10.06.2019, 22:17
Қараулар: 309
ЖАЙЫҚ ПЕН ЖАПОНИЯ АРАСЫН ЖАЛҒАҒАН АРМАН

ЖАЙЫҚ ПЕН ЖАПОНИЯ АРАСЫН ЖАЛҒАҒАН АРМАН

Білімге құштар қыз-жігіттердің шекара асып, мемлекеттің есебінен тегін білім алуына, өмірлік құнды тәжірибе жинауына септігін тигізер «Болашақ» бағдарламасы, шетелдік университеттер мен еліміздегі ЖОО-лар арасындағы өзара студенттер алмасу, академиялық ұтқырлық бағдарламаларының бүгінгі жастарға берері мол. Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақтың Ұлттық университетінде осы бағытта қолға алынған бастамалар нәтижесінде шығыстану факультетінің 3-курсын тәмамдаған жерлесіміз Гүлден Тапенова оқуының соңғы жылын Жапонияның ең үздік білім ордасы – Васеда университетінде жалғастыру мүмкіндігін иеленді.

Гүлден Ақжайық ауданының орталығындағы Абай атындағы мектеп-гимназияны 2016 жылы «Алтын белгімен» тәмамдап, арман қала – Алматыны бетке алады. Ол мектеп қабырғасында жүріп ағылшын тіліне ерекше қызығушылық танытып, болашақта шет тілі маманы боламын деп ұйғарған.

– Біздің сапалы білім алып, қашанда үздік көрсеткіш көрсетуіміз – Абай атындағы мектеп-гимназия ұжымының еңбегі. Ал ағылшын тіліне деген ынта-ықыласымды оятқан – мектебіміздің білікті басшысы әрі ағылшын пәнінің мұғалімі Светлана Оразова. Светлана Қошанқызының пәнді үйретудегі шеберлігі, адами келбеті жаныма жаққаны сондай, ұстазды жақсы көру арқылы ағылшын тілін де айрықша жақсы көріп кеттім, – дейді ол.

ҚазҰУ-дың қабырғасында бағыт таңдау қажеттілігі туындағанда Гүлденнің жапон тілін таңдауына университет оқытушылары – Ләйла Нұрсейітова, Самал Боранқұлова, Самал Кадикованың ықпалы зор болған екен. Жапон тілі әлемдік деңгейдегі дамыған іргелі елдің тілі болғандықтан және елімізде жапон тілінен аударма жасайтын білікті мамандар тапшы болғандықтан да осы тілді меңгеруге бел буыпты. Таңдауына еш өкінбейтін ару – бүгінде қатарының алды, оқу озаты. Ол Қазақстанда жапон тілінен өткен ХХІ шешендік өнер сайысында жүлделі 3-орын иеленіп, Қырғызстанда ұйымдастырылған Орта Азия шешендік өнер сайысына қатысып қайтқан.

– Шетелде білімімді жетілдіруді әуелден армандайтынмын. Арманымның жүзеге асуы үшін білім жолына бар күш-жігерім мен уақытымды сарп еттім. Қазақтың Ұлттық университетінің шетелдік білім ордаларымен жасасқан өзара ынтымақтастық туралы келісімшарты негізінде үздік студенттердің шет мемлекеттерде білім алуына жағдай жасалған. Дәл сондай мүмкіндік бізге де беріліп, ІІІ курсты тәмамдар тұста арнайы тест тапсырып, конкурстық негізде шетелдік озық оқу орындары ұсынған грант иегерлері анықталды. Әлемдегі ең мықты ЖОО-лар ұсынатын шәкіртақы мөлшерлері де, жасайтын жағдайлары да әр түрлі. Бірі шығынды жартылай өтесе, енді бірі белгілі бір көлемде жеңілдік ұсынады. Кейбір студенттер өз қаражаттарымен оқып келетін де жағдайлар көптеп кездеседі. Маған осы гранттар арасындағы ең үздігі – Heiwa Nakajima қоры ұсынған Васеда университетінің шәкіртақысы бұйырды. 1992 жылы құрылған аталмыш қор менің бір жылдық оқуымның шығынымен қоса, жататын орным мен жүріп-тұру шығынымды, құжат жинауға және екі ел арасында ұшаққа кететін жол шығынын да толықтай өтейді. Нақтылар болсам, маған ай сайын 120 мың йен, теңгеге шаққанда 400 мың теңге шамасында шәкіртақы төленеді.

Мен білім алуға бет алған Васеда университеті – Токио қаласында орналасқан ең үздік жекеменшік университет. 1882 жылы құрылған аталмыш білім ордасы Жапониядағы жетекші университеттер арасында үздік жиырмалық қатарынан түспей келеді. Әлем бойынша беделді білім ордасы саналатын университет қабырғасында әйгілі жапондық жазушы және аудармашы Харуки Мураками білім алған, сонымен қатар саяси ортаның зиялы қауымы, ең мықты саясаткерлер түгелдей дерлік осы оқу орнынан түлеп ұшқан. Білім сапасы бойынша әлемдегі үздік 200 оқу орны қатарынан ойып тұрып орын алған Васеда университетін бітірген жастарға кез келген елдің еңбек нарығында сұраныс жоғары екендігі арнайы зерттеулер негізінде анықталған, – дейді Гүлден.

Әлемдегі үздік оқу орнынан алған білімін, мүмкіндік болса, сол елдің магистратурасында жалғастырып, Жапонияда екі жылдай тәжірибе жинағаннан кейін Отанымызға оралып, ел игілігі үшін еңбек етуді мақсат тұтқан арманшыл ару жапон тілін мінсіз меңгерген ең мықты аудармашы атануды қалайды. Асқақ арман жолында жетістікке жету үшін талмас талап пен білімге деген сарқылмас құштарлық қажет деп санайтын Гүлден жастар тіл үйреніп, еліміздің өркендеуі жолына үлес қосуы үшін өркениетті елдер тәжірибесін тануы тиіс дейді.

– Қазіргі жастар арасында «Шет тілді үйрену керек еді» деумен шектелу көптеп кездеседі. «Керек еді» деген құр сөзден бұрын шынайы қызығушылық қажет. Тіл меңгеремін деген жан үшін мүмкіндік мол, таңдау көп қазір. Өз басым шет тілді үйрену барысында сол тілде түсірілген фильмдерді субтитр арқылы үзбей қараумен болдым. Бұл, біріншіден, сөздердің орынды қолданылуын ұқтырса, екіншіден, айтылу нұсқасын да есте сақтауға тиімді. Жалпы алғанда, заман ағымы күн санап өзгеріп жатқан қазіргідей кезеңде білімді жанның бәсі биік. Сол себепті де қазақ жастары әлемдегі ең үздік оқу орындарында оқып, жиған білім-білігі мен тәжірибесін ел игілігіне арнаса, Қазақстанның дамыған елдер қатарынан табыларына сенемін, – дейді Гүлден.

Аяужан   КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар