10.06.2019, 22:22
Қараулар: 257
ЖАПОН СОҒЫСЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

ЖАПОН СОҒЫСЫНА ҚАТЫСҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

1941-1945  жылдардағы  Ұлы  Отан соғысында  ер-азаматтармен  бірге қазақтың  қыздары  да  жауынгер,  қаһарман халықтың  ұрпағы  ретінде  өздерінің  Отанға  деген  адалдығын  әлемге  паш етіп, халқымыздың  ұлттық  мінезі  мен қадір-қасиетін  дүние жүзіне  танытты.

Үш ғасырға жуық отарланушы ұлт болған қазақтың ұлттық тарихындағы көлеңкелі  беттердің  бірі – ХХ ғасырдың  қасіреті саналатын Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан тарихы.

Кеңес одағы әскерінің құрамында ерлермен бірге сұрапыл  соғысқа қатысып, ерліктің теңдесі жоқ үлгісін көрсеткен қазақтың жауынгер батыр қыздарының санын, олардың әскери өмір тарихын, соғыстан соңғы тағдырын әлі анықтай алмай жүрміз. Бұл – бүгінгі тарихшы ғалымдарды ойландырып жүрген басты мәселелердің бірі. Өйткені ұлттық тарихымызды тарихи архив деректері негізінде  зерделеу мүмкіндігі туған бүгінгі уақыт кезеңінде біз ұлтын әлемге танытқан қазақтың батыр қыздары Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұловамен шектеліп қалмайтынына  көзіміз жетіп отыр. Мәселен, қиыршығыстық кеңес жауынгерлерінің құрамында Қытай жеріндегі жапондықтармен соғыста қазақ қыздары да жауынгерлік ерліктің үлгі-өнегесін көрсетті. Алайда Қиыр Шығыс майданына қатысқан жауынгер қазақ қыздары ұзақ уақыт көпшілікке беймәлім болып келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әскери архив құжаттарының ашылуы, соғыс ардагерлерінің естеліктері мен ғылыми зерттеу еңбектердің кеңінен жариялануы нәтижесінде ғана  олар туралы айтыла бастады.

Қиыр Шығыс майданында Квантун армиясын талқандауға қатысқан әскери көлік жүргізуші – Сұлуқия (Слухия) Сарқұлова. Бүгінгі қазақ қоғамында қыз-келіншектердің аутокөлік жүргізуі үйреншікті болғанымен, соғыс жылдарындағы нәзік жандылар үшін бұл сирек құбылыс болатын.

Сұлуқия Жұмағұлқызы 1923 жылы 9 мамырда Орал облысының Жаңақала ауданында дүниеге келген. Кейін ата-анасы Камен (Тасқала) ауданына қоныс аударады. Сұрапыл соғыс  басталар  алдында 1941 жылы 15 маусымда төрт кластық білімі бар Слухия Переметный ауылындағы жүргізушілер курсына оқуға жіберіледі. 1942 жылы 15 қаңтарда курсты тәмамдап, ауылға келген соң ол техника жөндеушісінің (механик) көмек-шісі болып жұмысқа кіріседі. Сөйтіп, көлік жүргізуші қыз 1942 жылы жазда өз еркімен сұранып, Қиыр Шығыс майданына аттанады.

1945 жылы 9 мамырда Германиямен соғыста жеңіске жеткен Кеңес одағы Жапониямен нейтралитет пактісінің күшін жойып, Моңғолия қарулы күштерімен бірлесе отырып, 1945 жылы 9 тамызда Жапонияға қарсы соғысқа кірісті. Соғысқа 1,5 млн. әскери күш жұмылдырып, 5 мың шақырымға созылған кеңістікте әскери операция жүргізді. Кеңес әскерлері Солтүстік-Шығыс Қытай, Солтүстік Корея, Оңтүстік Сахалин түбегі, Курил аралдарын  Жапонияның сұрыпталған Квантун армиясынан азат етті. Міне, осы ұрыстар арасында әскери көлігімен Слухия Сарқұлова да жүрді. Ол №189 автотранспорт полкінің №600 ұшақтарға қызмет көрсету батальонында   әскери машинамен мина, снарядтар тасыды, бомбалаушы ұшақтарды  сүйреп  қыздырды.

Өзінің жауынгерлік өмір жолдары туралы жазған ғұмырбаянында майдангер ана: «Әскери өмірім Қиыр Шығыстағы Хабаров өлкесінің Иман қаласынан басталды. Кеңес армиясы қатарында 1942 жылдың 23 маусымынан ұшақтарға қызмет көрсету батальонында қызмет еттім.  Соғысты жапон елінің Ханкель портында аяқтадым. Жарақатым жоқ. Шенім – ефрейтор. Соғыстың алғашқы кезеңінде орыс тілін білмей қиналдым. Бірақ орыс полктастарым маған үнемі көмектесіп отырды. Майданда көрген қиындық пен азапты күндерім ұмытылмайды. Бір күні қасымдағы жүргізуші Анна Фадеева екеуміз үш күн адасып, бөлімшені зорға тапқанымыз әлі есімде. Ас-сусыз  адасып жүргенде жолдан  жапон галетін (ұннан жасалған печенье) көріп жегенбіз. Галет уланған болып шықты. Мен қатты ауырдым. Бірақ Анна мені далаға тастамады. Жолдағы бір ауылға апарып, әрең дегенде сүт тауып әкеліп, емдеп есімді жиғызды», – деп жазады.

1945 жылы 2 қыркүйекте Жапония сөзсіз тізе бүгу туралы актіге қол қойып, дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды. Ал Қиыр Шығыс майданында  әскери көлік жүргізген С. Сарқұлова 1945 жылы аман-сау елге оралды.  Бейбіт өмір тіршілігіне араласып, ауылда ветеринарлық санитар, далалық бригада есепшісі сияқты түрлі қызметтер атқарған ол 1950 жылы коммунистік партия қатарына өтті.

1953 жылы 3 наурызда өзі тұратын  Подтяжки ауылдық кеңесінің төрайымы болып тағайындалған ол бұл қызме-тін зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін ширек ғасыр бойы атқарды.  Өмірден түйгені көп, қарапайым жауынгер ана бірнеше рет облыстық, аудандық кеңестердің депутаты болып сайланып, қоғамдық  өмірге белсене араласты.

Майдангер С. Сарқұлова Ұлы Отан соғысының мерекелік медальдарымен қатар, «Тың жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен және 1973 жылы «Социалистік жарыс жүргізушісі» («Водитель социалистического соревнования») белгісімен, сондай-ақ кеңестік қоғам қайраткері ретінде «Құрмет белгісі» орденімен   марапатталды.

Осылайша ел үшін еңбек етіп, халық құрметіне бөленген Сұлуқия (Слухия) Жұмағұлқызы 1998 жылы 15 тамызда 75 жасқа қараған шағында өмірден озды. Міне, Ұлы Отан соғысына қатысқан Слухия Сарқұлова сияқты қазақ қыздарының өнегелі өмірі бүгінгі жас ұрпақты адамгершілікке, отаншылдыққа тәрбиелеудің басты  үлгі-өнегесі болып табылады.

Бақтылы   БОРАНБАЕВА, 

М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ-дың  доценті, 

тарих  ғылымдарының  кандидаты

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар