10.06.2019, 22:24
Қараулар: 16
Хан құдығы қалыпқа келтірілді

Хан құдығы қалыпқа келтірілді

Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының ауласында хан құдығы қалпына келтірілді.

Тарихқа шегініс жасасақ, Жәңгір ханның қолға алған ісінің бірі – қуаңшылық жерлерді суландыру үшін бөгет пен артезиан құдықтарының жүйесін салдыру болған. Осы мәселе жөнінде Мемлекеттік мүлік министрімен байланыс жасаған. Мемлекеттік мүлік министрлігі ханның бұл ойын қолдап, оны жүзеге асыру үшін керекті құрал-жабдықтарды Парижден тапсырыспен алдырған. Бұл жұмысты жүргізуге Дерпт университетінің түлегін арнайы шақыртқан екен. Хан Жәңгір ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында екі үлкен құдық қаздырған. Міне, хан Жәңгір бастаған жүйелі жұмыс бүгінде өз жалғасын тапты. Құдық орны Хан ордасының картасына сәйкес, сол орыннан қазылып, реконструкция жасалған.

Шараның ашылуында «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы төрағасының орынбасары, аудан-дық мәслихат депутаты Тілеген Арыстанбеков тарихты түгендеу келешек үшін ғибратты да, сауапты іс екенін айтты. Аталмыш музей ауласында хан құдығын қайта қалпына келтіруге бастама көтеріп, аталған құдықтың және Бөкей мен Шығай хандардың мөрлерінің музейлік атрибуциясын жасаған әлФараби атындағы ҚҰУ-ның археология-этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Картаева болатын.

– Әл-Фараби атындағы ҚҰУ  археология-этнология, музеология, тарих бағытында үлкен екі жобаны жүзеге асырып отыр. Соның бірі – Қазақстанның архивтік аймақтарын сумен қамтамасыз ету дәстүрлері деп аталады. Осы жобаға өзім жетекшілік жасаймын. Әр жобаға бірнеше ғалым жетекшілік жасауда. Былтыр ғылыми сапармен Бөкей ордасына келген болатынмын. Ол кездегі сапарым барлау жұмысы болды. Міне, сол барлау жұмысының нәтижесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Біз бұл ауданды құмды-шөлді аймаққа жатқызамыз. Ертедегі халықты да, малды да ауыз сумен қамтамасыз еткен су көзі құдық болды. Құдық – аспан астындағы тарихи ескерткіш. Зерттеу барысында құдықтың түр-түрін танып білдім. Тарихи дерек бойынша бұл жерде екі құдық болған. Бірі – Хан сарайының артында, екіншісі, осы жерде болған екен. Ағаш шатыры да болған. Бұл құдық қарағайдан жасалды. Алматыда арнайы ағаш шелек пен ағаш саптыаяқ жасаттық. Осы іске қолдау білдірген музей қызметкерлеріне, орман шаруашылығының басшысына, ауыл тұрғындарына ризашылығымды білдіремін, – деді Тәттігүл Ерсайынқызы.

Тәттігүл Картаева университеттің «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» жобасы аясында Бөкей (1812-1815) мен Шығай (1816-1824) хандардың мөрлерінің қайта қалпына келтірілген нұсқаларын музей қорына табыстады. Айта кетерлік тағы бір мәлімет, мөрді және құрсаулы ағаш шелек, шелек сабын, су ішетін саптыаяғын қайта қалпына келтірген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Т. Жүргенов атындағы Ұлттық өнер ака-демиясының сәндік қолданбалы өнер кафедрасының аға оқыту-шысы, реставратор Естай Даубаев пен аға оқытушысы, реставратор, ағаш шебері Мақсат Мағзомов екен. Мөрлердің жаңартылған нұсқалары күмістен соғылған. Хан құдығы бұрынғы қалыппен шетенмен қоршалған.

Хан ордасы ауылының тұрғыны, зейнеткер Ахметкерей Салауатов бастамаға алғысын білдірді. Облыстық Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей қорығының директоры Ғайса Махимов жиналғандарды құттықтап, осы бастамаға көмектескен Т. Картаеваға, Е. Даубаевқа, М. Мағ-зомовқа алғысхат табыс етті.

Қайта қалпына келтірілген хан құдығының лентасын көп жыл музейді басқарып, музей ауқымын кеңейтіп, елге танытқан Т. Махымовтың жары Разия Жаманғарина мен осы құдықты қалпына келтірген ағаш шебері Жандарбек Бегеев қиды. Тұрғындар хан құдығының ауыз суынан су ішіп, дәм татты.

Айша   ҚҰРМАШ,

Бөкей   ордасы   ауданы