаушылары сайлау процесі барысында 53 ескерту беріп, үш акт толтырған. Ескертулер, негізінен, сайлау науқанын ұйымдастырудағы кемшіліктерге, ақпараттарды берудегі шабандыққа, сайлау учаскелері жұмысының «өгізаяңдығына» байланысты берілген.

Бір акт Шыңғырлау ауданындағы сайлаушы азаматтың екі қызымен бірге кабинаға кіріп кетуіне қатысты  толтырылған. Екі акт Орал қаласына тиесілі, яғни дауыс беруші тұлғаларға сайлау учаскесінің өзгертілгені жөнінде ақпарат берілмеген және шақыру қағаздары үлестірілмеген. Үш акт сайлау учаскелеріне, Орталық сайлау комиссиясына жолданған. «Аманаттық» бақылаушылар  сайлау уақыты біткеннен кейін де сайлау учаскелеріндегі бюллетеньдер санағына қатысып, хаттамалар шығарылғанға  дейін бақылап, тиісті ақпараттарды жолдап отырған. «Сайлау қалыпты жағдайда өтті деуге болады», – деп қорытты  А. Өкшебаев.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ, Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, 

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,  Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,  Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар