10.06.2019, 22:20
Қараулар: 13
Төрт жұлдызды қонақүй салынуда

Төрт жұлдызды қонақүй салынуда

Оралда  Құрманғазы көшесі,  84  мекенжайындағы сүрілген «Ақжайық» қонақүйінің  орнына  жаңа  төрт жұлдызды  қонақүйдің  құрылыс  жұмыстары  басталды. Соған  орай  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  құрылыс алаңына  капсула  салды.

Облыс әкімі жиналған қауымды игі істің басталуымен құттықтап, бұл  шаруаны бастауға инвестор іздестірілгенін, жергілікті инвестор мемлекеттің қолдауымен қонақүй жобасын жандандыратынын айтты. «Алдағы уақытта құрылысты сапалы етіп салып, халықтың пайдалануына тапсыруымыз қажет. Оралда барлығы бар, бірақ осындай халықаралық дәрежедегі қонақүй жетіспейтін еді. Енді ондай нысан болады, оның үстіне облыстың туристік әлеуеті зор, тарихымыз терең. Шаһарда әлемдік стандартпен қонақүй салынса, облыс орталығының деңгейі көтеріледі, инвестициялық тартымдылығы күшейеді. Себебі Орал – Еуропа құрлығында тұрған Қазақстан қалаларының бірі. Инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қаламызда заманауи қонақүйдің ашылғаны маңызды», – деді  Алтай Көлгінов. Сондай-ақ Ақсай қаласында «Холидей Инн» қонақүйі салынады және Оралдан тағы бір қонақүй құрылысын салуға инвесторлар іздестірілуде. Өйткені қала аумағы кеңейіп, өңірдің инвестициялық тартымдылығы күн санап өсіп келеді.

– Елбасы қолайлы инвестициялық климат қалыптастырды. Сондықтан бізде ірі консорциумдар, трансұлттық корпорациялар жұмыс істейді. Жақында «Орал» әуежайының терминалын реконструкциялау жұмыстары жүргізіледі. Барлық құжаты дайын, конкурс өтті, келісімшартты «ҚПО б.в» компаниясы жасайды, қаржы бөлінген. Терминалды жөндеп, тиісті қалыпқа келтіреміз. Қазір оның аумағы 3,5 мың шаршы метр болса, жөндегеннен кейін екі есеге өсіп, жеті мың шаршы метрді құрамақ. Жаңа әуе қатынастары ашылады. Өткен жылы Орал – Франкфурт,  Орал – Мәскеу бағытына тікелей рейс аштық. Атырау, Ақтау бағытына әуе қатынасы орнатылды. Осының барлығы тұрғындардың қолайлы тірлігі үшін жасалуда. Жақында өңірімізде іссапармен болған мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға инвестиция тартудың маңыздылығына назар аудартты. Сондай-ақ тұрғындарға және қонақтарға да қолайлы жағ-дай жасауды тапсырды, – деді Алтай Көлгінов.

Шарада сөз алған «Отырар тревел» ЖШС БҚО филиалының директоры Әсел Қаменова Оралда төрт жұлдызды қонақүй салудың туристік инфрақұрылымды дамытудағы маңыздылығын, Жайықтың жағасындағы көрікті әрі тарихи қаланы аралауға келетін туристер ағынын қарсылауға мұндай нысанның қажеттілігін айтып, жобаға сәттілік тіледі. «GRAND HOTEL Service» ЖШС директоры Жақсылық Саматовтың айтуынша, Hilton халықаралық франшизасы бойынша салынатын (14 мың шаршы метрлік) қонақүй 123 нөмірлі болмақ. Оның ішінде бесеуі –  люкс, 105-і стандартты, 13-і апартамент, екеуі мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайланып жабдықталмақ. 25 және 400 орындық екі конференция залы, 250 орынға  арналған Ballroom жасақтау жоспарда. Сегізінші қабатта ашық аспан астындағы sky-бар болады.

Бассейн, spa, фитнес орталығы да қарастырылған. «Жобаны жүзеге асыру барысында 300 жұмыс орны ашылады, одан кейін жаңа қонақүйде 200 адамға жұмыс орны  ашылмақ. Жобаның құны 12 млн. доллар көлемінде. Жартысын «Даму» қоры арқылы екінші деңгейлі банктерден несиемен алмақпыз. Құрылыс жұмыстары басталды, нысанды 2021 жылы пайдалануға тапсырамыз», – деді Жақсылық Саматов.

Құрылыс жұмыстарының барысымен танысқан облыс басшысы бұдан кейін іргелес, Құрманғазы көшесіндегі №82 үйдің жай-күйін көрді, тұрғындармен жүздесті. Салынғанына 135 жыл болған және соңғы 60-70 жыл ширегінде еш жөндеу көрмеген бұл  апатты баспана «Тұрғын үй шаруашылығын  жаңғырту» бағдарламасы бойынша сүріліп, оның орнына жаңа нысан салынбақ.

Инновациялық  алаң  ашылды

Жұма күні облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен Smart Uralsk ғимаратында БҚО-ның «IT HUB» IT-мамандарға арналған  инновациялық алаңы ашылды.

Өткен жылы облыста «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын тиімді жүзеге асыру мақсатында цифрландыру мәселелерімен айналысатын жаңа басқарма құрылған болатын. Басқарманың жаңа кеңсесі жергілікті атқару құрылымдары жұмысының ашықтығын, мөлдірлігін бейнелейтін  «оpen space» форматында жасақталған. Жұмыс кеңістігін қолайлы ұйымдастыру, мемлекеттік қызметкерлердің үйлесімді ұжымдық жұмысы өзінің тиімділігін көрсеткен. Облыс әкімі кеңсе жұмысын осындай форматта ұйымдастыруды өзге де мемлекеттік  мекемелерде  жалғастырудың  қажеттігін  атап  өтті.

Облыстың цифрлық трансформациясы экономиканың басты салалары бойынша 100-ден астам жобаны қамтиды. Бұл шаруаның барлығы өңірді дамытуды және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуды көздейді.

Облыс басшысының өңірдің инновациялық экожүйесін құру тапсырмасы негізінде дүниеге келген «IT HUB» алаңы цифрландыру  бастамаларын,  стартаптарды жинақтайды, цифрлық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. «IT HUB» алаңы индустриалдық аймақтың шағын форматы ретінде резиденттерге оның аумағында тіркелуге, коворкинг аймақты, кеңестік қызметтерді және мемлекеттік қолдау-көмекті  пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл жоба БҚО IT ассоциациясымен, «Орал» ӘКК және БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасымен бірлесіп, жеке инвестиция есебінен  жүзеге  асырылды.

 «IT HUB»-тың бірінші жобасы – «IKomek 109» қалалық қызметтің бірыңғай сall-орталығы, бұл жоба коммуналдық қызметке қатысты түйткілдерді жылдам шешуге, тиісті орындардан ресми жауап алуға және тұрғындарға қызмет көрсету сапасының деңгейін көтеруге бағытталған.

– Камера арқылы адамның қандай көңіл күйде екенін анықтауға болатын бағдарлама жасақтадық. Интернеттен 20 мың фотоны жинап, бағдарламаға салып көрдік. Енді ол 75% дәлдікпен адамның көңіл күйін түсініп, ақпаратын шығарады.  Мысалы, халыққа қызмет көрсету барысында, екінші деңгейдегі банктерде клиентпен сөйлесіп  отырғанда екі тараптың бірінің көңіл күйі күрт нашарлап кетсе, неге олай болғанын білуге болады. Яғни қызмет көрсету сапасына сараптама жасайды, бұл бағдарламаны телекоммуникациялар саласында қолдануға болады. Менімен бірге бес бала жұмыстануда, – деді жобаның авторы, Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Ержан Жамашев. Облыс әкімі НЗМ шәкірттерінің бағдарлама жобасына қолдау-көмек болатынын, одан әрі жетілдіріп, таратуға болатынын айтты. БҚО ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқар-масының басшылығы да мұндай бағдарламаны «Ашық әкімдік» жұмысына пайдаланып көруге ықылас білдірді.

Сондай-ақ басқосуда «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айғожаұлы  Ресейдің Самара авиациялық-инженерлік орталығымен бірігіп, «Гидроприбор» ҒЗИ» АҚ кәсіпорнында ұшқышсыз ұшатын ұшақ жасағандарын, оған қажетті маман даярланғанын әңгімеледі. Ондай аппаратпен енді халыққа қызмет көрсетілмек.

Жаңа  цех  құрылысы алаңына  капсула  салды

Облыс басшысы «Орал трансформатор зауыты» ЖШС-да болып, трансформаторларға арналған салқындатқыш панельді радиаторлар шығару жобасы шеңберінде жаңа цех құрылысының алаңына капсула салды.

– Елімізде өңдеу өнеркәсібін дамытуға көңіл бөлінуде. Облыста машина жасау саласын дамыту әлеуетінің мықты және базасының бар екенін ескере отырып, көптеген кәсіпорында осы бағытта жұмыстар жалғасуда. Бұрын бос тұрған «Омега» зауытының өндірістік алаңында трансформаторлар өндірісі жолға қойылды. Жылына 10 мың трансформатор шығаратын кәсіпорын өнімінің 96%-ы Ресейге экспортқа шығарылады. Зауыт базасында түрік инвесторларымен бірге электрқалқан жабдықтары өндірісі ұйымдастырылды.  Енді өндірістегі өнімдер  түрін молайту және трансформатордың өзіндік құнын арзандату мақсатында 35-110-220-500 кВ-тық трансформаторларға арналған салқындатқыш панельді радиаторлар шығару жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру электр техникалық машина жасау саласының дамуына үлес қосып, сырттан тасымалданатын осындай өнім көлемін азайтуға мүмкіндік береді, — деді Алтай Көлгінов салтанатты шарада.

Жиында  «Зениттехсервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айғожаұлы сөз алып, жобаға сәттілік тіледі. «Электр техникалық жабдықтар шығаратын өндіріс орнына жұмысшы мамандарды колледжде, инженер-электртехниктерді университеттерде даярлау қажет. Білікті мамансыз сапалы өнім шығару қиын», – деді К. Айғожаұлы.

«Орал трансформатор зауыты» ЖШС-ның басқарушы директоры Ақжол Сауранбаевтың айтуынша, елімізге панельді радиаторлар шығарылмайды. Жалпы жобаға 4 млрд. теңге шамасында инвестиция жұмсалмақ. Жаңа өндірістік цехта жылына 3000 тонна өнім шығару көзделген. Өнімнің 30%-ы елімізге, ал 70%-ы сыртқа шығарылмақ. Цех құрылысы биыл басталып, бір жыл көлемінде аяқталмақ. Бүгінде зауытта 250 адам еңбек етеді. Жоба іске қосылғанда 110  адамға  жұмыс  беріледі.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар